Жарнама
Мәдениет

МӘДЕНИЕТ ПЕН ӨНЕРДІҢ ОРДАСЫ

 752 мәдениет ошағы қызмет көрсетеді

Мәдениет күндерінің мәні екі жақты тәжірибе алмасу екендігін атап өткен Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ерлан Айтаханов шара барысында ұйымдастырылған көрменің маңызына тоқталды. «Қасиетті Отырар, киелі Түркістан орын тепкен Оңтүстік өңірі әу бастан мәдениет пен өнердің өлкесі саналады. Ұйымдастырылған жалпыхалықтық көрме бұрын-соңды жарыққа шығарылмаған көптеген тарихи экспонаттардың, сурет галереясының қойылуымен ерекше. Сол көрме арқылы мәдениет саласындағы жетістіктерді көрсетуге тырыстық. Біздің мақсатымыз – екі облыс арасындағы байланысты ширату, ұрпақтар сабақтастығын дамыту. Өйткені, әйгілі Құрманғазы мен Динаның, Махамбет пен Исатай батырлардың Отаны саналатын Атырау салт-дәстүрге, тарихқа бай өлке» деп атап өтті.

Бүгінгі таңда оңтүстікқазақстандықтарға 752 мәдениет және өнер мекемесі қызмет көрсетуде. Бұл туралы баяндаған Оңтүстік Қазақстан облысының мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Күлия Айдарбекова көршілес өңірдің опера және балет театрымен, тарихи-мәдени этнографиялық орталығымен, Хакім Абай мұражайы, «Түркістан» сарайы, Ж. Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрымен, «Оңтүстік – цирк» және «Отырар» кітапханасымен мақтанатынын айтты. «Біздің басты мақсатымыз – жергілікті халық ішінен өнер таланттарын анықтау. Сол мақсатта өңірімізде дәстүрлі Наурыз айтысы, ақындар айтысы, дәстүрлі әншілер, күйшілер байқауы өткізіліп тұрады. Осындай жұмыстардың нәтижесінде жылына 200-ге жуық маман мәдениет саласына алынуда» деді ол.

Әдетте оңтүстікті өнер иелерінің мекені деп жатады. Халық арасында қалыптасқан осындай ұғымға түсінік беріп өткен Оңтүстік Қазақстан облысынан келген делегация өкілі Күлия Айдарбекова «Мәдениетім – мерейім» деп аталатын түрлі жанрдағы фестивальдің маңызына тоқталды. «Мұндай фестиваль әуелі аудандарда өтеді. Жеңімпаздар облысқа келіп, бақ сынасады. Түрлі жанрды қамтитын фестиваль ел ішіндегі ерекше таланттардың жұлдызын жағуға ықпалын тигізуде» деді ол.

Теңіз жағасында орналасқан Атырау мен дархан даланың төсінде орналасқан Оңтүстік Қазақстан өңірінің арғы-бергі тарихына тоқталған жазушы, драматург Рақымжан Отарбаев көрші облыстың халық ауыз әдебиетінің көп томдығын шығаруды қолға алғандығын жоғары бағалады. «Еліміздің түкпір-түкпірінен жылына жүзге жуық суретшілерді жинап, олардың бір апта бойына кеңінен көсіліп сурет салуына мүмкіндік беретін Суретшілер симпозиумының Шымкентте ғана өткізіліп отыруы – өз алдына бөлек жаңалық. Ғажабы сол, бір апта бойына суретшілерге бар жағдай жасалады және олардың салған туындыларын сатып алады екен. Бұл рухани, мәдени, өнер құндылықтарын бағалаудың ең үлкен үлгісі. Мұндай шара бұған дейін Түркияда ғана өткізілетін еді» деген драматург осындай оң тәжірибелерді облысымызға үлгі етуді ұсынды.

 

«100 күй», «100 ән», «100 терме»

Оңтүстік Қазақстан облысының Халық шығармашылығы орталығының басшысы Нұрлан Әділханов «100 күй», «100 ән», «100 терме» атауымен кітаптардың шығарылғанын хабарлады. «Әрқайсысы 1000 тиражбен шығарылған кітапқа бүгінде сұраныс көп. Бір ерекшелігі, өнер туындылары ауыл-елді аралап жүріп, іздеу жұмыстарын жүргізген арнайы топтың жасақтауымен жарыққа шықты. Және жергілікті композиторлардың жұмыстарына арналған жинақ жарық көреді» деп атап өтті ол.

