Өнер – ұлттың жаны, ал, мәдениет – рухани келбеті
«Өнер мен оны мәдениетке айналдырмаған халықтың әдебі жоқ. Әдебі жоқ халықтың бары не, жоғы не?» деген екен мәдениеттанушы ғалым, жазушы Тұрсын Жұртбай.
Өткен сейсенбі, 21 мамыр – Мәдениет және өнер қызметкерлерінің күніне орай облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Әбіл Жоламановпен кездесіп, салада атқарылып жатқан жұмыстарды саралап, болашаққа жоспарланған іс-шаралар жайлы сұхбаттасқан болатынбыз.
– Әбіл Тауфихұлы, қазір басқармаға қарасты мәдениет мекемелерінің жағдайы қалай?
– Күні кеше мәдениет және өнер қызметкерлерін құттықтаған сәтінде Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Мәдениет пен өнер – ел өміріндегі өте маңызды сала. Өнер – ұлттың жаны, ал, мәдениет – рухани келбеті» деп атап өтті.
Бүгінгі күні Атырау облысында мәдениет саласында 242 мекеме бар. Оны тарата айтқанда, 2 театр, 2 концерттік мекеме, 139 кітапхана, 82 клуб, 14 жергілікті, 1 республикалық музей және халық шығармашылығы орталығы мен тарихи-мәдени мұраны зерттеу орталығы. Ал, осылардың ішінен 2 театр, 2 концерттік мекеме, 2 облыстық кітапхана, 9 филиалы бар 2 облыстық және 4 аудандық музей, халық шығармашылығы орталығы мен тарихи-мәдени мұраны зерттеу орталығы және «Тіл» оқу-әдістемелік орталығы, барлығы 15 мемлекеттік мекеме облыстық басқармаға бағынышты. Оларда жұмыс істейтін 2683 қызметкердің 1386-сы шығармашылық қызметте.
Қазақстан Республикасының мәдени саясатының 2023-2029 жылдарға арналған жаңа тұжырымдамасына сәйкес, ауыл тұрғындарының мәдени сұраныстарын қамтамасыз ету және халықтың өнер ордаларына қолжетімділігін арттыру мақсатында облыста жаңа мәдениет нысандарын салу қарқынды түрде жүзеге асуда. Бүгінгі күні 5 елді мекенде салынып жатқан мәдениет үйінің 4-еуі «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасының негізінде бой көтермек.
2022-2023 жылдары Құрманғазы және Қызылқоға аудандарының Хиуаз және Тасшағыл ауылдарында 300 орындық мәдениет үйі пайдалануға берілді.
Жылдың басында Атырау қаласында жаңадан Атырау жастар театры ашылып, жұмысын бастап кетті. Жыл сайын бюджеттен мәдениет ошақтарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға қаржы бөлініп отыр. Атап айтқанда, былтыр облыста гала–концерттер және аспан астында өтетін түрлі мәдени шараларға арналған соңғы үлгідегі мобильдік сахна алынды.
– Бұл саланың жағымды жаңалықтарға толы екенін білеміз. Жергілікті өнерпаздар қандай байқау-конкурстарға қатысса да, қанжығалары майлы, байрақпен оралады. «Жақсының жақсылығын айт – нұры тасысын» демекші, жетістіктеріңізді де айтып отырыңыз.
– Жергілікті шығармашылық мекемелері қызмет бағыттарына қарай түрлі жанрдағы фестиваль, конкурстарға қатысып жүр. Өнерпаздарды қолдап, өнерлерін шыңдау мақсатында барлық жағдай жасалған. Атап айтқанда, сұлу Көкше баурайында өткен «V ТеART-Көкше» Халықаралық театр фестиваліне облыстық Махамбет атындағы Академиялық қазақ драма театрының ұжымы Р.Отарбаевтың «Жалғыздық» шерімен қатысып, бас жүлде – «Алтын Бүркіт» сыйлығын жеңіп алды.
