КӨШКІН АТА ХАҚЫНДА КІМ БІЛЕДІ?

Атырау қаласының жұртшылық «элеватор жақ» атап кеткен тұсында, «БИПЭК» автокөлік базасына барар жолдың жиегінде жападан-жалғыз бір құлпытас оқшау тұр. Оның бетіндегі қашалған жазу әлдеқашан өшіріліп қалған. Сол құлпытастың бетіне жақында біреу «Көшкін ата» деп қызыл бояумен көрінетіндей етіп жазып кетіпті.

Бұл туралы бізге өлке тарихының үлкен жанашыры, көне ескерткіштерді жаңғыртумен мақсатты түрде (Ресей жеріндегі Бөкей хан, Сейіт Баба, Атан ханым, Өзбекстандағы Әйтеке би кесенелерін көтеруге тікелей үлес қосқан және т.б.) айналысып жүрген қайраткер азамат Мұхит Ізбанов айтқан еді. Өзі мемлекеттік басшылық (ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жем-қорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары) қызмет атқарса да, осындай елдік мұраттарды жоғары қоятын, әрі сол жолда тынбай ізденетін ол «бейіті бұзылмай оқшау тұрған бұл да тегін тұлға болмас, оның кім екендігі нақты анықталса, басына ескерткіш тақта орнатқан жөн болар еді» деп ойын білдірген.

Біз де бейіт басына арнайы барып көріп, суретке түсіріп, жариялап отырмыз. Егер осы Көшкін ата туралы білетіндер болса, редакцияға хабарласуын сұраймыз. Мүмкін, бұл да өткен тарихымыздың ақтаңдақ беттеріне қосылған тың жаңалық болар. Кім біледі?..

Облыстық «Атырау» газетінің редакциясы, байланыс телефоны: 45-86-43.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз