НАУРЫЗ-КӨКТЕМ, ТАМАША!

Табиғаттың жасарып, бой түзейтін шағы – Ұлыстың Ұлы күнін Атырау тұрғындары да ерекше көңіл-күйде атап өтті. Исатай – Махамбет алаңына жиналған жұртшылық ән айтып, би билеп, жыр тыңдап бір жасап қалды. Қытымыр қысты артқа тастаған ағайын өткенге салауат айтып, бір-біріне жылы лебіздерін білдіріп, облыстық әкімдік пен басқармалар, аймақтағы ірі компаниялар, аудандар атынан тігілген ақшаңқан киіз үйлерге бас сұғып, ұлттық тағамдардан дәм татып,  көркемөнерпаздардың концерттік бағдарламасын тамашалады. Бұл күні облыс орталығында алты мөлтекаудан бойынша 70-ке жуық киіз үй тігіліп, Наурыз-думан шаралары өтті. Оған 700-ге жуық өнерпаз қатысты. 

Ақ тілектер астасқанда

Бүгінде әз Наурыз барша қазақстандықтың сүйікті мерекесіне айналды. Осынау ұлық мерекеде облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов тұрғындарға ақжарма тілегін арнады.

Тамырын тереңнен, бастауын көне ғасырлардан толғайтын Наурыз тойының тағылымы мен берер тәлім-тәрбиесі – ынтымақ пен бірлікте. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өз сөзінде «Қазақстан деп аталатын ортақ Отанымыз елімізді мекен ететін барлық ұлт пен ұлыстың алтын бесігіне айналуы керек» деген болатын. Биылғы жыл Қазақстан халқы Ассамблеясы жылы деп жарияланғанын жақсы білесіздер. Халықтар достығының қайнар көзіне айналған Қазақ елінде 130-дан астам  ұлт пен ұлыс өз мәдениеті мен тілін, дәстүрі мен салтын жаңғыртып, тату-тәтті өмір сүруде. Оның үстіне, 9 мамырда Ұлы Жеңістің 70 жылдығын тойлағалы отырмыз. Жасампаз Жеңіс жолындағы ұрыстарда қаһарман бабаларымыз қанын төксе, тылдағы қарапайым халық еңбек майданында терін төкті. Ашық аспан астында азат күн кешсек, ол әр адамның құқын қорғайтын Ата Заңымыздың арқасы. Биыл, міне, тәуелсіз Қазақстанның Ата Заңын қабылдағанына 20 жыл толмақ.

Өткен тарихымыз қилы-қилы кезеңдерді бастан өткерді. Алтай мен Атырауға дейінгі Сыр мен Сарыарқа аралығындағы дархан даламызда қайталанбас тарихи дәуірлер өтті. Аласапыран шақтарда алмас қылышпен, үкілі найзамен қорғанған Қазақ хандығының 550 жылдығын Қазақ елі биыл тойлағалы отыр. Міне, біз бүгін бейбіт заман кешіп, ұрпағымыз ойнап-күліп, өркениетті қоғамда өмір сүріп келеміз. Бұл – ынтымақ пен достығы, берекесі мен мерекесі жарасқан Қазақстанның қол жеткізген құнды қазынасы. Біз, қазақстандықтар, бірлігіміз жарасып, әлемдегі еңселі елу елдің қатарынан ойып тұрып орын алдық. Бұл – біз үшін місе тұтатын меже емес. Өйткені, «Қазақстан – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты стратегиясында 2050 жылға дейін озық отыз елдің қатарына ену керектігін Елбасы өз Жолдауында міндеттеп берген болатын. Сондықтан, экономикалық өрлеуіміз бен дағдарыссыз дамуымыз үшін барша отандастарымыз қажырлы қызмет етіп, өркениет идеяларын іске асыра отырып, озық технологиялық және инновациялық жаңалықтарды енгізуіміз қажет, – деді Бақтықожа Салахатдинұлы.   

Еңбектеген баладан, еңкейген кәріге дейін ұлыстың ұлылығын, дархан халықтың гүлдене түсуін тілеп, жаңару мен жанданудың ән бесігін тербеген Наурыз мейрамын шат-шадыман көңілмен қарсы алды. Мерекелік іс-шараның бір көрінісі – қолөнер шеберлерінің көрмесі болды. Бұл күні де аудандар мен мекемелер өз озық бұйымдарын  тұрғындарға паш етіп, таңдай қақтырды. 

Салт-дәстүр – ұрпақтар сабақтастығында

Ақшаңқан киіз үйлердің іші толы халық. Атырау инженерлік-гуманитарлық колледжі құрған киіз үйдің ішкі көрінісі көз тартады. «Мұндағы мақсат – бабалар өнерін насихаттау. Қазақ өнері мен мәдениетінің келешегі – жеткіншек ұрпақ. Олар ең бірінші туған халқының салт-дәстүрін жетік білуі шарт. Кішкене кезінен бастап үйреніп, көріп өссе, нағыз патриот болып шығады. Біз биылғы Наурызға дайындықты бір ай бұрын бастап, ерекше сән-салтанатпен, ғажайып көңіл-күймен, би билеп атап өтуді ұйғардық», – дейді Атырау инженерлік-гуманитарлық институтының колледжі директоры Абылай Досниязов. Аталмыш оқу орны ұйымдастырған рәсімде облыс басшысы Бақтықожа Салахатдинұлы тәй-тәй басқан бөбектің тұсауын кесіп, қадамына сәттілік тіледі. 

