Жарнама
Мәдениет

Музей күнімен ұштасқан жаңа ән жарыққа шықты

«Атырау – әнім», «Маған ұстаз үйретті», «Мектеп – ана», «Сыңғырла қоңырау, сыңғырла!» әндерінің авторы, өңірге танымал музыкант-ұстаз Махамбет Дауылбаевтың жаңа әні дүниеге келді. Бұл жолы өнер иесінің жаңа туындысы Халықаралық музей күнінде тарту етілді.

–Жыл басында Шаймардан Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы сәндік өнер музейі басшысының орынбасары қызметіне келдім. Бала күнімнен өнерлі отбасында тәрбиеленгендіктен музей саласына да қызығушылығым болды. Музей ісі туралы кітаптарды оқып ізденіп, қай жерге барсам да мұндай орындарға бас сұқпай кетпеймін. Музей ішіндегі тарихқа тұнған жәдігерлер сөйлейтіндей көрінеді, — деп бастады әңгімесін Махамбет Орынғалиұлы.
Сұхбаттасушымыз жаңа туындыны қолдаған Ш.Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы сәндік өнер музейі басшысы Төлеген Орынбасарұлы мен бөлім басшысы Дина Құспановаға, басқа да әріптестеріне алғысын айтты.
– Ән ақпан айында дүниеге келді. Осы қызметте жүріп көкейімді кернеген өлеңнің сөзі мен әуенін баянмен орындап көрдім. Өлең мәтінінде музейдің тыныс-тіршілігі толық баяндалады. Содан тыңдарманның назарына ұсынамын деп жүргенде төтенше жағдай басталды, ұжым болып бөгет салу жұмыстарына үлес қостық. Бүгінгі атаулы күні Ш.Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы сәндік өнер музейінің әлеуметтік парақшасында «Музей әні» деген жаңа туындымның тұсауы кесілді. Жаңа әнге өнерсүйер қауым бағасын береді деген үміттемін, — деген авторды атаулы күнмен тұспа-тұс келген әннің тыңдарманға жол тартуымен құттықтадық.
Расында, ән вальс екпінінде, нәзік сезіммен орындалады екен. Тыңдарманын жанға жайлы әуенмен баурап алады. Әннің желісі музейдегі қызметтің көрінісін айшықтай түседі.
Өнер иесі Махамбет Орынғалиұлының осы уақытқа дейін жеткен жетістіктері аз емес. Ол түрлі өнер байқауларында жүлделі орындар алып, 70-тен аса әннің авторы ретінде шығармашылығын шыңдай түсті. «Біз бақытты балдырған», «Музыкалық білім мен тәрбие берудің әдіс-тәсілдері», «Музыка пәнінен жаңа бағыттар бойынша сабақ беру тәсілдері», «Ұстаздар ұстаханасы» еңбектерінің авторы.
Майра ОРАЗҒАЛИЕВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button