Ұлық мереке «Нұрлы талда» ұлықталды
Бүгін Наурызнама бойынша – Ынтымақ күні. Атаулы күнге орай Атырау қаласындағы «Нұрлы тал» этнопаркінде «Қош келдің, қызғалдақты әз-Наурыз!» атты думанды кеш басталды.
Мерекелік іс-шараға Еркінқала ауылдық округінің әкімі Мұхтар Құмарғалиев қатысып, дүйім жұртты келе жатқан Ұлыстың ұлы күнімен құттықтады.
–Біз бүгінде елдегі бірлік пен татулықтың арқасында Тәуелсіздігімізді нығайтып, әр саладағы жағдайды жақсартуға айрықша жол аштық. Бірлігіміз бекем бола түссе біз алмайтын асу жоқ. Мұны әр адам саналы түрде түсіне білуі керек. Келе жатқан Наурыз құтты болсын! Ақ мол болсын! Ұлттық құндылықтарымыз ұлықталып, елдегі ынтымақ салтанат құра берсін, — деді М.Құмарғалиев.
Саябақ аумағында киіз үйлер тігіліп, жиналғандар бадана бауырсақ пен наурыз көжеден ауыз тиді. Ал балалар алтыбақан теуіп, мәре-сәре.
Жиын барысында аталған округке қарасты сегіз мекеме ұжымы қазақтың ұмыт болып бара жатқан салт-дәстүрлері – «Шарғы салу», «Селтеткізер», «Мойын тастау», «Өңір салу», «Абысын асы», «Қазан шегелеу», «Тулақ шашу», «Қап қағардан» әдемі көріністер көрсетуде. Көпті көрген абыз ақсақалдар бата беріп, мерекелік кештің сәнін келтіруде. Сонымен қатар қыз-келіншектер ою ойып көрсетіп, ұлттық құндылықтарды айрықша насихаттап жатыр. Мерекеге жиналған көпшілікке Наурызға байланысты сұрақтар қойылып, қазақтың ұлттық ойындары – арқан тарту, бұқа тартыс, садақ ату, ләңгі тебу , кір тасын көтеру ойындары да ойналуда.
Бүгінгі күннің бір ерекшелігі – Ынтымақ күні. Мерекелік шараға өзге ұлт өкілдері де қатысып, бір шаңырақ астында тату-тәтті бейбіт өмір сүрудің мәні мен маңызына тоқталды. Олар да Ұлыстың ұлы күнін асыға күтіп, қазақтың салт-дәстүрлеріне құрметпен қарайтындықтарын атап айтты.
Майра ОРАЗҒАЛИЕВА
Суретті түсірген автор