Бұл фестивальге қатысқан 13 кәсіби театрдың 6-уы қазақ театры. Жазушы-драматург Р.Отарбаевтың «Жалғыздық» әңгімесінің негізінде белгілі режиссер Мұқанғали Томанов сахналаған қойылым бұған дейін де шетелде топ жарып жүр және Ресейдің Санкт-Петербург қаласында өтетін А.Брянцев атындағы жас көрермен театрының ХХV-халықаралық театр фестиваліне жолдама алды.
Әруақты батыр Махамбет атындағы Академиялық театр ұжымының ана тілі, ұлт драматургиясы бағытындағы өнері дені орыс тілінде қойылған пьесалардың ішінен көрерменді де, театр майталмандарын да тәнті етті. Ресейдегі фестивальге арнайы шақыртумен бару себебі де сондықтан.
Ал, Атырауда ХІХ ғасырдың көрнекті ақыны, жалынды жырау, жалаугер батыр, күйші-композитор Махамбет Өтемісұлының туғанына 220 жыл толуына арналған республикалық театр фестивалі өтті. Атырау төрінде ұлы бабаның атын асқақтатар фестивальге 6 театр ұжымы, белгілі өнер қайраткерлері мен театр сыншылары қатысты.
Бұдан бөлек, 60 би ұжымы қатысқан «Қазақстан таланттары» атты халықаралық конкурста «Меруерт» үлгілі би ансамблі «Әлем халықтарының билері» аталымы бойынша «Корей халқының ұлттық биін» орындап, бас жүлдеге ие болды. Сондай-ақ Н.Жантөрин атындағы облыстық филармония әртістері Жасұлан Базарбаев пен Алида Хуановалар ІІІ «Ән-дария» дәстүрлі әншілер конкурсына қатысып, жүлделі ІІ орынды иеленді. Жасұлан Базарбаев «Жайықтың жампоз жыраулары» атты облыстық жыр-термешілер байқауынан лауреат атанса, Құрманғазы атындағы XII республикалық конкурста дипломант болды.
Дина Нұрпейісова атындағы Академиялық қазақ халық аспаптар оркестрі жанындағы «Сармад» этно-фольклорлық ансамблінің әртісі Темір Ақбөкен Құрманғазы атындағы республикалық домбырашылар конкурсында бірінші орынды иеленді. Осы оркестрдің әртісі Нұрлыбек Нәжікенов Құрманғазы атындағы республикалық күйшілер конкурсына қатысып, жүлделі ІІ орынды жеңіп алса, оркестрдің дәстүрлі әншісі Аружан Ерімова мен Бейімбет Кәрімовке әртүрлі деңгейдегі байқаулардың жүлделі орындары бұйырды.
Жалпы, өнерпаздарды қолдау мақсатында барлық жағдай жасалған.
– Біздегі мәдениет үйлерінің қызмет сапасын жақсартуда қандай шаралар атқарылуда?
– Атырау облысында халыққа қызмет көрсететін 50 мәдениет үйі, 32 клуб – барлығы 82 мекеме бар. Халықтың мәдени демалысын ұйымдастыру бағытында жұмыс жасайтын осы мекемелердің 76-сы ауылдарда.
Ауыл тұрғындарының мәдени сұранысын қамтамасыз ету және халықтың өнер ордаларына қолжетімділігін арттыру мақсатында өңірде жаңа мәдениет нысандары қарқынды түрде салынып жатыр. Былтыр 4 ауылда мәдениет үйі пайдалануға берілсе, 11 нысан толық жөндеуден өтті. Қазір Махамбет ауданының Сарытоғай ауылында 200 орындық мәдениет үйі салынып жатыр.
Мәдениет үйлерінің қызмет көрсету сапасын жақсарту үшін материалдық-техникалық базасы үнемі жаңартылып келеді. Жергілікті бюджеттен вокалистерге, би ұжымдары мен фольклорлық ансамбльдерге жүргізушілік және оркестр киімдері, басқа да сахналық киімдер, түрлі дауыс күшейткіш құралдар алынды.
