Көрерменін жылатқан қойылым
Қазақ халқының жүрек тереңіндегі азалы тарихты көзге жас келтіріп жеткізген Смағұл Елубайдың «Ақ боз үй» романы негізінде сахналанған үнсіз спектакль бүгінде көрерменді ойландырып, өткенімізбен қайта жүздестірген туынды болды. 1930-33 жылдардағы қазақ даласындағы ашаршылық пен ұжымдастыру қасіреті бұл қойылымда сөзсіз, үнсіз, бірақ шынайы жеткізілген. Әрбір қимыл мен ишара – жан жарасын үнсіз, сөзсіз түсінуге шақырады. Жастар театрының 20 әртісі перформанс жанрында сахналанған бұл қойылымды ұсына отырып, ұлттық тарихтың қайғысы мен үмітін жаңғыртқандай.
Режиссер Гауһар Адай бұл қойылымда күрделі мінез бен сезімдерді сөзсіз жеткізу үшін ұзақ ізденгенін, эмоцияны ішкі қуат арқылы шынайы жеткізе алатын актрисаны тапқанша, біраз уақыт өткенін айтады. Осы ізденістің нәтижесінде Атырау жастар театрының актрисасы Әйгерім Силықова Хансұлу бейнесін сомдауға лайықты деп танылады. Өршіл рухы мен ұлттық сана-сезімін терең сезіне алатын Әйгерім басты кейіпкерге айналып, өзінің нәзіктігі мен қайсарлығымен жүректерге жол тауып отыр.
– Бұл қойылымға актрисаны ұзақ іздедік. Өршіл мінезді кейіпкердің рөлін батыстың қызы сомдағанын қалағанымыз да рас. Осындай ұзақ ізденістен, сүзгіден, електен өткізгендей таңдалған актриса – нағыз бағы бар жан. Бұл жанр Атырауда алғаш рет сахналануда. Артистерге де шеберліктерін шыңдауға жақсы мүмкіндік туды,-деді Гауһар Адай.
Қоюшы-суретші Гүлдана Алина көркемдік ерекшеліктерге айрықша көңіл бөлген. Ашаршылық трагедиясын символдық реңкте жеткізу үшін сахнада қара, жасыл және қызыл түстер пайдаланылған.
«Қара түс – жарақаттар мен қайғыны, жасыл түс – үміт пен өркендеуді, ал, қызыл түс – халқымыздың жеңісін бейнелейді» дейді Гүлдана Алина. Бұл символика әрбір көріністе терең мағына беріп, көрерменді әртүрлі эмоцияларға бөлейді.
Қойылымның айрықша шешімі – оның толығымен үнсіз өтуінде. Тарихтың үнсіздігі көрерменге сол замандағы ауыртпалықты тереңірек сезінуге мүмкіндік беріп, әр қимылдың ішкі мәнін ашып береді. Әрбір ым, әрбір қадам – күрес, қайғы мен төзімділік, махаббат пен үміттің символы. Бұл перформанс қазақ халқының ұжымдастыру кезіндегі тартқан азабы мен өмір үшін күресін сөзсіз жеткізеді.
Көрермендер арасында болған «Саф» әуесқой театрының студенттік режиссері Нұрлыгүл Достанова бұл қойылым туралы өз пікірімен бөлісті.
– Маған режиссердың нағыз минимализмді таңдағаны ұнады. Кейбір режиссерлер реквизит жоқтығын минимализм деп құтылып кетеді. Бірақ, қажет элементтер сахнаға сұранып тұрады. Ал, Гауһар Адай әрбір элементке мағына берген. Мысалы, Хансұлу дөңгелетіп жүрген шарды бір көрермен үшін дүние, екіншісі үшін өзгертіліп жазыла беретін тарих, үшіншісін уақыт деп түсінеді. Ұятты істі бір ағашпен-ақ жеткізгені – жинақы әрі анық шешім. Мұндайға бару үлкен тәуекелді қажет етеді. Актерлердің ойыны да таза, реттілікпен болды. Тіпті кейіпкерлердің сахнадан қалай жоғалып кеткенін аңғармай қалдық. Қыздың шашын біртіндеп жұлу арқылы сатқындық пен қызғанышты көрсетуі, ал радионы шаңырақ, заң, басшылық ретінде пайдалануы терең символиканы білдіреді,-деді Нұрлыгүл Достанова.
– Бұл жолы жаңа қырынан ашылған актриса Ақмарал Нысанбаева дер едім. Оның образы бұрынғыларына мүлдем ұқсамады. Қуанышбек Хайруллин мен Әйгерім Силықова ең керемет жұптық ойынды көрсетті. Қуанышты қамаған сәтте, темір тордан секіргенде «құлап кетпейді ме екен» деп алаңдап отырған көрермендерді байқадық – дейді ол.
Пластика мен инерцияны талап ететін бұл үнсіз спектакль – өте қиын, әрі күрделі шешім. Хансұлудың белдемшесінің астындағы сақинаға қамауы – оның сұлулығының өзіне қауіпті жау болғанын көрсетеді. Нұрлыгүл Достанова бұл қойылым туралы ойларын қорытындылап: «Бірден пікір айту қиын. Бұл қойылымды толық түсіну үшін оны сіңіріп, ой елегінен өткізіп, әр көріністің астарын ұғу қажет. Бұл шынайы өнердің көрінісі» деп түйіндеді.
Үнсіз қойылым арқылы режиссер Гауһар Адай ұлттық тарихымызды ұрпақ жадына жеткізіп, рухымызды жаңғыртуда. «Ақ боз үй» спектаклі бүгінгі ұрпаққа халқымыздың өткенін көрсетіп, тарихтың үнсіз қасіретін сезінуге мүмкіндік берді.
Жайна МӘЛІМҚОЖА