Жарнама
Мәдениет

Мәдениет пен өнердің мәртебесін биіктеткен күн

Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрында Мәдениет және өнер қызметкерлерінің күніне арналған салтанатты іс-шара өтті.

b015b72f 32d5 42a0 9fe7 27c2a568aacf

Кәсіби мереке иелерін облыс әкімі Серік Шәпкенов құттықтады.

fc885e87 91df 4d3b b9f0 fa14b428c1d4

– Бүгін – қастерлі өнердің, шабыт пен шеберліктің мерекесі. Шығармашылықтың шамшырағына айналған, өнердің ұлы да қастерлі жолын таңдап, ел руханиятына адал еңбек етіп жүрген жандарды ұлықтап, құрмет көрсететін ерекше сәт бұл.

Халқымыздың рухани болмысын қалыптастырып, ұлт үнін ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп жүрген мәдениет майталмандарының, сала қызметкерлерінің еңбегі ерен, елдің өсіп-өркендеуіне қосып жүрген үлестері өлшеусіз. Өнер – ұлттың жаны, мәдениет – рухани келбеті.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен, Үкімет басшысының тапсырмасымен бұл саланың материалдық-техникалық базасын нығайтып, әлеуетін көтеруге баса назар аударылып, айрықша көңіл бөлініп келеді. Қала мен аудан орталықтарын айтпағанда, ауылдық елді мекендерде замана үрдісі мен уақыт талабына сай, жаңаша үлгідегі мәдениет үйлері бой көтеріп, халықтың рухани деңгейін арттыруға, осы саланы дамытуға қолайлы жағдай жасалуда. Осының өзі сіздердің де құлшыныстарыңызды арттырып, еселі еңбек етуге септігін тигізері сөзсіз.

Ендеше, сіздерді қашан да өнерді жоғары бағалайтын, оған әркез құрметпен қарайтын Атырау жұртшылығы атынан тағы бір мәрте төл мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын! Сіздерге және жанұяларыңызға өмірлеріңіздегі жақсылық атаулыны тілеймін! — деді С.Шәпкенов.

Салтанатты шара одан әрі мерекелік марапаттау рәсіміне ұласты.

Алдымен кәсіби мереке қарсаңында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан “Ерен еңбегі үшін” медалін алған жергілікті композитор Бауыржан Ақтаевқа қошемет пен құрмет көрсетілді.

Аймақ басшысы Серік Жамбылұлы алғашқы болып “Құрмет” орденін Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрының артисі Күнайым Шаматованың кеудесіне тақты. Ал оның әріптесі, театрдың режиссері Гүлназ Қамысбаева Президенттің Алғысымен марапатталды.

4fc3fa60 399c 45c6 8da8 808a25db80e5

Келесі кезекте қызметте жоғары жетістіктерімен көзге түсіп жүрген кәсіби мереке иелеріне Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің ведомстволық наградалары табысталды. Сондай-ақ бірқатар сала маманы облыс әкімінің Алғыс хатымен ұлықталды. Салтанат соңы мерекелік концертке ұласты.

Күнайым ШАМАТОВА, “Құрмет” орденінің иегері:

– Бұл бір өзіме емес, барша әріптестеріме көрсетілген құрмет деп санаймын. “Еңбегіңнің еленгені – бір бақыт” демекші, бұл – адал да абыройлы еңбектің шынайы бағаланғаны деп білемін.

Дәулетқали АРУЕВ

Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button