– Драматургиялық шығармалардың бәрі бірдей сахналана бермейтіні түсінікті. Десе де, облыстық театрдың репертуарынан Рахымжан Отарбаевтан басқа жергілікті драматургтердің туындыларын көре алмаймыз. Жоқшысы жоқтықтан ба? Әлде өнер мен әдебиетке деген салқындық өзімізден бастау алып жатыр ма? Мықты драматургтер Берік Қорқытов, Есенжол Домбаев, Берқайыр Аманшин, Әнуарбек Қосановтардың юмористік шығармалары қайда?
– Театр репертуары туралы жақсы сұрадыңыз. Жалпы, театр сахнасында қойылатын шығармалар әуелі арнайы көркемдік кеңестің мақұлдауынан өтеді. Көрерменнің сұранысына талдау жасала отырып, зерделенген жылдық репертуар қалыптасады. Кеңестің құрамына театрдың көркемдік жетекшісі, бас режиссері және шығармашылық құрамының еңбек сіңірген қайраткерлері енгізілген.
Бүгінде театр ұжымы заман мен бұқараның талабына сай, көрерменнің сұранысына қарай жұмыс жасап келеді. Жергілікті драматургтердің шығармаларын да сахналау жоспарланған. Мысалы, Есенжол Домбаевтың «Келін», Әлия Дәулетбаеваның «Хиуаз», басқа да аудармалары көрерменге ұсынылды. Асылбек Ықсанның да «Хақ жолы» туындысы сахналанды, «Қасым хан» қойылымы қыркүйек айының аяғына жоспарланды.
Жыл соңына дейін Махамбет атындағы академиялық драма театры жаңа премьераларымен көрерменін қуантпақшы. Маусымның 11-12-сінде неміс жазушысы Мариус фон Майенбургтың «Урод» атты аударма шығармасы қойылады, аударма авторы – Әлібек Байбол. Театр режиссері, Мәдениет саласының үздігі Жанат Телтаевтың режиссерлігімен Надежда Птушкинаның «Күтпеген кездесуін» сахналағалы отырмыз. Аударған Асылбек Жаңбырбай, суретшісі Темірбек Мұхтаров. Бұл қойылым 20 маусым күні көрерменін күтеді.
11-12 шілдеде Бейбіт Сарыбайдың әңгімелер желісі бойынша әзіл-қалжыңға құрылған «Біздің ауылдың әңгімесін» қою да ойда бар. Ал, Табылды Досымов туралы дайындығы жүріп жатқан «Ұнатамын мен сені» атты музыкалық қойылымының режиссері – жерлесіміз Шағуан Үмбетқалиев.
Атырау Жастар театры алғаш рет жергілікті композитор, Қазақстанның Еңбек Ері Ілия Жақановтың шығармашылығына арналған «Еділ-Жайық» музыкалық қойылымын сахналамақ. Пьеса авторы – драматург Мәдина Омарова, режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемиров. Жазушы Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығына орай «Менің атым Қожа» спектаклі жергілікті режиссер, театрдың көркемдік жетекшісі Мұқанғали Томановтың инсценировкасымен көрерменге жол тартпақ.
Театр репертуарын одан әрі байыту мақсатында жұмыстар өз жалғасын табады. Келешекте Сіз ұсынған мықты драматург-қаламгерлердің шығармаларын сахналау немесе қайта жарыққа шығару мәселесін қарастыруға ұсыныстар беріледі.
– Бұрын Атырауда отбасылық ансамбльдер болды. Сонымен қатар, көпшілік Ғаділ Дүйсенғалиев, Өнербай Жанбала, Ақылбек Бисенғалиев, басқа да өнерпаздардың басын біріктірген вокалды-аспапты ансамбльдердің өнерін ұмыта қойған жоқ. Мұхиден Ғаббасов, Асқар Харесовтар құрған ансамбльдерді де аға буын сағынышпен еске алады. Солардың ізін жалғап, ісін жалғастыратын мүмкіндік жоқ па?
