Жарнама
Мәдениет

МҰСТАФА ШОҚАЙДЫҢ МҰҢЫ

Атынан-ақ көрініп тұрғандай, аталмыш спектакль 1917 жылы уақытша өкімет құлап, барлық билік большевиктердің қолына өткенінен кейін коммунистік жүйеге қарсы топтар жағына шығып, ақыры шетел асып барып, өмірінің соңына дейін түркі әлемінің бірлігі, «Тұтас Түркістан» идеясын жүзеге асыру үшін күресіп кеткен Алаш қайраткері, қазақ халқының аяулы ұлы – Мұстафа Шоқай туралы.

Елінің азаттығын аңсаған азамат Мұстафа Шоқайдың өмірі, саяси қызметі Кавказ, Түркия, Франция елдеріндегі эмигранттық тағдыры, айдауға түскен кезде көрген қиыншылықтары айқын көрініс тапқан. Спектакльдің қоюшы-режиссері ҚР Мәдениет қайраткері Қажыахмет Рахметов тарихи туындыны жан-жақты зерттеп, тыңғылықты дайындағаны, оқиға желісінің тартысты құрылуы айқын аңғарылады.

Қойылым бас кейіпкердің монологінен бастауын алып, сүйген жары Марияның күйеуіне деген адалдығымен жалғасын табады. Сүйікті жары, опера әншісі Мария Горина жолдасының жанын түсініп, өз қызметін құрбан қылады. Бұдан кейінгі басталған оның эмиграциядағы өмірі де қиыншылыққа толы еді. Әсіресе, арда азаматтың мұхит асып, Парижге аттанған сәті сәтті суреттелді. «Өз еліме симай, қимай…» деп егілгенде залдағы көрермендер де көз жасына ерік берді. Әрі қарай, жат жердегі Мұстафаның өмірі, жаны күйзеліп, ұйқыға кеткен шақтағы қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсыновтың «халқың жетім қалды. Елді алға сүйрейтін өзіңнен басқа жан қалмады» деп аян беруі де әсерлі шықты. Өз халқының тәуелсіз болашағы үшін білек сыбанып, ымырасыз күреске түскен қос ердің арман-мақсатының үндестігі бұл.

«Түркістан легионына» да жетекшілік етуі елін азат етуге аз да болса әсері бола ма деген ниеттен туғаны да көріністе айтылды. Немістің бірнеше лагерін аралап, тұтқындағы ондаған мың түркістандықпен кездеседі, оларды өлім тұзағынан құтқарып алуды өзінің бірден-бір борышы санайды. Түркістандық жас баланы атқан жендеттің озбыр образы да сол заманның жиіркенішті саясатының көрінісі еді. Бұған жаны күйзелген Мұстафа «Сіздер немістер өздеріңізді Еуропадағы ең мәдениетті халықпыз деп санайсыздар. Егер сіздердің мәдениеттеріңіз менің көріп жүргендерім болса, онда мен сіздерге тұтқындардың шеккен азабын көрулеріңізді тілеймін. Сіздер XX ғасырда өмір сүре отырып, XIII ғасырда Шыңғыс ханның жасаған зұлымдығынан асып түстіңіздер. Мәдениетті халық екендіктеріңізді айтуға хақыларыңыз жоқ» деп ішкі запыранын ақтарғаны ұлтын сүйген ұлы азаматтың жерлестері тартқан азапты көріп жүрегінің ауырғанын, жанының күй-зелісін әлемге жариялап тұрғандай. Драма соңында аңғал да сенгіш арда азамат Мұстафа сатқын Уәли Каюмнің шайға қосып берген уынан қаза табады…

«Мұстафа Шоқай» – тарихи шындыққа құрылған шығарма. Ұлттық мүдде мен рухани мұра астарындағы драма бабалар арманы жолында күрескен есіл ерлер еңбегін айқындайды. Спектакльдегі романтикалық сәттер де жақсы шыққан.

Арман-мақсаты бүгінмен өзектесіп жатқан қайраткер бейнесін сомдаған Бекзат Омашев спектакльдің көшін сүйреді десек артық айтқандық емес. Оның азаматқа тән салқынқандылықпен, сабырлы мінез бен салиқалы дауыс ырғақтары үйлесім тапты.

Неміс офицері Шульц пен Розенберг рөлдері де керемет шықты. Олардың бейнелері арқылы сол заман әсерлі суреттелді, бұл жағынан автор да, режиссер де, актер де сүрінбеді. Сол секілді, сатқын, жымысқы Уәли Каюмды – Нұржан Хасенов, «шаш ал десе, бас алатын» тергеушіні Азамат Нұрғамыс асқан шеберлікпен, сәтті сомдады.

Семейдің Абай атындағы мемлекеттік қазақ музыкалы-драма театры еліміздегі басқа да театрлар тәрізді белесті биіктерге қол созып келе жатқан өнегелі орда. Айта кетелік, Р.Отарбаевтың «Мұстафа Шоқай» драмасы 2010 жылы Алматы қаласында өткен Орталық Азия мемлекеттерінің III Халықаралық театр фестивалінде «Ең үздік пластикалық шешім» аталымымен марапатталған болатын. Ал, 2012 жылы Түркия мемлекетінің Кония қаласында өткен «Мың тыныс және бір дауыс» атты түркітілдес театрларының Халықаралық фестиваліне қатысып, арнайы дипломмен марапатталды.

Сонымен, бұл ел руханиятына қосылған тамшыдай болсын үлесі бар тарихи туынды болды. 

Жаңа өмірдің жаңару белгісін көрдік

Театрлар фестивалі әрі қарай Оңтүстік қазақстан облыстық әзіл-сықақ және сатира театры ұсынған «Аяулым Анфиса» немесе «Әбутәліп әпенді» қойылымымен жалғасын тапты.

Траги-комедиялық жанрда жазылған дүние адасу – табысу, жоғалу-табылу, кету-келу және қоштасу мен көрісу секілді өмір ағымында кездесетін сәттерге құрылған.

Қойылым барысында тылсым дүниенің тереңге толы кезеңдері көз алдыңызға оралады. Бұл кезеңдерде түрлі адамдардың тағдыры бейнеленгенімен, бір тағдыр, бір өмір суреттелетін таласқа толы өмірде өз орнын жоғалтып, қайта табудағы тартыс көңілге күлкі сыйлайды. Қойылымда астарлы күлкі арқылы көрсетілетін, сан түрлі науқанды басынан өткерген ұлт тарихындағы бұл кезең де болашаққа сабақ болары анық. Бұл есті өмірде есті іс бар, жаңа өмірде жаңару барын суреттейтін туынды болды. Көріністері иланымды. Мазмұны, қойылымы жағынан көпшіліктің көңілінен шықты. Уытты әзілдің астарына үңілсеңіз бүгінгі заманның шындығына қайта-қайта орала бересіз. Мәселен, бейіттің кеңдігі мен биіктігіне, күмбез етіп салынғанына таңғалған жат елдік Евгений Матовичтің «тірілерден гөрі өлілердің жағдайы жақсы екен» деген бір ауыз сөзі арқылы адамдардың байлыққа мақтану, масаттану секілді сүйкімсіз әрекет-істерін жеткізген. Сол секілді, о дүниелік болған жанның артында қалған мұрасына, дүниесіне таласу, бір-бірімен жарыса салынған зираттар, ауыз жаласып, жемқорлыққа бару секілді қоғамда бар қылықтар шебер берілген.

— Әбутәліп әпенді комедиясы – мағынасы жоғары, классикалық туынды. Өйткені, адамға ой салатын шығарма. Бұл шығарманы сахналаудағы мақсат – адамның көңілін көтере отырып, ой салу, тәрбиелеу. Көріп отырсаңыз, күліп отырып, ойланасыз … Осы туындыны қоюды былтырдан бері ойлап жүргенбіз. Фестивальдің аясында сахналап отырмыз. Жалпы, мен фестивальдің түр-түрін көрдім. Атырау облысы әкімдігінің Р.Отарбаевты қолдап, мынадай ауқымды шара ұйымдастыруы – шығармашылық адамына, өнерге деген құрмет. Бұл Қазақстанның театр әлемі үшін өте маңызды және айтулы оқиға. Шығармашылық адамдарының бір-бірімен танысып, тәжірибе алмасуларына үлкен әсер етеді. Залда ине шаншар орын болмады. Атырау халқының рухани мәдениетіне ерекше риза болдым, — дейді «Ерен еңбегі үшін медалінің иегері» Уәлибек Әбдрайымов.

Әбутәліп әпенді образын сомдаған ҚР Мәдениет қайраткері Жүсіп Ақшора әр оқиғаның, шиленіс пен шытырманның ажарын аша түсті. Евгений Матович – Нұржан Құлшынбаев жас та болса, шеберлігімен елді тәнті етті. Ал, Евгенийдің жары Анфисаны сомдаған Гүлжанар Сазанбайқызы тәжірибе мен еңбегінің арқасында мүддеден шыға білді. Қойылымда обком хатшысының бейнесінде «Ерен еңбегі үшін медалінің иегері» Уәлибек Әбдрайымовтың ойнауы қойылымның мазмұнын арттырды.

Рита ЖАЙҒАЛИҚЫЗЫ.

Суреттерді түсірген

Ерлан АЛТЫБАЕВ.

 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button