СААДАТ НҰРМАНОВ, АЙТЫСКЕР АҚЫН: АҚЫНДАРДЫҢ МЫҚТЫСЫ ЖЕКПЕ-ЖЕКТЕ ТАНЫЛАДЫ

Белгілі айтыскер ақын, жерлесіміз Саадат Шаяхметұлы Нұрмановты жұртшылыққа таныстырып жатудың өзі артық болар. Ол бірқатар жыр додаларында жиі бой көрсетіп, елдің қошеметіне бөленіп үлгерді. Сахнадағы салмақты сөз саптауымен, ой оралымымен көзге түсіп жүрген айтыскер ақынмен сұхбаттасудың сәті түскен-ді. Газет оқырмандарына сол сұхбатты қаз-қалпында ұсынғанды жөн көріп отырмыз. 

 

– Қазір Нұрмұхан Жантөрин атындағы Атырау облыстық филармониясында редактор болып қызмет атқаратыныңызды білеміз. Жұмыс пен айтысты қатар алып жүру оңай ма екен? Шығармашылық жай-күйіңіз қалай?

– Жұмыс пен айтысты бірдей алып жүру, әрине қиын. Біріне көңіл аударсаң, екіншісі төмендеп кетеді. Бірақ, филармония ұжымы менің өнерімді жақсы бағалайды, оны дамытуыма барлық жағдай жасап отыр. Көптеген айтыстарға қатысуыма да филармония басшылығы көмегін аямайды. Соңғы рет Маңғыстауда өткен республикалық ақындар додасынан бас жүлдені жеңіп алуым, менің ғана емес, Атырау халқының мерейі тасыған күн болды деп ойлаймын. Жеңістен кейін өзіме сәл үзіліс жарияладым.

– Облысымызда өткізілетін айтыстың деңгейі қандай деп ойлайсыз? Өзге аймақтармен салыстыруға келе ме?

– Қай жердің айтысында да жетістігі мен кемшілігі қатар жүреді. Қазір Атырауда айтыс жиі өткізіліп тұрады. Бірақ, деңгейі – орташа. Өйткені, Атырауда республикалық айтыс аренасына шығатын ақындар санаулы. Біз әлі де Атырауда айтыс өнерін дамыта алмай жүрміз. Көршілес Батыс Қазақстанмен немесе жыр сүлейлері шыққан Қызылорда, Жамбыл, Семей, Шығыстың айтыс мектептерімен бізді әсте салыстыруға болмас. Ол жақта айтыс өнері ежелден жақсы дамыған, ал біздің өңірде жыраулық дәстүр озық шыққаны мәлім. Бірақ, біздің де айтыскер ақындарымыз жоғары деңгейде дайындалатын болса, болашақта олармен тең түсетініне кепілдік бере аламын.

– Сіз айтыстың қалай ұйымдастырылғанын қалар едіңіз?

– Өзіме салса, айтысты жекпе-жек ұйымдастырылғанын қалар едім. Себебі, сөз таластырудың бар мақсат-мүддесі – жекпе-жекте. Ауыз әдебиетіндегі шоқтығы биік Біржан-Сара, Бала Ораз, Мұрат ақынның айтыстары да жекпе-жек түрінде өткен. Қазіргі айтыс негізінен заманға сай телевизиялық нұсқаға сәйкес, бір ақынмен, одан кейін екінші ақынмен, финалда тағы бір ақынмен айтысып, жүлде алып жатады. Оның да жақсы тұстары бар шығар?! Бірақ, жекпе-жекте шешіле сөйлеп, көсіле шауып, шашасына шаң жұқтырмайтын небір тұлпар екеніңді дәлелдеуге болады. Жекпе-жекте ақындардың мықтысы анықталады.

– «Заготовка», «Келісіп айтысу» дегенге не айтасыз? Қазір Атырау ақындарында суырыпсалмалық шын мәнінде бар деп ойлайсыз ба?

