Мәдениеттің де мәселесі аз емес
Облыста заманауи кітапхана ғимараттары тапшы. Кітапханалардың мемлекеттік мекемелердің құрамында болуына байланысты қосымша табыс табу мүмкіндігі де жоқ, осы мәселе олардың қызметін кеңейтуге кедергі келтіреді. Бұл туралы облыстық мәслихаттың әлеуметтік және мәдени даму мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының кезекті отырысында айтылды.
Облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының биылғы жұмыстары талқыланған жиында басқарма басшысы Әбіл Жоламан баяндама жасады. Оның сөзінше, аймақта мәдени-көпшілік іс-шараларға деген қызығушылық артқан. Театр қойылымдары, концерттер, конкурстар, фестивальдар мен көрмелерге тұрғындар жиі қатысатын болды. Әсіресе, «Жастар» театрының жұмысы айрықша аталып өтті. Құрылғанына аз уақыт өтсе де, бұл театр республиканың бірқатар аймағында гастрольдік сапарлар жасап, көрермендерді тартымды қойылымдарымен қуантты. Сондай-ақ, Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театры да премьераларын ұсынып, тұрақты түрде жұмыс істеуде.
Өнер ұжымдары жетістіктерінің ішінде шетелдегі гастрольдер де атап өтілді. Мысалы, Махамбет атындағы қазақ драма театры, «Жастар» театры, Д.Нұрпейісова және Қ.Ахмедияров атындағы халық аспаптар оркестрлері бірнеше елде өнер көрсетті. «Сармад» фольклорлық ансамблі де оркестрлермен бірге Нидерланды корольдігіне барып, қазақ мәдениетін насихаттады.
Облыста мәдениет ошақтарының санын арттыру мақсатында 6 жаңа нысан салынуда, олардың қатарында ауылдық елді мекендердегі мәдениет үйлері де бар. Сонымен қатар, 15 мәдени нысанда жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқаны айтылды. Бұл жұмыстар мәдениет саласының инфрақұрылымын жақсартуға бағытталған маңызды қадамдардың бірі.
Алайда, саладағы проблемалар да жоқ емес. Солардың бірі – заманауи кітапхана ғимараттарының тапшылығы. Кітапханалардың мемлекеттік мекемелер құрамында болуына байланысты қосымша табыс табу мүмкіндігі жоқ, бұл олардың қызметін кеңейтуге кедергі келтіреді. Осыған орай, коворкинг орталықтарының жұмысын жандандыру ұсынылып отыр. Сондай-ақ, мұражайлардың қызметін жаңғырту, оларға шығармашылық көзқарас қажет екені атап өтілді. Облыстағы тарихи-өлкетану және өнер мұражайлары арнайы жобаланып салынбаған ғимараттарда орналасқан, бұл олардың қазіргі заман талабына сай жұмыс істеуіне кедергі келтіреді.
Мәжіліс барысында «DamuBala» бағдарламасының да орындалуы тиісті деңгейде емес екендігі айтылды. Бұл бағдарламаның негізгі мақсаты – еліміздегі тіл саясатын дамыту және оған бөлінетін қаражаттың тиімді игерілуін қамтамасыз ету.
Осылайша, облыстың мәдениет саласында оң өзгерістер болғанымен, шешімін күткен мәселелер де жеткілікті. Кітапханалар, мұражайлар және тіл саясаты саласындағы проблемаларды шешу – алдағы уақыттағы басты міндеттердің бірі.
Дәулетқали АРУЕВ
Суретті түсірген автор