
Облыста 12 мәдени нысанның құрылысы жүргізіліп жатыр
Атырау облысында мәдениет саласына қатысты инфрақұрылымдарды жаңарту бағытында ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. Биыл 12 мәдениет нысанының құрылысы жүргізіліп жатыр. Бұл туралы облыстық Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Нұрберген Құсайынов баспасөз конференциясында мәлім етті, — деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Атап айтқанда, қазірде Қызылқоға ауданының Мұқыр және Қарабау ауылдарында, Құрманғазы ауданының Азғыр, Котяевка, Көптоғай, Бірлік, Сүйіндік және Ғ.Әліпов ауылдарында, сондай-ақ Исатай ауданының Нарын ауылында, Жаңа Қаратон кентінде мәдениет үйлерінің құрылысы басталған. Заманауи үлгідегі бұл нысандардың сыйымдылығын 100-ден 400 орынға дейін қамту жобалануда.
Сонымен қатар Атырау қаласында 1200 орындық концерт залы мен тарихи-өлкетану мұражайы және 600 орындық Конгресс-холл салуға арналған жобалық-сметалық құжаттамалар әзірленіп жатыр. Жаңа мәдени нысандар қаланың архитектуралық келбетін жаңартып, өңірдің мәдени-интеллектуалдық әлеуетін арттыруға үлес қоспақ.
Одан бөлек бұған дейін құрылысы ұзаққа созылған Махамбет ауданы Сарытоғай ауылындағы 200 орындық мәдениет үйі өткен жылы толық аяқталып, пайдалануға берілді. Бұл нысан қазір жергілікті халықтың мәдени іс-шараларына кеңінен пайдаланылуда.
– Мәдени инфрақұрылымды жаңарту – өңір халқының рухани дамуына ықпал ететін маңызды бағыт. Бұл жобалар халықтың бос уақытын тиімді өткізуге, мәдениет пен өнерге қолжетімділікті арттыруға қызмет етеді, – деді басқарма басшысы Н. Құсайынов.
Мәдениет саласындағы құрылыс жұмыстары алдағы кезеңде де жалғасып, елді мекендердің мәдени өмірін жандандыруға бағытталған жаңа жобалар әзірленетін болады.