– Айтыс ақыны, біріншіден, суырыпсалмалық қасиетімен ерекшеленді. Өзіңіз айтып отырған «Заготовка», «Келісіп айтысу» дегенді екіге бөліп қарар едім. Айтыста «Заготовка» болуы – заңды. Мысалы, арқадан Біржан сал кезінде Сараны іздеп Жетісу өңіріне келгенде Сараның бүкіл жағдайын саралап көріп, салмақты ой түйгенін тарихтан білеміз. Ал, «Келісіп айтысу» деген – масқаралық. Соңғы уақытта айтыскер ақындар кітабын шығару үшін келісіп айтысып жатады. Себебі, айтыста кейбір өлең ұйқастары қайталанып отыруына байланысты кемшіліктер көп кетеді. Мықты деген ақындардың айтыстағы сөзін кейіннен тыңдасаң, үйлеспей тұрғанын көресің. Бірақ, өз басым келісіп айтысуға қарсымын. Жалпы, суырыпсалмалық Атырау ақындарында бар деп айта аламын.

– Қазір қандай айтыскер ақынның бағы жанып жүр? Атап айтқанда, мақтау айтатынның ба, шындықты айтатынның ба, әзілқойдың ба, сауатты-көркем айтатын ақынның ба немесе жеңіл-желпі ұйқаспен судыратындардың ба?

– Сіз айтқан осы категориядағы ақындардың қай-қайсысы да өз дәрежесіндегі айтыстан бәйгесін алып жүр. Мұның бәрі сол ортадағы адамның ой-өрісіне байланысты деп ойлаймын. Кез келген нәрсені сатып алып үйренген адам өнерді де сатып аламын деп ойлайды.

– Соңыңыздан өсіп келе жатқан жас ақындардың шалалығын, кемшілігін байқап отырасыз ба? Байқап қалсаңыз, не істейсіз? Барып өзіне айтасыз ба?

– Анық көрініп тұрған кемшіліктер болса, ақындарды жеке шақырып алып үйлеспейтін тұстарын айтамын. Бірақ, бұл оларды даттап, қатесін бетіне басу деген сөз емес. Оларға ағалық ақылыңды айта отырып, қанаттандыруың керек. Үлгі, жол көрсетудің ешқандай айыбы жоқ. Кейінгі кезде аты шығып келе жатқан жас ақындардың бірі – Шалқарбай Ізбасаров. Алғаш сахнаға шыққан кездегісі мен қазіргісін салыстыруға келмейді. Басында ол дауысын, ырғағын, сахнада отырысын игере алмайтын еді. Айтыс – сенкретті өнер. Сондықтан, ақын әртіс, әзілқой, әнші де болуы керек. Қазір Шалқарбайдың бойынан осындай қасиеттердің бәрін көруге болады. Тағы бір жас ақын – Өнербек Дәулекенов. Ол өлеңдерін алғашында жай характермен беріп жүрді. Оған «ер адам, оның ішінде батыстың баласы болғаннан кейін қандағы колорит, мықтылығың өлеңің арқылы менмұндалап көрініп тұруы керек» деп кезінде кеңес беріп едім. Ол да қазір нәтиже шығарғандай. Егер айтылған сыннан қорытынды шығармаса, кейін өз басым оны ақын деп санамаймын. Ондайлар да болған.

– Қазір Атырауда ең мықты айтыскер деп кімді атайсыз?

– Бұл – жанымды қинайтын ауыр сұрақ. Біреу деп айтпай-ақ қояйын, үзеңгілес, деңгейлес келе жатқан үш ақынды білемін. Оның біреуі – Жәнібек Садыров және Өнербек пен Шалқарбай. Олар алға қарай айтыста жүрсе, Атыраудың атын шығаратыны сөзсіз.

– Айтыскер ақын жан-жақты білімді болуы керек. Олардың бірқатары кітап оқымайды дегенді де естіп қалып жатамыз. Осы орайда қандай кеңес айтасыз?