Брифинг барысында меймандарға журналистер тарапынан бірнеше сұрақ қойылды. «Мәселен, Атырауда «Татулық» татар-башқұрт мәдени орталығының жетекшісі Гүлсина Байкенованың басшылығымен мүмкіндігі шектеулі таланттарға арналған өнер мектебінің жұмыс істеп жатқаны белгілі. Бүгінде сол мектептің шәкірттері облыстық, республикалық қана емес, әлемдік сахналарда да өнер көрсетіп жүр. Оңтүстік Қазақстан өңірі осындай таланттарға нендей қолдау көрсетуде?» деген біздің сауалымызға көршілес облыс делегациясының өкілі Күлия Айдарбекова мүмкіндігі шектеулі балаларға және ересектерге арналған кітапханалардың жұмыс істеп жатқандығын, оның филиалдарының барлық аудандарда орналасқандығын айтты. «Осындай талантты балаларды елге таныту мақсатында «Қоңыраулы қошақан», «Балдәурен» байқаулары ұйымдастырылып тұрады. Сонымен бірге, әр ұжымда мүмкіндігі шектеулі азамат жұмыс істейді. Филармонияларда қызмет ететін осындай өнер иелерінің гастрольдік сапарлары ұйымдастырылып тұрады, өңірімізде түсірілген түрлі анимациялық фильмдер мүмкіндігі шектеулі балалардың пансионаттарында көрсетіліп келеді» деді ол.

Биылғы жыл тарихи даталарға толы тамаша кезең болуымен де ерекше. Осы орайда Қазақ хандығына 550 жыл толу датасының маңызы зор. «Халқымыздың шерлі де шежірелі тағдырын тарих сүзгісінен өткізуге мүмкіндік беретін осынау кезеңде Оңтүстік өңірі нендей істерді қолға алды? Қандай зерттеу жұмыстары жүрді, фильмдер түсірілді? Осы мәселеде көршілес өңір киноиндустриясының үлесі қандай?» деген сауалымызға орай, делегация өкілдері басты жетістік ретінде «Қазына» деп аталатын этно-тарихи кешеннің іске қосылғандығын атап өтті. «Ұлы дала өсиеті» деген атаумен жарық көрген тарихи кітап та рухани құндылықтарға толы. Ғалымдардың қатысуымен жүргізіліп жатқан зерттеу жұмыстарының да маңызы зор. Жаз мезгілінен күзге дейін жалғасқан арнайы экспедицияның нәтижесінде жергілікті мұражайлар құнды жәдігерлермен толықты, экспонаттар қоры көбейді» деген Оңтүстік Қазақстан облысының мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Күлия Айдарбекова «Оңтүстiк-фильм» киностудиясының Қазақ хандығының 550 жылдығына орай, «Өскен өлке», «Көне қалалар», «Қазыналы Оңтүстік» деп аталатын қысқаметражды фильмдерді, бейнероликтерді түсіргенін атап өтті. Оның айтуынша, «Оңтүстiк-фильм» киностудиясы отандық киноиндустрия саласының дамуына зор үлес қосып отырған бірден-бір талантты ұжым болып табылады. «Бүгінгі таңда киностудияның қорында сегіз мыңнан астам фильм қоры бар. Ағымдағы жылдың алғашқы тоғыз айында киностудия 102 деректі фильм, 33 көрсетілім ұйымдастырды» деді ол.

Журналистерді қызықтырған өзге де сауалдарға жауап берген меймандар өнер мен мәдениетке деген қолдаудың қашан да жалғасатынын айтты. «Себебі, рухани байлық ұрпақтан-ұрпаққа қалатын бірден-бір өшпес құндылық болып табылады» дейді олар.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА. 

 

Өнер мен мәдениет өлкесінің рухани, тарихи мұраларына арналған «Қазыналы Оңтүстік» көптомдығының биыл 21 томы;

Жеңістің жетпіс жылдығына орай, «Ерлік – елге мұра» кітабы, «Оңтүстік Қазақстан облысынан шыққан батырлар», «Оңтүстік қазақстандық жауынгерлер», «Солдатские наследие Юга» естелік кітаптары;

Рухани құндылықтардан сыр шертетін «Өркендеген, көркемденген Оңтүстік», «Ұлы дала өсиеті» атты кітаптар жарық көрді; 

Оңтүстік Қазақстан облысында айрықша маңызы зор 1249 археология және сәулет ескерткіштері бар;

Оның ішінде халықаралық маңызы зор Қожа Ахмет Яссауи кесенесі;

Республикалық маңызы бар 33;

Жергілікті маңызы бар 434, 782 тарихи-мәдени мұра объектілері тіркелген; 

Оңтүстік Қазақстан облысындағы мәдениет және өнер мекемесінің жалпы саны – 752 

427 Кітапхана

266 Клуб мекемесі

25 Мұражай

2 Көркемсурет галереясы

8 Кәсіби театр

            2 Кинотеатр

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button