– Иә, тарихты жақсы қозғадыңыз. Ғаділ Дүйсенғалиев «Балықшы» мәдениет сарайында осыдан 40-50 жыл бұрын «Қызғалдақ» (кейіннен «Жетіген») ансамблінде, ал Өнербай Жанбала, Ақылбек Бисенғалиевтер №2 қалалық аурухана жанынан құрылған «Ритм сердца» ансамбльдерінде өнер көрсетті.
Әрине, алдыңғы толқын ағаларының ізін кейінгі толқын жалғап, өнерге құштар жас буын өз алдына ансамбльдер құрып жүрді. Бүгінде өңірге танымал «Қызғалдақ», «Динамика», «Жас дәурен» вокалды-аспапты ансамбльдері болса, Құрманғазы ауданында «Толқын», Қызылқоғада «Ойыл әндері», махамбеттік «Ауыл таңы», Индер ауданының «Ақжайық» ансамбльдері көрермен қошеметіне әлі де бөленіп жүр.
Облыс бойынша бүгінде 20 отбасылық ансамбль өнер көрсетіп келеді. Оның төртеуі «Халықтық» атаққа ие. Атап өтсек, Қызылқоға ауданынан Қарабалиндер, Жұмалиевтер, Исатай ауданынан Бермағанбетовтер және Махамбет ауданынан Жайлашевтар ансамбльдері.
Қарабалиндер отбасылық ансамблі Қызылорда қаласында өткен «Қастерлеп жүрсін өнеріңді ұрпағың!» республикалық байқауында жүлделі ІІ орынды иеленсе, индерлік «Ақжайық» вокалды-аспапты ансамблі Оралда өткен «Саз әлемі – Сырымда» байқауынан І орынды қанжығасына байлады.
– Бүтін бір облыстың мәдени саласындағы халық шығармашылығы орталығы қандай жұмыстар атқарады?
– Облыстық халық шығармашылығы орталығы Қазақстан Республикасының «Мәдениет туралы» Заңы мен мекеме Жарғысына сәйкес елде аталып өтетін ресми мерекелер, концерттер, ұлттың дәстүрлі өнерін дамыту, ел арасындағы талант иелерін іздеу және тәрбиелеу мақсатында облыстық, республикалық, халықаралық байқаулар, фестивальдер мен сайыстар, халықтың қолданбалы және бейнелеу өнерінің көрмелерін ұйымдастырады. Дәстүрлі түрде де республикалық, халықаралық деңгейде фестиваль-байқауларды өткізіп тұрады.
Жүргізілген жұмыстың нәтижесі ретінде салалық министрліктің ұйымдастыруымен өткен 2021 жылы «Рухани қазына» фестивалінде облыстық ғылыми-әдістемелік халық шығармашылығы мен мәдени демалыс қызметтерін ұйымдастыру орталығы «Үздік облыстық мәдени ойын-сауық кешені» номинациясын жеңіп алғанын атап өтуге болады.
Клуб қызметкерлерінің біліктілігін көтеру, елді мекендерді мәдени қамту жұмыстарын жақсартудың жаңа бағыттары бойынша театр режиссері мен би жетекшілерінің біліктілігін шыңдау және қайта даярлау бағытында өзге облыстардан білікті мамандар шақырылып, шеберлік шыңдау сыныбын, қысқа мерзімді курстар мен тәжірибе алмасу семинарлары жоспарлы түрде өтіп келеді.
Биыл облыстағы мәдениет қызметкерлерімен бірлесіп, «DasturFest» жобасы аясында «Қыздарға әсемдік жарасады», «Жігітке жеті өнер де аз», «Алтын қазына» облыстық әуесқой жас қолөнершілер фестивальдері, «Асыл мұра» жобасы аясында «Самала саздар сағымы» аймақтық ән байқауын өткізу, сондай-ақ заман сұранысына ие облыс көлеміндегі SMM (мобилограф, копирайтер, дизайнер, таргетолог, фотограф) мамандары арасында шеберлік сағатын ұйымдастыру жоспарланды.
Орталық мәдениет үйлері мен клубтарға тұжырымдамалар, сценарийлер таратылып, мәдени-демалыс қызметіндегі және халық шығармашылығындағы озық тәжірибені де жүргізеді. Үш жылда бір рет клубтардың жұмысын зерделеп, әдістемелік көмек көрсетіп, мониторинг жүргізіп келеді. Цифрлық сауаттылықты арттыру, заманауи технологияны енгізу бойынша мәдениет үйлері мен клубтар құрылымы мен көрсеткіштері туралы жалпы ақпарат QR кодқа жинақталды.
Сонымен қатар, Президенттің 2023 жылғы 1 қыркүйектегі «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты халыққа Жолдауында айтылған креативті экономиканы ауқымды дамыту үшін жағдай жасау бойынша тапсырмасы бар. Осыған орай, жергілікті қолөнершілерді қолдап, бұйымдарын нарыққа шығару, жалпы материалдық және материалдық емес құндылықтарды насихаттау мақсатында тиісті жұмыстар жүріп жатыр. Мәселен, креативті индустрияның бір секторы ретінде облысқа танымал ақын-жазушы, сазгерлердің шығармашылығын жаһандану дәуіріне сай цифрландырылған форматта ұсыну бағыты бойынша түркі әлемінің ұлы композиторы Дина Нұрпейісованың күйлер жинағы, Табылды Досымовтың «Самала саздар сағымы» естеліктер жинағы жарық көріп, кітаптың электронды нұсқасы және аудиожазбалары Imusic.kz сайтына жүктелді.
– Облыста тарихи-мәдени ескерткіштер жетерлік. Оның ішінде мемлекеттік маңызы бар ескерткіштердің халі нешік?
– Тарих және мәдениет ескерткіштерін сақтап-қорғау мақсатында жыл сайын археологиялық және ғылыми-реставрациялық жұмыстар, тарихи-мәдени мұраны зерттеу экспедициясы, тарихи-мәдени сараптамалар, мониторинг жұмыстары жасалып келеді. Бұл мұралар «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» республика Заңымен реттеледі.
Облыс аумағында жергілікті маңызы бар 313 тарих және мәдениет ескерткіші тізімделген. Оның төртеуі – Мұнайшылар қалашығы (Жилгородок), Сарайшық қалашығы, Жылыой ауданындағы Жұбан тамы, Индер ауданындағы Махамбет мазары республикалық маңызы бар нысандар тізімінде. Тарихи-мәдени мұра объектілерінің алдын-ала есепке алу тізімінде барлығы 1128 ескерткіш тіркелген. Қазір 92 жергілікті, 1 республикалық маңызы бар (Сарайшық қалашығының аумағы), жалпы 93 тарих және мәдениет ескерткішінің қорғау аймағы анықталып, бекітілді.
Бұл бағыттағы жұмыстың маңызды көрсеткіші ретінде Атырау облысы тарихи-өлкетану музейінің тарих және мәдени ескерткіштердегі ғылыми-реставрациялық және археологиялық жұмыстарды жүзеге асыруға рұқсат беретін арнайы лицензия иеленгенін айтқым келеді. Бүгінде музей зерттеу жұмыстарын жақсы жолға қойған. Негізгі мақсат – ерте темір және орта ғасыр дәуіріне тиесілі құмтөбелі жерлеу орындары мен обалар, қорғандар мен тұрақтарды анықтау және көтерме артефактілерді жинақтау.
Қазір жергілікті маңызы бар тарихи-мәдени ескерткіштің бірі – Ақтөбе-Лаэти қалашығын сақтап, туристік мақсатта пайдалану мақсатында оның аумағын темір шарбақпен қоршау және ғылыми реставрация жұмыстарын жүргізуге арналған ғылыми жобалық-сметалық құжаттама жасақталды.