 «Қош келдің, Наурыз – 2015» атты концерттік бағдарлама мен театрландырылған көріністер де жиылған жұртшылықтың көңілін көтере түсті. Алдымен, ұсынылған «Жыл он екі ай» хореографиялық  композициясы әсерлі болды. «Елімізде жыл ішінде қаншама абыройлы істер атқарылды. Ең бастысы, халқымыз аман, заманымыз тыныш. Ал, енді жазирадай сарқылмас кең даламды, Қой жылы, саған аманаттаймын. Абыройлы бол. Ұлыс оң болсын» деп Жылқы жаңа жыл иесі Қойға тілегін жеткізді. Өз кезегінде жаңа жыл иесі де «Менің жылым өзіммен бірге күллі Қазақ еліне нұр шашады, туған өлкеме құт-береке алып келеді» деп жақсы тілекті жалғады.

Бұдан соң көктемнің жарқын бейнесін әсерлі жеткізген гүлмен көмкерілген қыз-көктем  театрландырылған көрініс сәнін келтірді.

Шара барысында Ұмай ана бастаған қасиетті төрт ана ортаға шығып, «Аластау» немесе «Тазару, жаңару» рәсімін хореографиялық композиция арқылы көрсетті. Осылайша, дәстүр мен салт сабақтасып, өзара әсем үйлесім тапты. 

Көрісу – яғни, Наурыз – табиғатпен, жаратылыспен астасқан дәстүр. Бұл күні қыстың қытымыр аязы мен қос алқымнан алған қары жібіп, көңіл тоғайып, ел аяғы кеңігенде алыстағы ағайын амандық білісіп, бір-бірін іздейді. Қос етек көйлек, бүрмелі камзол киіп, талшыбықтай бұралған қыздар «Көрісу» салтын әсерлі бейнеледі. 

Мұнан соң алаңға Тайқазан әкелінді. Үлкендердің айтуынша, тайқазан –  тоқшылықтың бастауы, көл-көсір байлықтың берекесі. Наурызда тайқазанды толтыра ас пісірген әжелеріміз елдің берекесін, молшылықты ойлаған. «Тайқазаннан ас арылмасын. Бір қазаннан ас ішкен халқымыз әрдайым аман-сау болсын» деген тілек айтылып, тайқазаннан ас берілді.

Жергілікті өнер шеберлері ән мен биден шашу шашты. Қазақ эстрадасының  әншілері Гүлнар Сиқымбаева мен Өмірқұл Айниязовтар өнерден шашу шашты. Ұлыс мейрамында, сондай-ақ, «Наурыз көже», «Бақытты балалық шақ», «Мәңгілік ел – Қазақстан» композициялары да көрсетілді.

Көктем келіп, нұрын төккенде, Ұлыстың Ұлы күні Наурыз мерекесі жеткенде үлкеннен бата алу – ел мерейі. Ортаға шыққан Қыдыр ата да ақ батасын берді.

Ынтымақ пен бірлік мұратын көздеген шаралар легі жарасым тауып, жалғаса түсті. Наурыз тойында ұмыт қалып бара жатқан дәстүр мен салттың жаңғыратындығы баршаға аян. Мерекелік шарада құда түсу, қыз ұзату, жар-жар, айтыс сынды қазақтың ұлттық салт-дәстүрлері көрермендер назарына ұсынылып, көзайым болды.

Алаңда қазақтың бірнеше спорттық ойындарынан сайыс өтті. Асық ойнауға асыққан қазақтың бозбаласына «асығың алшысынан түссін» деп тілек білдірісті жиналған көпшілік.

 Кір тасын көтеріп, қазақша күрестен сынға түскен білекті жігіттер мен оларды қолдауға жиналған жұртшылықтың көңіл-күйлері тамаша. Қазақтың ұлттық ойыны саналатын «Арқан тартысуға»  жиналған бүкіл ер-азаматтар атсалысты, орысы да, ағылшыны  мен үндісі де бар мұнда. Ұлық мерекені қыздыра түскен спорттық шара жүлдегерлері марапатталып, риза болып тарасты.

«Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мерекесі туралы білеміз. Бүгін «Worley Parsons» компаниясында қызмет етіп жүрген шет ел азаматтары жиналдық. Қазақтың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрыптарымен қанықтық. Өзіміз еңбек етіп, бала-шағамызды асырап жүрген елдің тарихын, ұлттық құндылықтарын сыйлау – парызымыз. Тамаша мереке өтуде. Ұлттық салтқа, әдет-ғұрыпқа адалдық таныту – құптарлық жайт.  Бүгінгі той – қазақ даласын мекендеген түрлі ұлттың да ортақ мерекесі. Оны мұнда жиналған көпшіліктің тек қазақтар емес екендігінен де білуге болады», – дейді «Worley Parsons» компаниясының техникалық қауіпсіздік бөлімінің бастығы Маркс Сюгру.

 Мереке түн ортасына дейін жалғасын тапты. Бұл күні орталық алаңда гала-концерт өтті. Ұйымдастырылған шаралар Наурыз мейрамының ізгілік мәнін түсіндіру, жалпыадамзаттық құндылықтарды өркендету мен нығайтуға бағытталды. Ал, Атырау аспанын алуан түске бояған мерекелік от-шашулар бұқараны бір серпілтіп тастады. 

Рита ӨТЕУҒАЛИ.

Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз