ҰЛЫ ДАЛА РУХЫН АСҚАҚТАТҚАН

Әзидолла Есқалиев атындағы «Алтын домбыра» республикалық күй сайысы жас таланттарды танытты
Қазақ күй өнерінің саңлағы, әйгілі композитор Әзидолла Есқалиев биыл сексеннің сеңгіріне шығып отыр. Ол – Қазақстанның халық әртісі, «Құрмет» орденінің иегері, профессор. Еліміз оны қазақтың күйін әлемге танытушы, күй атасы Құрманғазы мен Динаның дәстүрлі ісін алға жалғастырушы тұлға ретінде бағалайды. Тау тұлғаның мерейлі жасына орай «Әзидолла Есқалиев» атты кітап жарық көрді. Жаңа туындының тұсауын облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов кесті.

Құрманғазы атындағы мәдениет сарайында әйгілі күйші атындағы «Алтын домбыра» республикалық күй сайысы салтанатты жағдайда басталды. Оған еліміздің түкпір-түкпірінен арнайы келген өнер майталмандары жиналды.
«Қай халықтың да ұлттық болмысын білдіретін, бет-бейнесін айқындайтын өзіндік мұрасы болады. Қазақтың домбырасы-ата-бабаларымыздан қалған біздің осындай ұлы мұрамыз. Домбыра талай ұрпақтың бесігін тербетті, ерлік пен елдіктің, адамдық пен адалдықтың күйін шертті. Ал, Атырау –күй атасы Құрманғазы, күй анасы Дина сынды қасиетті домбыраның дарындарын туғызған дала. Кейінгі ұрпақ олардан қалған тамаша өнерді әлемге паш етті» деген облыс әкімі Әзидолла Есқалиевтың қазақ музыкасында өшпес із қалдырған дара тұлға екендігін атап өтті. «1957 жылы Мәскеуде өткен Бүкілодақтық орындаушылар байқауының лауреаты атанған Әзаға дүниежүзілік жастар мен студенттер фестивалінде қазақтың күйін қасиетті қара домбырамен шебер орындап шығып, алтын медальға ие болған еді. Әйгілі күйшінің орындаушылық қасиетін, әсіресе батыстың төкпе күйлерін орындаудағы ерекшеліктерін өскелең ұрпаққа үлгі ету маңызды» деген облыс басшысы Бақтықожа Ізмұхамбетов Қазақстанның халық әртісі Әзидолла Есқалиевке және Дина Нұрпейісова атындағы облыстық академиялық халық аспаптар оркестрінің бас дирижері, «Құрмет» орденінің иегері Орақ Жауыровқа «Атырау облысының Құрметті азаматы» атағын табыстады.
Күй өнерінің саңлағын құттықтауға сонау Алматыдан Қазақстанның халық әртісі, белгілі өнер қайраткері Алтынбек Қоразбаев та келді. «Қос ішекті домбыра десе, көзіме Әзидолла аға елестейді. Ол – тұтас қазаққа ортақ күйші. Бүгінде шәкірттеріңіз өзіңізден асып жатыр. Бұл – ұстаз үшін ең үлкен бақыт» деген өнер қайраткері мерейгерге игі тілектерін арнап, сыйлығын табыс етті. Күйшіні сондай-ақ Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті, Құрманғазы, Исатай аудандарының әкімдіктері өкілдері құттықтады. Одан әрі күй саңлағына келіп жеткен құттықтау хаттар оқылды. Ізгі тілекке толы хат жолдағандардың арасында Халық жазушысы Әбіш Кекілбаев, Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов те болды.
Күй – кітапта емес, домбыраның шанағында жазылған қасиетті шежіре. Сол себепті болуы керек, жалпы әлемдік музыкада да күйдің алатын орны өз алдына ала бөтен. Өйткені, қара домбыраның шанағымен өрілген қазақтың күйі қиял-ғажайып тақырыптардан бастап, жорық сарындары, жаугершілік кезеңдерде ел есінде қалған айтулы батырлар, ақылды аруларға дейін, сондай-ақ, қара халықтың күйзелісі мен қаһарман ерлігін өлмес өнер тілінде бейнелеген теңдесі жоқ музыка үлгісі. Міне, осындай тамаша күй жанрының шырқау биігіне көтерілген Қазақстан Республикасының халық әртісі Әзидолла Есқалиев атындағы «Алтын домбыра» ІІІ республикалық күй сайысына Алматы, Астана қалаларынан, Қызылорда, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Ақмола, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Маңғыстау және біздің Атырау облысынан жас орындаушылар қатысты.
Сайыс екі кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде конкурсанттарға Құрманғазының «Балқаймақ», Динаның «Науысқы» және Әзидолла Есқалиевтың «Жастар» атты күйлерін өзге аспаптардың сүйемелдеуінсіз, яғни қасиетті қара домбырамен орындау міндеттелді. Сайыс басталған бейсенбі күні кешке екінші кезеңге өткен үміткерлер белгілі болды. Барлығы 29 орындаушыдан екінші кезеңге 17 үміткер жолдама алған екен. Сайысқа қатысам деушілерге еш шектеу қойылмаған. Яғни, үміткерлердің арасында студенттер де, оркестр әртістері де, ансамбль домбырашылары да болды.
«Жалпы жас орындаушылардың шеберлігі қандай деңгейде? Үміткерлер нендей ерекшеліктерімен іріктелді?» деген сауалдарымызды қазылар алқасының мүшесі, әнші, композитор, «Құрмет» орденінің иегері Гүлнар Даукеноваға қойған едік. «Бұл, негізінен, кәсіби домбырашылар үшін ұйымдастырылып отырған конкурс. Қатысам деушілерге шектеу болмағандықтан, мұнда өнер мектебінің оқушысына дейін келіп отыр. Ең бастысы, балалардың домбыраға деген ықыласы ерекше. Тағы бір айта кетерлігі, біз үміткерлердің барлығын тыңдадық. Көбіне конкурстарда орындаушылардың шамасы байқалған кезде қазылар оларды тоқтатып тастайтын. Біз қатысушыларға соңына дейін мүмкіндік бердік. Санап отырсақ, таңертеңнен кешке дейін үш күйді 87 мәрте тыңдаған екенбіз. Енді екінші кезең бұдан да тартысты өтеді деп ойлаймын. Ең бастысы, біз шын талантты анықтау үшін жұмыс істейтін боламыз» дейді ол.
Музыкатанушы, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының профессоры Айтжан Тоқтаған, Қазақстанның еңбек сіңірген әртістері Роза Айдарбаева мен Айгүл Үлкенбаева, Қазақстанның еңбек сіңірген Мәдениет қызметкері Ермек Қазиев, композитор Гүлнар Даукенова, белгілі өнер қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Орақ Жауыров, Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясының профессоры Ғизат Әдепқалиев сынды өнер дүлдүлдері қазылық еткен конкурс барысында өнер майталмандарының жоғары бағасын иеленген жас дарындарға екінші кезеңде Құрманғазының «Машина» атты шығармасын орындау міндеттелді. Сондай-ақ, оларға Құрманғазының «Балбырауын» және Ә. Есқалиевтың репертуарындағы «Тойбастар» шығармасын фортепианоның сүйемелдеуімен орындау жүктелді. Бұл тапсырмада орындаушыларға қалаған шығармасын таңдау еркі берілді. Екінші кезеңнің басты ерекшелігі билет суыру арқылы тапсырмада көрсетілген шығарманы мүдірмей орындауда болды. Өйткені, билет тапсырмаларына бірнеше күйшінің, атап айтқанда, Баламайсанның «Баламайсан», Құрманғазының «Төремұрат», «Теріс қақпай», «Жігер», «Арба соққан», «Ақбай», Абылдың «Нарату», Дәулеткерейдің «Жеңгем сүйер», Мәменнің «Қайғылы қара» атты шығармалары енгізілді. Репертуардың кенеттен бұлайша өзгеруі бір жағынан үміткердің шама-шарқын, дайындық деңгейін анықтауға мүмкіндік берген еді.
Бас жүлдені Шығыс Қазақстан облысынан келген ең жас конкурсант 8-сынып оқушысы Дастан Қазкенов иеленді. Жүлделі бірінші орынды Батыс қазақстандық Ақылбек Бектасов пен атыраулық Айнұр Сакупова өзара бөлісті. Екінші орын ақмолалық Берік Балтабеков пен Таңат Саденов, Жарас Сатыбалдиев атты алматылық жас орындаушыларға бұйырды. Үшінші орынды қарағандылық Назгүл Таңатар, маңғыстаулық Әсел Нұрсұлтанова, астаналық Еркебұлан Соңғыбаев пен атыраулық Зұлқарнай Қайратов иемденді.
«Сайыс өте тартысты өтті. Үміткерлердің барлығы да жоғары дайындықпен келген екен. Сондықтан да әділқазыларға шешім шығару оңайға түспеді деп ойлаймын. Бас жүлдені иеленген ең жас орындаушы Дастан Қазкенов тума талант екендігін мойындатты. Ешкімге ұқсамайтын домбыра қағысының өзі бізді ерекше тәнті етті», – дейді бізбен пікірлескен Мәдениет қайраткері Абат Кенжеғалиев.
Осылайша екі күн бойына Атыраудың аспанын тербеткен күй сайысы да мәреге жетті. Ең бастысы, аталмыш конкурс жас таланттарға жол ашып қана қойған жоқ, ұлттық өнерге шөліркеген тыңдарман қауымды қасиетті қара домбыраның қос шанағынан төгілген күй дастанның рахатына бөледі.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА,
Суреттерді түсірген
Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз