
Музейдегі өнер мен ой додасы
Облыстық Ш.Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейі өзгеше форматтағы мәдени шараға ұйытқы болды. Бұл күні Атырау қаласындағы мәдениет мекемелерінің қызметкерлері бас қосып, облыстық деңгейде алғаш рет ұйымдастырылған «Музейлік QUEST» сайысында бақ сынады. Ой мен шеберлік сынға түскен бұл жарысқа қаладағы мәдениет ұйымдарынан 12 қызметкер қатысты.

Шара шымылдығын Ш.Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейінің директоры, мәдениет саласының білгір маманы Төлеген Орынбасарұлы ашты. Өз сөзінде музей жұмысының жаңаша бағытта дамып келе жатқанын, мұндай форматтағы ойынның мәдениет қызметкерлері үшін үлкен шабыт пен серпін болатынын атап өтті.

–Аталған шараның басты мақсаты – өнер мен мәдени мұраға деген қызығушылықты арттыру, музей жәдігерлерін насихаттау, бейнелеу және қолданбалы-сәндік өнер әлемі туралы тың ақпараттармен таныстыру, сондай-ақ қатысушылардың шығармашылық және коммуникативтік қабілеттерін дамыту. Сонымен бірге, бұл ойын топпен жұмыс істеу дағдысын қалыптастыруға, көшбасшылық қасиетті шыңдауға және бірлікке үндейтін ортақ мақсатқа жетуге ықпал етеді. Иә, руханияттың негізі де, келешектің іргетасы да – осындай бастамалардан қаланады, — деген басшы сайысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
Сонымен, төрт бөлімнен тұратын QUEST ойынының шарттары қатысушыларға жан-жақты түсіндіріліп, тартысты жарыс басталып кетті. «Тез тап» деп аталған бірінші бөлімде қатысушылар музей залдарында жасырылған туындыларға қатысты күрделі сұрақтардың жауабын іздеді. Танымдық ізденіс пен байқампаздық сынға түсті.
Екінші бөлім – «Зияткерлік академия». Мұнда барлық топқа бір мезетте сұрақтар қойылып, жауап беру жылдамдығы мен нақтылығы сараланды. Арнайы «зумер» батырмалары арқылы жауап беру тәртібі орнатылып, зейін мен зеректік сыналды.
Ал «Кім жылдам?» сайысында қатысушылар белгілі бір уақыт ішінде музей қорындағы туындылардың бейнесі бейнеленген пазлдарды құрастыру тапсырмасын орындады. Соңғы бөлім – «Бейнелеу». Бұл кезеңде қатысушылар музей қорындағы картиналарды көшіріп салу арқылы шығармашылық қабілеттерін танытты. Қылқаламмен тілдескен мамандардың туындылары өнердің өмірмен үндесе алатынын тағы да дәлелдеді.
Ойын барысында қатысушылар тек бәсекеге түсіп қана қоймай, музейдегі баға жетпес жәдігерлермен тереңірек танысып, өнер әлемінің қыр-сырына қанықты. Әрбір тапсырма олардың логикалық ойлауын, есте сақтау қабілетін, шығармашылық ізденісін арттырып, музеймен етене байланыс орнатуға себеп болды. Сонымен бірге, ортақ мақсат жолында бірлесе жұмыс істеудің маңызын ұғындырды.
Сайыс барысында әрбір қатысушы музейдің баға жетпес қазынасына бір табан жақындап, рухани байлықпен сусындап қайтты. Олар топпен жұмыс істеудің, ортақ мақсатқа жұмылудың, шешім қабылдаудағы сергектік пен ой жүйріктігінің үлгісін көрсетті. Әділқазылардың шешімімен жүлдегерболды. Бас жүлдені шынайы шығармашылығымен көзге түскен «Шабыт STUDIO» тобы жеңіп алып, 300 мың теңге және дипломмен марапатталды. Ал І орын – өнерге деген талғамы мен жауапкершілігі үшін «ART өнер» тобына бұйырып, 210 мың теңгені олжалады. «Шебер TIME» тобы ІІ орын мен 150 мың теңгені жеңіп алса, «Түстер TRACK» тобына ІІІ орын мен 120 мың теңге бұйырды.
Сайысқа қатысқан мәдениет қызметкерлері шараның жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын ризашылықпен атап өтті. Олардың айтуынша, әділқазылар төрелігі шынайы, тапсырмалар мазмұнды әрі қызықты болған. Қатысушылардың қай-қайсысы да өнерге құштар, білімді, талғамы биік екені айқын көрінді. Осындай тағылымы мол, шығармашылықты қолдаған сайыстар олардың кәсіби дамуына жол ашатыны сөзсіз. Бұл – музей қабырғасында өткен рухани биік, мазмұны терең дода болды.
Майра ЕРҒАЛИ