
Өнер өлкесіне – жаңа туынды
Атырау қаласында Н.Жантөрин атындағы облыстық филармонияда Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің Құрметті қызметкері, майталман ұстаз Е.Камалиденовтің «Баянға арналған хрестоматия» кітабының тұсауы кесілді. Осылайша, дарынды жастарға білім беріп, музыка өнерінің еркін, жан-жақты дамуына үлес қосып жүрген оқу орындарының кітапханасы тағы бір құнды туындымен толықты.

Ұлттық өнеріміз бен талантты жастарды шыңдауда рухани құндылығымыз болып табылатын кітаптың тұсаукесер салтанатында туындының ерекшелігі атап айтылды. Жинақта халқымыздың дәстүрлі өнерініңғасырлар бойы қалыптасқан жүйесін сақтай отырып, орындаушының баян аспабын меңгеру деңгейіне сай лайықталған музыкалық шығармалар жинақталған. Жинақтың басты ерекшелігі аспапқа ықшамдалып, арнайы лайықталған туындылардың кәсіби сахнада, конкурстарда, концерттерде өте жиі орындалып жүрген нұсқалары енгізілген. Бұл білім алушының өрісті дүниетаным иесі болуы үшін таптырмас мүмкіндік. Автор жарыққан шыққан туындының болашақта ұлттық музыканы баян аспабында орындау өнерінің үлкен бір кәсіби саласына айналуына мүмкіндік беретініне үлкен сенім білдіреді.

–Д.Нұрпейісова атындағы халықтық музыка Академиясы Атырау музыка колледжі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Ардақ Сүндетқалиқызы атап айтқандай, Ерболат Әнесұлының ұстаздық қызметпен қатар ғылыми ізденушілік, зерттеушілік жұмысының нәтижесінде жарыққа шыққан еңбегіне енген баян аспабының бүгінгі дамуындағы орасан зор қоры республика көлеміндегі музыкалық білім беру мекемелерінің арасында кеңінен қолданылады. “Туынды өнерді сүйетін жандардың жүрегінен жол табады деп сенемін, — дейді ол.
Жанарай ЕРБОЛАТҚЫЗЫ,
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті журналистика мамандығының IV курс студенті
Суреттерді түсірген Мақсат ЖӘЙКЕC