
Мәдениеті мықты ел – озады
Мемлекет басшысының Қазақстан халқына биылғы Жолдауында мәдениет пен өнер саласына айрықша көңіл бөлінуі – барша өнер адамдары үшін зор қуаныш әрі үлкен серпіліс болды. Бұл қадам – ел дамуының мәдениетпен тікелей байланысты екенінің айқын дәлелі. Жасанды интеллект пен жаңа технологиялар дәуірінде руханият пен шығармашылықтың рөлі бұрынғыдан да арта түспек. Өйткені кез келген қоғамның бет-бейнесін, рухын, болашағын ең алдымен мәдениеті айқындайды. Мәдениеті мықты ел – қашанда биіктен көрінеді, өзгеден озады.

Президент атап өткендей, мәдени инфрақұрылымды жаңарту, өнер ордаларын жөндеуден өткізу және қайта қалпына келтіру – шығармашылық ұжымдардың сапалы еңбек етуіне зор мүмкіндік береді. Бұл – тек материалдық жағдайды жақсарту ғана емес, елдің рухани қазынасын арттыру жолындағы үлкен қамқорлық. Жастар театры – жас буынның өнерге қадам басар алғашқы мектебі, олардың талантын ұштайтын, арманын жүзеге асыратын орта. Сол себепті мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау – тек театрға ғана емес, жас ұрпақтың болашағына жасалған инвестиция.
Біздің басты мақсатымыз – ұлттық мәдениетімізді, салт-дәстүрімізді сақтай отырып, заманауи талаптарға сай жаңа бағыттарды игеру. Жаһандану дәуірінде ұлттың өзіндік болмысын жоғалтпай, оны жаңаша қырынан таныту – өнер адамдарының басты миссиясы. Осы тұрғыда театрымыздың жас әртістері әлемдік үрдістерді игере отырып, көрерменге тың қойылымдар ұсынуға әзір. Біз классикалық шығармаларды да сахналауды жалғастырамыз, сонымен қатар заманауи бағыттағы креативті жобаларды да қолға алып, халыққа жаңа леп әкелеміз. Өнердің басты күші – халықты тәрбиелеу, ой салу, жігерлендіру болса, біз сол міндетке адал боламыз.
Атырау Жастар театры алдағы уақытта өңіріміздің мәдени өмірін байытуға, ауыл-аймақтарға гастрольдік сапарлар ұйымдастыруға, халықаралық мәдени байланыстарды нығайтуға айрықша назар аударады. Бұл – өнерді тек орталықпен шектемей, шалғайдағы халыққа жеткізу, әрбір қазақстандыққа мәдени құндылықтарды қолжетімді ету деген сөз. Сондай-ақ, біз халықаралық деңгейдегі мәдени жобаларға қатысу арқылы ұлттық өнерімізді әлемге паш етіп, еліміздің мәртебесін көтеруді көздейміз.
Президенттің Жолдаудағы мәдениет қайраткерлерін қолдау туралы сөздері бізге зор сенім, тың серпін берді. Бұл сенім – өнер адамдарына артылған үлкен жауапкершілік. Біз сол сенімге лайық болуға, өнер арқылы қоғамды біріктіруге, жастарды отансүйгіштікке, ізгілікке тәрбиелеуге бар күшімізді саламыз.
Мәдениет – мемлекеттің алтын қазығы. Ал сол қазықты берік ұстаған елдің келешегі кемел болмақ. Сондықтан біз, Атырау Жастар театрының ұжымы, «мәдениеті мықты ел – озады» деген қағиданы басты ұстаным етіп, шығармашылықта да, қоғамдық өмірде де ел игілігі үшін аянбай еңбек етеміз.
Әміржан НҰРЛАНҰЛЫ,
Атырау Жастар театрының басшысы