Жарнама
Мәдениет

Өнегелі өмір. Өшпес із

ҚР Мәдениет қайраткері Абат Кенжеғалиұлының 80 жылдығына орай

Дүние жалған… Жұмыр басты пенденің барлығы осы сөздің ақиқат екендігін көзі жете тұра оның астарына терең бойлай алмайтыны жасырын емес. Дүниенің жалғандығын жаныңда жүрген бауырдың, достың, туыстың әке мен ананың келмес сапарына аттанған сәтінде сезінеміз. Қайғының кемесімен бойлай жүзгенімізбен өмір ақысы бәрін өз орнына қояды.

Бақилық болған адамның тірі кезіндегі барлық амалдары жабылып, артынан барып тұратын сауаптарының бірі – ол өзі тәрбиеліп өсірген ізгі ұрпағының еске алып, құран оқытуы екен. Мұны айтып отырған себебім, жақында облыстық халық шығармашылығы орталығына Абат Кенжеғалиұлының жұбайы, ұл-келіндері келіп, ағамыздың өзі тұрған үйіне ескерткіш тақта орнатуға  ұсыныс білдіріп,  әке есімін ұлықтау қамында жүргенін айтқан еді. Жалпы, Абат аға жайлы естелік жазу көзін көрген адамның қай-қайсына болса да ауыр…

Мен ағайды оқушы кезімнен танитынмын. Қоғамдағы өткір ой-пікірлері, салт-дәстүр мен әдет ғұрыпты үтір-нүктесіне дейін бағамдап, дін, тіл саласында талай  ортада жұрт біле бермейтін тың ақпараттарды айтатын.

Ағай бір қарағанда, қарапайым көрінгенмен, елден ерекше  рухы таза, ой-өрісі биік жан болатын.

Қандай да бір қайраткердің еңбегін бағалағанда ең алдымен оның өзі өмір сүрген қоғамға сіңірген еңбегі басты өлшем ретінде алынары даусыз. Абат ағамыз талай жауапты қызметтерде болып, биліктің биік тұтқасын ұстап, облысымыздың  рухани-мәдени дамуына зор үлесін қосқан беделді әрі абыройлы тұлға болғанын аға буын өкілдері жақсы біледі. Ағамызбен әріптес болып, жұмыс жасаған кездер әлі есімде. Ол өзіне де, қарамағындағыларға да қатаң талап қоя білетін, күрделі мәселелерді тура шешетін басшы ретінде танылды.

Ұстазымның жазуын бірде оп-оңай түсінсем, кейде асығыс жазса  жазуына түсініп болмайтынмын. Қисық-қисық жазуына қарап: «Охо, сурет салып тастапсыз ғой», — деп әзілдеймін. «Ұлы адамдардың жазуы осындай шимай-шатпақ болады екен», – деп сөз тауып кететін. Расында, ағай – ұлы тұлға, нар перзент. Мұндай даналықты, парасатты, қарапайымдылықты тек нағыз марғасқалар ғана көкірегіне сыйғыза алады емес пе?!

Ең бастысы – талантты ұйымдастырушы, іскер басшы ретінде өзін көрсетіп, қызметте қарапайым, ашық сөйлесетін, оның үстіне тәртіп пен адами мәдениетті қатаң ұстанатын  сауатты жан болды. Ол  өзінің іскер­лігімен, ұйымдас­тырушылығымен көп құрметіне бөленді. Өзіне тапсырылған міндетті абыроймен атқаруды парызым деп білді.

Мен үшін Абат аға – мәңгілік тұлға. «Адамның адамшылдығы жақсы ұстаздан» деп Абай хәкім айтпақшы, ағамыз  өзінің өнегелі өмірімен өшпес із қалдырды деуге болады. Одан білім алған, тәрбие көрген жастар еліміздің дамуына өз үлестерін қосып, ел сенімін ақтауда. Өзі өмірден өткенмен асыл ағамыздың жарқын бейнесі бәріміздің жүрегімізде мәңгілік сақталады.

Нәзира ӘШІМ,

қызметтес  шәкірті

Оқырмандар назарына:

1. Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері Абат Кенжеғалидың өзі тұрған Сарыарқа шағынауданы, 30-үйде мемориалдық тақта ашылады. Уақыты: 2022 жылғы 25 қараша, сағат 11.00.

2.Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері Абат Кенжеғалидың 80 жылдығына арналған «Ұрпаққа із қалдырған дара тұлға» еске алу кеші өтеді. Мекен-жайы және уақыты: Облыстық халық шығармашылығы орталығы (Балықшы, А.Байжігітова көшесі, 86а), 2022  жылғы 25 қараша, сағат 17.00.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button