Сондай-ақ жыл сайын республика Мәдениет және ақпарат министрінің бұйрығымен бекітілетін жоспарға сәйкес, археологиялық қазба жұмыстары жүргізіліп отыр. Қазба нәтижесінде табылған барлық материалдар мен олжалар ғылыми тіркеліп, өңделген соң республиканың мемлекеттік музейлеріне беріледі.
– Телефонмен таласа туған бүгінгі жастар арасында кітап оқуды насихаттау ісі қалай жүргізіліп жатыр?
– Ғаламтор жайлаған ХХІ ғасырда кітапқа сұраныс жойылған жоқ. Себебі, соңғы кезде кітап оқу жастар арасында қайтадан трендке айналып келеді. Қазір TikTok, Instagram әлеуметтік желілерінен оқыған кітабының мазмұнымен бөлісіп, жарнамалайтын жарияланымдар, кітап дүкендерінің қызу саудасы және кітапханаға ағылған жас оқырмандардың көбейгені көңіл қуантады.
Кітапхана қорының оқырмандар сұранысына сай толығуы да кітап оқуға жақсы серпін береді. Жастар арасында фэнтези, бестселлер, психологиялық, мотивациялық жанрдағы және тұлғалық даму, бизнеске бағыт беретін кітаптар жоғары сұраныста. Кітапхана тарапынан жастар арасында оқу мәдениетін қалыптастыратын әдеби байқаулар, атап айтсақ «Қазына» тележобасы, «Kitap suer» quiz интеллектуалдық ойыны мен түрлі жобалар ұйымдастыру да жас оқырмандарға кітап насихатын жүргізудің бір құралы. «Кітапханадағы кешкі кездесу» поэзия кеші, «Біргеміз» ойталқысы, Kitap Time фестивальдарына қатысушы оқырман саны да көп. Қазір Ғ.Сланов атындағы облыстық ғылыми әмбебап кітапханасына 32216 оқырман тіркелген. Күніне 35-40-қа жуық қала тұрғыны кітап оқуға бас сұқса, бір жылдағы келуші саны – 223168 адам.
Жалпы кітап оқуды әдетке айналдыру бала кезден қалыптасады. Сол үшін облыстық балалар кітапханасы да кітап оқу насихатын белсенді жүргізіп жүр. Қазір тіркелген 15046 жас оқырманымыз бар, келушілер саны – 68711. Кітапханашылар квест, әдеби лото, түрлі байқаулар мен ертегі қойылымдары арқылы да балалардың кітапқа деген қызығушылығын арттырып келеді.
Облыстағы 139 кітапхананың қорында 2 545 053 кітап бар. Оның 44 487-і цифрлық нұсқаға көшірілген. Биыл жергілікті қаламгерлердің туындыларын аудио форматта жарыққа шығару басқарманың жоспарында тұр.
– Наурыздағы ІІІ Ұлттық құрылтайға келген сапарында Парламент Мәжілісінің депутаты Еділ Жаңбыршин моноқалалар мен аудан, ауыл халқының руханиятқа шөлдеп отырғанын айтқан болатын. Сахна саңлақтары облыс орталықтарынан әрі аспайтынын да сынға алып еді. Бұл пікірге қосыласыз ба?
– Айтылған сын негізсіз де емес. Себебі, танымал өнер майталмандары мен эстрада жұлдыздары облыс орталықтарында өнер көрсетуді жөн көреді, шалғай аудандарға баруды жоспарламайды да.
