Жарнама
МәдениетСаясат

Мұқағали жырлары шалқыған күн

Ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың жыр жинағы биылғы жылы  Республикалық «Бір ел – бір кітап» акциясы шеңберіндегі «Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына – 30 кітап» рухани-мәдени акциясы аясында жалпыхалықтық оқуға ұсынылып отыр.

 «…Жаздым үлгі жастарға бермек үшін,

Абай жаққан бір сәуле сөнбеу үшін»,-

деп жырлаған ақынның өміршең өлеңдерінде оқырманының талабына қанат бітіріп, рухын биіктетер құдірет бар екендігі жырсүйер қауымға мәлім.

Қысқа ғана ғұмырында ұлан-ғайыр мұра қалдырып кеткен Мұқағали Мақатаевтың жырларын насихаттау жұмыстары ешқашан күн тәртібінен түскен емес.

Қазақ поэзиясының көсегесін көгерткен ақынның өлеңдері жақында Ғ.Сланов атындағы облыстық ғылыми әмбебап кітапханасында ұйымдастырылған  «Мұқағали – мәңгілік ғұмыр» атты жыр кешіне арқау болды. Шара барысында жампоз жырдың  дүлдүлі М.Мақатаевтың өнегеге толы өмір жолы туралы, шығармашылық әлемі жайында салиқалы, тағылымды әңгімелер айтылды. Шараға ҚР Ұлттық Ұланының №5546  әскери бөлімінің сарбаздары, Атырау облысы Қылмыстық Атқару Департаменті мамандары, кітапхана оқырмандары қатысты. Шараны жүргізген кітапхана қызметкері Құралай Шапағатқызы Мұқағали ақынның шығармашылығы туралы көптеген қызықты мағлұматтарды тілге тиек ете отырып, кейбір өлеңдеріне тоқталды.

ҚР Ұлттық Ұланының №5546  әскери бөлімінің сарбаздары Ерсін Сейілханұлы   «Менің анкетам», «Қазақстан», «Аққулар ұйықтағанда» поэмасынан үзінді, «Әке», Нұрлан Едігенов «Пай, пай, өмір», «Арыз жазып кетейін», кітапханашы Мөлдір Серікқалиева «Поэзия, менімен егіз бе едің?!», Атырау облысы Қылмыстық Атқару Департаменті Бақылау қызметі бөлімінің бастығы, Әділет майоры Марта Орынбасарқызы Өтепова «Ғашықпын» өлеңін, Атырау облысы Қылмыстық Атқару Департаменті Кадр саясаты бөлімінің бастығы, Әділет майоры Элмира Жаңабайқызы Көптілеуова «Туған өлке»,  Атырау облысы Қылмыстық Атқару Департаментінің тағылымдамадан өтушісі Наталья Жеңісқызы Тілекқабылова «Қара өлең» атты жырларын мәнерлеп оқуын жиналған көпшілік сүйсіне тыңдады.

Әдеби кеш барысында Д.Нұрпейісова атындағы  музыкалық колледждің студенті Тұрғали Нұрсәттің орындауындағы ақынның өлеңіне жазылған белгілі сазгер Қ.Ибрагимовтың «Сенің көзің» атты әні және ҚР Ұлттық Ұланының №5546  әскери бөлімінің сарбазы Бекжан Қапановтың орындауындағы ақынның өлеңіне жазылған белгілі сазгер Б.Есмұхановтың «Жарығым-ай» әні көпшілікке көтеріңкі көңіл- күй сыйлады.

Шарада оқырмандар Мұқағали Мақатаевтың өлеңдері туралы өздерінің пікірлерін ортаға салды. Қазақстанның халық жазушысы, ҚР Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, белгілі ақын Фариза Оңғарсынова: «Мұқағали Мақатаев – қазақ әдебиетіндегі ең оқырманы көп ақын, қалың халық басты жанашыры болған суреткер. Ол ең алдымен ақын. Қазақ жырының құдіреті» деп пікір білдірген екен. Шынында да, Мұқағали поэзиясы оқырман санасына жарық сәуле түсіріп, биік белестерге бағыттайды. Өлеңдерін дәріптер елі барда, шығармаларымен сусындар ұрпақ барда Мұқағали есімі ғасырлар мен ғасырларды жалғай бермек.

Гүлжан  Ескендір,

Ғ.Сланов атындағы облыстық ғылыми әмбебап кітапхананың жоғары санатты әдіскері

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button