«АҚ СҰҢҚАРЫМ» ӨНЕРЛІ БАЛАНЫҢ ЖОЛЫН АШТЫ

Мәдениет


Жуырда республикалық «Атадан мұра» қорының ұйымдастыруымен Щучинск қаласында Роза Бағланова апамыздың орындауындағы тамаша әндерді насихаттау мақсатында мектеп оқушылары арасында өткен халықаралық «Ақ сұңқарым» атты әншілер байқауына өнер мектебінің оқушылары Нұржанат Нұрболатқызы пен Тамерлан Айбарұлы қатынасып, Қызылқоға өңіріне жүлдемен оралды.
«Ақ сұңқарымды» және қызылқоғалық сазгер Ә.Темірхановтың «Туған өлкем – Қызылқоғам» әнін нақышына келтіре шырқап, шебер орындағаны үшін байқауда «вокал» номинациясы бойынша Нұржанат Нұрболатқызы жүлделі 1-орынды жеңіп алды.
Ал, байқауға қатынасушылардың ішіндегі ең кішкентайы, жеті жастағы Миялы балалар өнер мектебінің 1-сынып оқушысы Тамерлан Айбарұлы Ә.Еспаевтың «Бейбітшілік сақталады» және Н.Тілендиевтің «Құттықтаймын мама, туған күніңмен» әндерін үздік орындап, жүлделі екінші орынға қол жеткізді. Олардың жетекшілері, өнерлі ұстаз Света Ақтаева да арнайы жүлдемен марапатталды.
Байқауда жеңімпаз атанған өнерлі оқушыларымыз, әншілер Нұржанат Нұрболатқызы, Әйгерім Жантемірова, жеті жастағы Тамерлан Айбарұлы және домбырашы Әз-Жәнібек Кеңес Қазақ радиосы «Шалқар» ұлттық арнасы және «Атадан мұра» қорының ұйымдастыруымен Түркияның Аланья қаласында өтетін «ART olimpia» халықаралық байқау-фестиваліне Қазақстанның атынан бақ сынауға шақырылып отыр. Өнерлі ұландарға ұстаздар Света Ақтаева мен Ләззат Тастаева жетекшілік жасайды.
Сондай-ақ, ауданымыздың атын шартарапқа жеткізіп, жас өрендерімізді өнер айдынына баулып отырған өнер ұжымына аудан әкімі «ГАЗель» автокөлігін сыйлады.

Мағрупа
БАҚЫТЖАНҚЫЗЫ,
Қызылқоға ауданы.

Суретте: Халықаралық «Ақ сұңқарым» атты әншілер байқауының жүлдегерлері, өнер мектебінің оқушылары Нұржанат Нұрболатқызы мен Тамерлан Айбарұлы ұстазы Ләззат Тастаевамен бірге.