Облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов атыраулықтарды Наурызбен құттықтады

izobrazhenie 2022 03 21 193416 Мәдениет

Құрметті облыс тұрғындары! Баршаңызды ұлтымыз айрықша ұлықтайтын Ұлыстың ұлы күні — Наурыз мейрамымен құттықтаймын!

Көпшіліктің көңіліне жылу сыйлаған көктемнің лебіндей Көрісу дəстүрінің Ұлық мерекеге ұласуының өзіндік ерекше мəні бар. Тəуелсіздік жылдары төл руханиятымыздың дамуы мен кемелденуіне айрықша көңіл бөлініп, ұлттық қазынамыз, тарихи құндылықтарымыз бен халқымыздың салт-дəстүрі кеңінен дəріптеліп келеді. Ұлттық сананың жаңғырып, болмысының түлеуінде Наурыз мерекесі маңызды құбылыстың бірі болды. Адамзат тарихындағы көне мерекелердің бірі – адамдарды ұлт пен дінге, діл мен тілге бөлмей, қайырымдылық, ізгілік жəне мейірім сынды ізгі қасиеттерге біріктіреді.

Осыдан болар, аталған құндылықтарды қанына сіңірген қазақ ұлты үшін бұл мереке «əз-Наурыз» деп ерекше əспеттеледі. Бірлік пен бейбітшілікті, ынтымақ пен келісімді ту еткен еліміз үшін жалпыхалықтық ұлы мейрамға айналды. Бабаларымыз Ұлыстың ұлы күнінде бірбіріне деген өкпе-ренішін ұмытып, кешірімге келіп, татуласқан. Ақжарқын көңілмен жүздесіп, дастарқан басында ақжарма тілектерін айтқан. Қыстан қымтырылып шыққан əлсіздердің шаруасына көмектесіп, бұлақ көзін тазалап, тал егіп, игілікті істер істеген. Бүгінде осы тамаша дəстүр жаңаша жалғасын табуда.

Биыл өңір халқының игілігіне арналған ауқымды жобалар, көптеген іс-шаралар жоспарланып, жүзеге асырылуда. Атырау қаласының, аудан орталықтарының жəне ауылдық елді мекендердің инфрақұрылымын жетілдіру мен абаттандыру жұмыстары, сондай-ақ әлеуметтік осал топтарға қолдау көрсету жұмыстары жалғасады. Парасаты биік, көзі ашық азаматтар – белсенді жерлестеріміз де өңірдің гүлденуіне атсалысып, игі істерге үлестерін қосуда.

Қадірменді жерлестер! Күн мен түн теңесіп, қыстың қаһары қайтып, байтақ дала ару көктемнің арайлы шуағымен нұрланатын Наурыз – жыл басы, жақсылықтың бастауы. Қайта түлеген табиғатпен қатар адамның да санасы жаңғырар кез. Мемл екет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елді соны кезеңге шығарып, Жаңа Қазақстан құру жолындағы істеріміз баянды болғай! Ұлыстың ұлы мейрамы халқымызды береке мен бірлік, ырыс пен ынтымақ, өрлеу, өркендеу жолына бастағай. Төрткүл дүние теңселіп тұрған шақта еліміз бейбіт өмір сүріп, айналамыз аман болғай. Құт-береке арқауы – əз-Наурыз əр шаңыраққа молшылық сыйласын! Ақ мол болсын, ұлыс оң болсын, ағайын!

Махамбет ДОСМҰХАМБЕТОВ,

Атырау облысының əкімі

Коллаж: Дәурен МҰХАМБЕТАЛИЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз