Мәдениеттің мәртебесі көтеріледі
Былтыр Қызылқоға ауданының Тасшағыл ауылында – 300, Жылыой өңірінің Шоқпартоғай, Майкөмген, Тұрғызба ауылдарында 200 орындық мәдениет үйлерінің тұсауы кесілді. Бүгінде облыста осындай 12 мәдениет ошағының құрылысы жүріп жатыр. Осылайша, мәдениеттің материалдық-техникалық базасын нығайтумен бірге мәртебесін биіктете түсер игі үрдіс өрісін кеңейтуде.
Нақтылай кетсек, Қызылқоға ауданының Мұқыр ауылында – 400, Қарабауда – 300, сондай-ақ, Махамбет ауданындағы Сарытоғай ауылында салынып жатқан 200 орындық мәдениет үйлері тапсырылуға таяу. Сол сияқты, бұл күнде құрылысы еңсеріле келген Қиғаш бойындағы Азғыр, Бөкейхан, Көптоғай, Жылыойдағы Жаңа Қаратон және Исатайдағы Нарын ауылдарының әрқайсысында – 300, Асан (Құрманғазы) ауылында 100 көрерменге арналған мәдениет үйлерінің халықтың пайдалануына беретін кезі алыс емес. Д.Нұрпейісова атындағы академиялық қазақ халықаспаптар оркестрі жайғасқан ғимарат қайта жаңғыртылудан өткізілуде.
Қазіргі уақытта Атырау қаласында салынуы жоспарланған 1200 орындық концерт залы мен облыстық тарихи-өлкетану музейі және 600 орындық конгресс холл ғимаратының жобасы дайындалуда.
Д.АРУЕВ