«Көрісу» неге тек байтақ Қазақстанның батыс бөлігіне ғана тән?
Мұқият көз тоқтатқан адам «көрісудің» географиялық аумағы байтақ Қазақстанның негізінен Кіші жүз территориясымен шектелетінін аңғарары хақ. Неге бұлай? Демек, «көрісудің» құпия кілтін ашқымыз келсе, өлке этнографиясының ерекше қыры мен сырына тереңірек үңіліп, өңір тарихының тұңғиығына бойлай түскеніміз жөн.
Көрісу ғұрпының тамыры қайда жатқанын індете зерттеген этнографтар мен тарихшылар аталмыш салттың төркінін көне түркі-моңғол дəстүрімен байланыстырып жүр. Хош! Мəселен, Маңғыстау өлкесінің тарихын ұзақ уақыт бойы зерттеген Андрей Астафьев «Амал (Көрісу) мерекесінің тамыры моңғол мен тувалық халықтарда жатқанына» зер салса, тарихшы Асылбек Байтанұлы «Шаған (Цаган сар)-моңғол халқының дəстүрлі жаңа жыл мерекесі күнінде тойланатын «Золгох» дəстүрі мен біздегі «Көрісу» күнінің тұспа-тұс келуінде ерекше мəн бар екеніне» көңіл бөледі. Келтірілген ой-тұжырымдардан нені байқап, қандай жайтты аңғаруға болады?
Осы ретте əлі күнге дейін жұртшылық көп назар аудара қоймаған өлке тарихындағы бір жасырын сырды суыртпақтауға болатын сияқты. Ш.Уəлихановтың пайымдауы бойынша «Еділ мен Жайық – орыстардың Алтын Орда деп атайтын жері». Əлбетте, ЕділЖайық аралығы Алтын Орданың эпицентрі, астаналары СарайБату мен Сарай-Берке – Еділдің, Сарайшық – Жайықтың бойында жатқанын ешкім жоққа шығара алмайды. Зерттеуші В.Л.Егоров «Алтын Орда аумағында 110-140 қала болғанын» сипаттаса, тарихшы Э.Зиливинская олардың саны «210 шаһарға жеткеніне» сенімді. Солардың бірі – өзіміздің Жайық қалашығы (ХІІІ-ХV ғғ.).
Өткен жолы жариялаған «Осы жұрт «Хан тоғайын» біле ме екен?» деп аталатын жазбамызда сол Алтын Орда заманынан күні бүгінге дейін еш өзгеріссіз жеткен Орал қаласындағы бірнеше топонимикалық ат ауларға т о қ т а л ғ а н б ы з . М ы с а л ы , «Курень», «Перевалочная роща», «Басқақ көпірі», «Хан тоғайы», «Қырықкөл», басқа да осы өңірдегі жер-су атауларының моңғол қабатынан көптеген мысалдарды тізіп, Шаған, Шыңғырлау, Нарын, Сайхын, Далбын, Шоңай, Жəнібек, Шағат ай,Түмен, Мұқыр, Қалдығайты, Жымпиты, Бұлдырты, т.с.с. жалғай беруге болады. Бір қызығы, моңғолдың жаңа жыл мерекесі Шаған (моңғолшадан аударғанда «ақ өзен», «пəк су» деген мағынаны білдіреді екен) атымен аталатын Орал қаласының түбінде өзеннің бар екені де кездейсоқ емес сияқты. Моңғол империясының құрамына енген ел ретінде мұндай атаулар Қазақстанның өзге де өңірлерінде кездесететінін айрықша атап өткен дұрыс.
Қ ы с қ а с ы , Е д і л — Жа й ы қ аралығындағы Алтын Орда мен Ноғайлы тарихын мұқият саралау өлке тарихының ақтаңдақтарын ашуға септігін тигізері анық. Қала мəдениеті мен дала мəдениеті ерекше астасып, өзара үйлесім тапқан ғажайып дəуір халық аузында сақталып, ұрпақтанұрпаққа үзілмей жеткен. Қазақтың ұлы ғалымы Ш.Уəлихановтың: «Жəнібек (біздіңше, бұл жерде Алтын Орда ханы Жəнібек Өзбекұлы (1342-1357) айтылып тұрған сияқты – Ж.Ж.) билік құрғанда, туыстас қазақтар мен ноғайлар бірге көшіп-қонған, ол кез қазақ жырларында алтын ғасыр деп аталады. Қазақтардың көптеген аңыз-дастандары да сол ғасырға дөп келеді.
Сондай-ақ, Жиренше шешеннің бірлік, тəлім-тəрбиелік нақылдары, əділ хан Əз-Жəнібек те, Ноғайлардың философ-данасы Асан Қайғы да осы күнге дейін далалықтардың аузынан түспейді» деп тамсана жазуы бекерден-бекер емес. Бұл біздің бабаларымыздың күндей күркіреген дəуірі-тін. Кіші жүз аумағында кеңінен таралған «осы ғұрыптан еліміздің өзге өңірлеріндегі бауырларымыз неліктен хабарсыз?» деген сауал əр қазақты мазалап, ойландырары сөзсіз.
Осы орайда тарихшы Е.Бекмақанов инженер М.Тынышбаевтың зерттеулеріне иек артып, «Ұлы жүздің қазақтары жалпы Алтын Орданы білмесе, Орта жүздің қыпшақтары мен арғындары Алтын Орда мен ноғайлар жайындағы батырлар жырының алшындардан шыққанын біраз біледі», — деу себебіне көз жіберген дұрыс сияқты. Неге? Өйткені, Атыраудан Алтайға, Арқадан Алатауға дейін жайылып жатқан, ұшса құстың қанаты талатын, шапса тұлпардың тұяғы тозатын ұланғайыр далада шашырай орналасқан ат төбеліндей аз ғана қазақтың: «Əр елдің салты басқа, иттері қара қасқа» деген тəмсілін түсінудің еш қиындығы жоқ.
Қалай болғанда да қазақ этногенезінің қалыптасуында «моңғол факторын» жоққа шығару əсте қиын. Қазақ халқының салт-дəстүрінің өзегі көне түркі-моңғол симбиозында (қоспасында) жатыр һəм соның дəлеліндей көптеген əдетғұрпымыз бен салт-дəстүрімізде ұқсастықтар көп. Оның бəрін жіпке тізе берсек, тақырыптан ауытқып кетуіміз мүмкін. Таңданарлығы сол, бізге жеткен тарихи деректер ХV ғасырға дейінгі Ресейде де 14 наурыз – жыл басы боп есептеліп, дүркірей тойланғанынан хабар береді. Атағы айға жетіп, ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс болып тұрған Алтын Орданың айбынды хандарына салық төлеп, пұшайман күйге түскен қоңсыларымыздың жай-күйі көз алдыңа келеді.
Кешегі күні төрткүл дүниені тітіренткен Алтын Орданың шексіз құдіретіне тағы бір таңқалып, «шіркін, біздің бабалар-ай…» дейсің де қоясың?! Ойымызды тобықтай түйсек, «көрісу күніне» орай зерттеу жүргізген этнограф-ғалымдардың пайымдары мен «көрісу күнінің» географиялық ерекшелігіне байланысты туындаған ойлар бен болжамдардың қысқаша түйіні – осы! P.S. Құрметті оқырман! Біздің осы пікіріміз шыңғырған шындық, айдай анық ақиқат деуден аулақпыз, әрине. Мақсат – ақиқатқа апарар із бен сүрлеуді тынымсыз іздеп, сол жолға түсу ғана.
Жаңабек ЖАҚСЫҒАЛИЕВ,
М.Өтемісов атындағы БҚУ доценті, тарих ғылымдарының кандидаты,
Орал қаласы