Махамбет мұрасы – музейде
Биыл дауылпаз ақын, дулығалы батыр Махамбет Өтемісұлының туғанына – 220 жыл. Облыстық тарихи-өлкетану музейінде қордағы экспозициядан көрме ұйымдастырылды. Көрменің ашылу рәсімінде облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Әбіл Жоламанов ел қорғаған батырдың ерлігін және шығармаларын насихаттау қажеттігіне тоқталды.
– Ғалымдар ұрпақтың ұраны атанған Махамбет жайлы зерттеулерін әлі жалғастырып келеді. Тың деректерді көпшілікке насихаттап, дара тұлғаның асыл қасиеттерін дәріптеп, жас ұрпақты ұлтжандылыққа тәрбиелеу керек. Осы орайда Махамбет Өтемісұлының мерейтойына арналған көрменің тарихи-мәдени мәні зор, — деді Әбіл Тауфихұлы.
Экскурсия жүргізушісі Н.Шалимова батырдың өмірдерегінен мағлұмат айтып, көрмеге қойылған 1836-1838 жылдардағы Исатай мен Махамбет бастаған халық-азаттық көтерілісінің карталарын, Махамбеттің мөрі мен домбырасының көшірмелерін таныстырды. Құнды жәдігерлер қатарына батырдың қару-жарағы мен киімдері де қойылды. Көрмеде Орталық мемлекеттік архивте сақталған Махамбет батырға қатысты хаттардың көшірмелері, фотосуреттер, бейнелеу өнері шеберлерінің кескіндеме туындылары да бар.
Шараға қатысқан тарихшылар Орынбор шекара комиссиясының Жайық-Беріш руының старшыны Өтеміс Құлманиязұлына Нарын құмын қыстау үшін Индер тауы және Гребенщик бекіністері аралығындағы Жайық өзені тұсынан өтуге берілген рұқсат қағазын (1808 ж. 17 желтоқсан), Орал казак әскерінің жазалаушы атаманы Василий Покатиловқа тергеу барысында тергеушілердің куәгерлерді қорқытып, жа ла жабуына байланысты Исатай мен Махамбет, басқа да Ішкі Орда старшындарының тергеушілерді ауыстыру туралы шағымданған өтінішін көріп, құнды құжаттарға қызығушылық танытты. Батырдың ерлік жолын зерттеу және оны есте қалдыру мақсатындағы шаралар туралы жазушы-публицист, Жаратылыстану ғылымдары Академиясының академигі, Махамбет атындағы сыйлықтың тұңғыш лауреаттарының бірі Өтепберген Әлімгерейұлы, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің профессоры, Махамбет атындағы сыйлықтың иегері, Исатай-Махамбет бастаған көтерілістің жорық жолдарын нақтылап карта дайындаған Амангелді Шамғонов, тарих ғылымдарының докторы, профессор Аққали Ахмет ойларын ортаға салды.
Тағылымдық шарадағы Д.Нұрпейісова атындағы академиялық қазақ халық аспаптар оркестрінің әнші-күйшілері орындаған Махамбеттің «Жұмыр қылыш» күйі мен «Әй, Махамбет жолдасым» атты термесі көрмеге ерекше сипат берді. Алдағы уақытта көрме батыр мәңгі тыныс тапқан Индер топырағында ұйымдастырылмақ.
Майра ОРАЗҒАЛИЕВА