– Сіздің бұл сұрағыңызға келісе алмаймын. Өзіммен қатарлас республикалық деңгейдегі айтыста жүргендердің бәрі кітап оқиды. Өйткені, анау Аманжол Әлтаев ағамыз – ғылым докторы, Мэлс Қосымбаев, Серікзат Дүйсенғазин, Айтбай Жұмағұлов, Балғынбек Имашев – ғылым кандидаттары. Ал, Мұхтар Ниязов – айтыста ғана емес, жазба поэзияның да төрінен орын алған ойлы ақын. Дәулеткерей Кәпұлы Рhd докторлық диссертациясын қорғауға дайындалуда. Мақтанғаным емес, осы кезге дейін өз басым үш мыңға жуық кітап оқып үлгердім. Мамандығым филолог болған соң ба, мен үшін кітаптың орны бөлек.

Қазіргі таңда көбі ақпаратты ғаламтордан алып жатады. Бірақ, компьютерде бәрі болмайтынын ескеру керек. Кітап оқыған адамның рухани өресі мүлдем бөлек болады. Әдеби кітап оқудың ләззатын тілмен айтып жеткізу мүмкін емес.

– Айтыскерлерге, жалпы жастарға қандай кітаптарды оқуға кеңес бересіз?

– Әркімнің талғамы әртүрлі. Бірақ, қаламды серік еткендер сонау ықылым замандағы Шалкиіз, Доспамбет, Ақтамберді жырауды, бертініректегі Шал ақын, Махамбет секілді дауылпаздардың шығармасымен сусындаған болу керек. Ал, Абайды оқымай, қазақты білем деу – ағаттық. Фариза Оңғарсынованың, Қадыр Мырзаәлінің жазғанын ешкіммен теңей алмайсың. Сондай-ақ, қазіргі буыннан кеңдік пен тапқырлықты Дәулеткерей Кәпұлынан, көркемдікті Қалқаман Сариннен, философия мен тереңдікті Бауыржан Қарағызұлынан, отты жырды Сабыр мен Светқалидан, қарапайымдылық пен жинақылықты Бауыржан Қалиолладан көруге болады. Ал, проза жанры – бір бөлек әңгіме.

– Кімдерді ұстаз тұттыңыз? Жалпы, ақынды тәрбиелеу керек пе?

– Қара сөздің ұстасы Рахымжан Отарбаевты, қара өлеңнің қайқысы Сабыр Адайды рухани ұстазым санаймын. Сондай-ақ, үлкен айтысты олжалаған, қазіргі таңда жазба поэзияның ауылына кетіп қалған Қойшығұл Жылқышиев ағамнан да көп нәрсені үйрене алдым.

– «Жұлын өзекті адамның толғанысы бітпейді» дегендей, қазір сізді не толғандырып жүр?

– Жасыратыны жоқ, мені адамдардың арасындағы ауызбірліктің жоқтығы толғандырады. Басқаны айтпағанда, мәселен, айтыстың өзінен біраз келіспеушілікті байқауға болады.

«Нұр Отан» партиясы ұйымдастырған айтысқа билік пен халық арасындағы алтын көпір деп қарау керек. «Нұр Отан» партиясы халықтық партия болуына бірден-бір атсалысқан Парламент төрінде тұрып халықтың жағдайын жасауға тырысқан батыс өңірінің тумасы Марат Оспанов деген азамат еді. Ағалардың салып кеткен сара жолын жалғап, есімін жаңғыртып, бағыңды сынағанның қандай кемшілігі бар?! Өткенсіз бүгін, бүгінсіз ертең жоқ. Бұл – жазылмаған заңдылық. «Өткенді ұмыту – тарихты ұмыту» деген бар. Айтыста қазір мені осы ойлар мазалайды.

Ақын сөзі өткір болады, ол әрқашан билікке жетеді. Оны «Нұр Отан» партиясы ұйымдастырып келе жатқан айтыстан көруге болады. Мысалы, айтыскер Біржан Байтуовтың кешегі Жамбылда өткен айтыстағы ескертпесінен кейін әкімнің қорытынды шығарып, мәселе-нің мәнісін анықтауы – соның дәлелі.

– Айтыс өнерінен бөлек, ән айта алатын қабілетіңізді көріп жүрміз. Жергілікті сазгер, бард ақын, марқұм Табылды Досымовты еске алу фестивалінде ән айтқаныңызды білеміз. Сауатты, есті әншілердің қатарын толықтыруды ойлаған жоқсыз ба?

– Ән айтумен кәсіби түрде айналыспаймын. Мектеп кезінде домбырамен терме, гитарамен ән айтқаным болмаса, дендеп көңіл қойған жоқпын. Ал, Табылдының әнін түгелге жуық білемін. Себебі, оның әндері жаныма жақын. Сондықтан, Табылды Досымовтың фестивалінде бард ақынның аруағы риза болсын деген ниетте ән айтқаным рас. Бірақ, бәйге алып, әнші атанып кетейін деген ойымда болмады. «Халық қаласа – хан түйесін сояды» дегендей, халық қолдап жатса, халық шығармашылығын насихаттап қана ән айтамын. Қазір шоу-бизнес адамға көп табыс әкеледі, әншілікпен айналысқаның дұрыс деп жататын жолдастарым да бар. Бірақ, мен үшін ең қымбаты – айтыс өнері.

– Алда қандай мақсатыңыз бар? Шығармашылық кеш өткізуді, жазбаларыңызды жинақтауды ойластырдыңыз ба?

– Теледидардан бес жыл бойына айтыс көрсетілмей, тыйым салынған кезеңде айтыста айтылған сөздерім далада қалды. Бір ескерте айтарым, айтысқа еш уақытта қарсыласымды жеңемін деген жалқы мақсатпен шыққан емеспін. Еліме рухани тұрғыда бір-екі сәтті шумағым жүректен-жүрекке жетсе, мен үшін үлкен жеңіс сол еді. Шоқтығы биік айтыстарым Балғынбек Имашевпен, Ринат Зайытовпен, Айбек Қалиевпен айтысқан сәттерім еді. Өкінішке қарай, ол айтыстар эфирге шықпай қалды. Одан кейінгі түсірілімге іліккен айтыстарымды да жинақтап, басын біріктіре алмай жүрген жайым бар. Айтыс біткеннен кейін, таспаға түсірген операторлардан жазбаны сұрасаң, көбі жекеменшік, сатуға бейімделіп тұрады. Біреуі – қырық мың теңге. Қалтамнан шығарып бере салатын ондай сәтте қаржы бола бермейді.

Қаржылық жағынан маған негізінен достарым көмектесіп келеді. Солардың арқасында айтысқа қатысып жүрмін. Алға қойған ендігі мақсатым – шамам келгенше, жеке шығармашылық кешімді өткізгім келеді. Өмір жайлы өлеңдерімді, айтыс топтамаларымды жеке кітап етіп шығару ойымда бар. Әрине, бәрін уақыт көрсетеді.

– Өнеріңізді жалғастыруға талапты ұл-қыздарыңыз бар ма?

– Өз басым балаларымның өлеңге жақын болғанын қаламаймын. Өйткені, ақындық жолдың ауыр екенін жақсы білемін. Төртінші сыныпта оқитын Диана деген қызымның өлең шығаруға қабілеті бар. Өткенде, Алматыға барып, «Алматы қаласы» деген өлең жазып келіпті. Оған «өлеңді емес, сабағыңды дұрыстап қара» деген едім. Екі ұлым спортқа бейім. Ұл-қызымның сабақтарын жақсы оқып, ақын емес, елдің қалаулы азаматы атанғанын қалаймын.

– Риясыз әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан

Нұргүл ЫСМАҒҰЛОВА.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз