
Моноспектакльдің тұсауы кесілді
Өткен сенбі күні Atyrau Creative Hub кеңістігінде ақын Ақберген Елгезектің автобиографиялық моноспектаклі — «Болмаған балалық шақтың» тұсауы кесілді. Естеліктер мен ішкі диалогқа негізделген жан тебірентерлік сахналық жұмысты тамашалауға келгендердің қатары аз болмады.
«Болмаған балалық шақ» – қазақ әдебиетінде терең ой мен шынайылыққа негізделген сирек драмалық дүниелердің бірі. Жазушы Ақберген Елгезек өз тағдыры арқылы мыңдаған баланың балалықсыз өткен өмірін бейнелейді. Бұл шығарма – тек балалық туралы емес. Ол қоғам туралы, сүйіспеншілік пен сағыныш туралы, аман қалу мен ар-намысты сақтау жайында жазылған туынды.
Кейіпкер – жалғыз. Бірақ оның жан дүниесінде мың естелік, мың сұрақ, мың үнсіздік қатар өмір сүреді. Ол – ерте есейген бала. Оның балалық шағы қуанышпен емес, жоқшылықпен, жетімдіктің мұңымен, өмірдің қатал сабағымен өрілген. Алайда соның бәріне қарамастан, ол адамдық қалпын жоғалтпаған. Бұл қойылымда оқиға баяндалмайды — қайтадан бастан өткеріледі. Әр сөз — жанның сыбыры. Әр тыныштық — бүтін буынның үнсіздігі.

Atyrau Creative Hub жобасының басшысы Нұрсұлтан Зиядаевтың айтуынша, бұл қойылым — Atyrau Creative Hub базасында жүзеге асып жатқан тәуелсіз театр бағытындағы алғашқы қадамдардың бірі. «Біздің кеңістік өңірдегі креативті индустрияны, мәдениет пен өнер саласындағы жаңа жобаларды қолдауға арналған. Хабтың негізгі мақсаты — жергілікті шығармашыл жастар мен кәсіпқойлар үшін ортақ, еркін, шабыттандыратын кеңістік қалыптастыру»,-дейді ол.
Ал, жобаның арт-менеджері Мерей Меңдештің айтуынша, «Болмаған балалық шақ» — Atyrau Creative Hub жанынан құрылған жаңа сахналық бастамалардың беташары. Бұл — заманауи, деректі, әлеуметтік тақырыптарды көтеретін, терең эмоционалды театр тілімен сөйлейтін бағыт.
А. МҰРАТҚЫЗЫ