Ал, облыстағы кәсіби шығармашыл ұжымдар жоспарлы түрде гастролдік сапарларға шығып тұр. Жергілікті ұжымдарға гастролдік сапарларын сәтті ұйымдастыру үшін қажетті қолдау шаралары да үнемі көрсетіліп келеді. Мысалы, былтыр Махамбет атындағы Академиялық драма театры Бейбарыс сұлтанның 800 жылдығына орай Мысыр елінің астанасы – Қайыр қаласына барды. Облыстық филармония ұжымы 2023 жылғы 19-23 наурыз аралығында ұлттық мереке – Наурыз мейрамын дәріптеп, ұлттың баға жетпес мол мұрасын өзге елге кеңінен таныстыру мақсатында, Қазақстан Республикасының Женевадағы Біріккен Ұлттар Ұйымы жанындағы Тұрақты өкілдігімен бірлесе отырып, Швейцария мемлекетінің Женева қаласына гастрольдік сапармен барып келді.
Былтырғы желтоқсанда Дина Нұрпейісова атындағы Академиялық қазақ халық аспаптар оркестрі Мажарстан мемлекетінің астанасы – Будапешт қаласының «House of music» залында өнер көрсетті. Ондағы мақсат – бауырлас екі ел арасындағы ынтымақтастық, мәдени байланысты нығайту. Оркестрдің көркемдік жетекшісі әрі бас дирижері Болат Долдашовтың дирижерлігімен көрермен назарына қазақ және шетел классиктерінің шығармалары ұсынылды. Оркестрдің өнері көпшіліктің көңілінен шығып, қошеметке бөленді. Сиқырлы саздың сырлы әуезіне құлақ түрген шетелдік көрермен шексіз ризашылығын білдірді.
Тәжірибеде шығармашылық ұжымдардың гастролдік сапарларын аудандарға да ұйымдастыру жоспарланған. Атап айтсам, былтыр Д.Нұрпейісова атындағы қазақ халық аспаптар оркестрі Исатай ауданында көрермен сұранысына ие болған «Кино әлеміне саяхат» үздік кинофильмдерден SOUNDTRACK концерттік бағдарламасын өткізді.
Н.Жантөрин атындағы филармонияның «Ара-Атырау» әзіл-сықақ театры аудандарға барып қайтса, Махамбет атындағы Академиялық театрдың шығармашыл ұжымы Құрманғазы, Исатай, Мақат, Қызылқоға аудандарына гастролдік сапармен барып, көрермен назарына М.Ладоның «Болмаған оқиға» драмасы мен «Ұр тоқпақ» халық ертегісін ұсынды. Облыс орталығындағы өнер ұжымдары ауыл халқын қуантып, өнерлерін паш ету бағытындағы жұмыстарын жалғастыра береді.
Жасарып-жаңғырып жатқан дүниенің сырына тереңірек қанығу үшін адам қай кезеңде де әуелі кітапқа бас қояды немесе театрға келіп, сахнаға үңіледі. Сондықтан, мәдениеттің жолы жіңішке, жүгі зіл-батпан. Көз алдыңыздан бір сәтке өте шығатын шедевр спекталь, құлақтан кіріп бойды алар әсем әуен, көз алмай оқып шығар шерлі әңгіме, сұлу суреттің артында қаншама еңбек жатыр. Барлығы да қоғамның игілігі мен рухани кемелдік үшін қызмет етуде.
Әдетте, ұлттық өнерге, мәдениет қызметкерлеріне деген құрмет тек кәсіби мереке аясында қыза түседі. Ол қисынды да. Әр өнер адамы еңбегінің бағаланғанын, халықтың риясыз алғысына бөленгенді қалайды. Кәсіби мерекеге орай әріптестерге шалқар шабыт, болаттай төзім мен қажырлы еңбек тілеймін. Қазақ өнерінің көсегесі әрбір жаңа буынмен бірге жаңарып, әрбір атқан күнмен бірге көгере берсін!
– Уақыттың тығыздығына қарамай, сұхбат беруге уақыт тауып, саладағы соңғы жаңалықтармен бөліскеніңізге рахмет. Облыс өнерпаздары шығармашылықтың шыңына биіктей берсін!
Сұхбаттасқан Рита ӨТЕУҒАЛИ