
Наурызнаманың “Қайырымдылық күні” атап өтілді
Өңірде «Наурызнама» онкүндігі аясында облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасына қарасты мәдениет мекемелерінің бірнеше мәдени-көпшілік шарасы жоспарланған. Наурызнаманың екінші — “Қайырымдылық” күні аясында Н.Жантөрин атындағы Атырау облыстық филармониясының өнерпаздары “Наурыз — көктем, Наурыз — жыр” атты мерекелік концерт ұйымдастырды.

Халықаралық конкурс-фестивальдердің лауреаты «Мұрагер» фольклорлық ансамблі шараның шымылдығын түрді. Мерекелік концерт одан әрі өнерпаздардың күмбірлеген күйімен, мың бұралған биімен, әуелете шырқаған әнімен жалғасын тапты.

Сондай-ақ, тұрғындарға жергілікті қолөнершілер өз қолымен жасаған ерекше бұйымдарын ұсынды. Осылайша бұл күн мейірімділік пен жанашырлықтың маңызын ұғындырып, жақсылық жасаудың игі дәстүрін нығайтуға бағытталды.
“Исатай-Махамбет” алаңына ерекше думанға жиналған Атыраулықтар мерекелік көңіл-күйге бөленді.
Еркеназ ҚАЛИЖАН
Суреттерді түсірген Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