Жарнама
Мәдениет

«Нұрға бөле, Ұлыстың ұлы күні!»

Осындай атаумен  облыстық тарихи-өлкетану музейі алдында мерекелік шара өтті. «Жәрдем-Атырау» корпоративтік қоры ұйымдастырған шараға облыс тұрғындары мен қала қонақтары, қоғамның әр саласындағы қызметкерлер, Атырау облысы ҚХА өкілдері қатысты.

Наурыз мейрамын тойлай отырып, қазақ халқының салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын дәріптеу, ұлттық спортты насихаттау және діни экстремизм мен терроризм идеологиясының алдын-алу мақсатындағы шара алдымен тарихи-өлкетану музейін аралаудан басталды.

– Тарихын білмеген – ел болмайды. Сондықтан «жас ұрпақ жадында жаттасын, үлкендер кеудеде қаттасын» деп еліміздің тарихы мен көне жәдігерлерді таныстыруды жөн көрдік, — деді өз сөзінде мерекемен құттықтаған облыстық дін істері басқармасының басшысы Қайролла Көшқалиев.

Шарада Наурыз жыры жырланып, шашу шашылды. Көпшілікке «Иманғали» орталық мешітінің бас имамы Алтынбек  Ұтысхан бата берді. Алаңда ұлттық ойындар мен  сахна төрінде қазақтың салт-дәстүрлері  көрініс тапты. Атап айтқанда, жас сәбиге азан шақырып есім қою, бесікке салу, тұсау кесу рәсімдер дәріптелді. Ал, арқан тартыс, ләңгі тебу және викториналық сұрақтар мереке көрігін қыздыра түсті.

Ұйымдастырушылар дәстүрлі рәсімдерді орындаған және ұлттық ойындарға белсенді қатысқан қонақтарды сый-сияпатпен марапаттады. Көпшілікті киіз үйлерге үйме табақ палау, ыстық бауырсақ пен наурыз көже тасып сәмбі талдай иілген сұлу қыздар мен қонақтарды атпен серуендеткен сері жігіттер  сүйсінтті.

 Мерекелік шарада «Інжу-Маржан» би ансамблі мен «Тұмар»  триосы,  басқа да танымал өнерпаздар өнер көрсетіп, Наурыз тойын думандатты.

Осылайша, Наурыз мейрамына арналған шарадан мамыражай ауыл көрінісін, арқа-жарқа көріскен ауылдағы абзал жандарды көргендей болып  тарастық.

Майра ЕРҒАЛИ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button