ОҢТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН: ШЫРАЙЛЫ ӨҢІР ШҰҒЫЛАСЫ
Жер астындағы байлық
Оңтүстік Қазақстан облысының жері қазба байлыққа толы. Мұнда барит, көмір, темір, полиметалл рудалары, бентонитті саз балшықтың, вермикулит, тальк, әк тас, гранит, мрамор, гипс, кварцтық құмның мол қоры бар. Облыс уран қоры бойынша республикада – бірінші, фосфорит пен темір рудасы бойынша үшінші орынды алады. Облыста республикада өндірілетін өнеркәсіп өнімінің 2,5 пайызын шығаратын 170 ірі және орта кәсіпорын жұмыс істейді.
Оңтүстік аймақта 2264 кәсіпорын тіркелген, соның дені – өңдеу өнеркәсібінде. Өнеркәсіп саласында жұмыс істейтіндердің саны 40,7 мың адамды құрайтынын да айта кетейік. Ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемінде 100 пайыз мал шаруашылығына тиесілі. Мал шаруашылығында ет, сүт және жұмыртқа өндіру негізгі орынды алады. Осының өзінен аумақтың маңызы байқалады.
Облыста жалпы ұзындығы 444,6 шақырым екі бағыттағы темір жол, 5,2 мың шақырым жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолы бар, оның 5,1 мың шақырымы – қатты төселімдегі жолдар. Азаматтық авиация ұзындығы 27 мың шақырым әуе жолында жұмыс жасайды.
Жерінің асты да, үсті де байлыққа толы облыс ауқымды жобаларды жүзеге асыруды қолға алуда. Оның ішінде «Алайғыр» кен орнының жанынан тау-кен байыту кешенінің, екінші кезектегі аккумулятор зауытының құрылысын жүргізу, қорғасын өндірісін қайта жарақтандыру шаралары бар. Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда және Қарағанды облыстарының полиметалды шикізаттарын кешенді пайдалану және өңдеу бойынша «Казполиметалл» ұлттық тау-кен металлургиялық холдингін құруға маңыз берілгеніне ерекше тоқталуға болады. «Южполиметалл» ӨК» акционерлік қоғамы жобаны жүзеге асыруды қолға алған.
Тартымды табиғат
Оңтүстік Қазақстан облысының табиғаты көпшілік үшін айрықша тартымды. Мұнда, анықтай айтқанда, Тянь-Шань етегінде Ақсу-Жабағылы қорығы орналасқан. Ол атауының өзі айтып тұрғандай Ақсу және Жабағылы деген екі өзеннен құралған. Бұл жерде флора мен фаунаның сирек нұсқалары сақталған. Олардың көбі «Қызыл кітапқа» енгізіліпті. Осы себепті мұнда ерекше қорық құрылған. Бұл аумақта Грейг қызғалдағы өседі. Керемет гүл Оңтүстік Қазақстан облысының символы болып табылады.
Облыс аумағында емдеу және демалысқа пайдалануға болатын табиғи ресурстар бар. Оларға жұмыс істеп тұрған Сарыағаш шипажайының минералды сулары жатады. Ауа райы қолайлы Кентау қаласынан 20 шақырым оңтүстікте Қаратау бөктерін, Шаға өзенінің әдемі аңғарындағы шипалы минералды, термалды су ұңғымаларын, Манкент селосы аумағында және Ордабасы ауданының орталығы – Темірлан елді мекенінің жанындағы термалды су көздерін, сонымен қатар, Ақсу, Түлкібас және Тұрар Рысқұлов ауылының аумақтарын жүрек-тамыр аурулары бар адамдардың емделуіне қажетті жағдайлар жасауға болады.
Туризм де дамып келеді
Туризм – Оңтүстік Қазақстан облысының үлкен үміт күткен саласының бірі. Облыста саяхатты дамытудың мынадай бағыттары айқындалған: мінәжат ету туризмі (тарихи-танымдық туризмі); экологиялық туризм; емдеу-сауықтыру туризмі. Облыста туристік қызмет көрсету нысандарының саны бүгінде бұрынғы жылмен салыстырғанда 13-ке артты, оның ішінде емдік-сауықтыру орындары – 40 бірлік, демалыс аймақтары – 34, қонақ күтетін үйлер 6 бірлікті құрап отыр. Оңтүстік Қазақстан облысында туризм индустриясы қазіргі таңда қарқынды дамуда. Облыс өзінің тарихи-мәдени ескерткіштерімен, емдік-сауықтыру орталықтарымен, табиғи көрікті жерлерімен ерекше көзге түседі. Сонымен қатар, қазіргі таңда облыста заманауи талаптарға сай келетін қонақ үйлер, демалыс аймақтары, емдік-сауықтыру орталықтары туристерге сапалы қызмет көрсетуде.
Шардара су қоймасында да туризм саласын дамытуға қолайлы жағдай жасалып жатыр. Осы саланы дамыту мақсатында теңіз жағасынан демалыс аймағын салу үшін орман қорынан арнайы 245 га жер бөлінген. Ал, Төлеби ауданындағы Қасқасу өзенінің басындағы тау бөктерінде тау шаңғысы базасының, сауықтыру кешендерінің құрылыстарын жүргізуге инвесторлар тартылып, бүгінгі таңда жұмыс атқарылуда.
Әлеуметтік саланың ерекшелігі
Оңтүстік Қазақстан облысындағы халықтың дені ауылдық жерде тұрады.
Экономикалық тұрғыдан белсенді халық саны 1158,8 мың адамды құрайды. Облыста 25,6 мың көлемінде тәрбиеленушісі бар 183 мектепке дейінгі тәрбие беру мекемесі жұмыс істейді. Жалпы білім беру мектептері мен мектеп-интернаттарының саны – 1031. Бүгінгі таңда облыста 756 мәдениет және өнер мекемесі халыққа мәдени қызмет көрсетуде. Оның iшiнде: 431 кiтапхана, 268 клуб мекемесі, 24 мұражай, 2 көркемсурет галереясы, 8 кәсіби театр, 2 кинотеатр, 11 саябақ, 3 орталық, 3 мәдениет және өнер, ойын-сауық орталықтары, 1 облыстық филармония, 1 облыстық «Оңтүстікфильм» мекемесі, 1 «Оңтүстік-Цирк» мекемесі, 1 зообақ бар. Ал, спорт ғимараттарының жалпы саны 4793-ті құрайды.
Азамат САНСЫЗБАЙҰЛЫ.