Дарынды бала — мақтанышымыз

whatsapp image 2022 04 04 at 15.16.07 e1649659358226 Мәдениет

5 жастағы Бақтықожа Нұрсеитұлы ән айтып, күй шертіп, қылқаламмен түрлі шедеврларды дүниеге әкеліп әрі би билеп, спортпен де айналысады. Бойында энергиясы көп бүлдіршін балабақшадан шығып, түрлі үйірмелерге барады. Шаршауды білмейтін Бақтықожаға көрген жан тамсанады екен.

Талант иесі машинамен ойнағанды ұнатады. Кішкентай болсада көліктің барлық түрін жатқа айтады. Бір қызығы Бақтықожа тек көлік маркаларымен ғана шектеліп қалмай, автобөлшектерін де біледі. Үйде бос уақыты болған кезде өзі ұнататын көліктердің суретін салғанды жаны сүйеді. Оның қолынан шыққан туындылар да көзі қарақты жанды сүйсіндіреді.

Бақтықожа «Амина-Зейнеп және балапандар» бөбекжай-балабақшасында карате спорт түрімен айналысады. Оқу-жаттығу кезінде үнемі алдыңғы шептен көрінетін ол бұл спортқа машықтанып кеткен. Анасының айтуынша, аталған спорт түрінен дайындығы жақсы. Алдағы уақытта жарыстарда бағын сынап көруге болатынын айтып өтті.

Бақтықожа Нұрсеит ән айтқанды жаны сүйеді. Қазіргі таңда Алтын Жұматина атындағы өнер мектебінде вокалдан дәріс алады. 1 жылдай уақыт осы жерде білім алып, өнер жолында өз кірпішін қалап үлгерді деуге болады. Республикалық «Құс жолы» білім және өнер байқауында жүзден-жүйрік, мыңнан тұлпар атанып «Вокал» жанры бойынша БАС ЖҮЛДЕНІ иеленді. Бүгінде Бақтықожа облыстық деңгейдегі түрлі шараларда ән айтып, сахна төрінен көрініп жүр.

  «Самат Бақтықожа талантты, адамгершілігі мол, тәрбиелі шәкірт. Сабаққа тиянақты дайындалып, берілген тапсырманы мұқият орындап келеді. Нұрмұхан Жантөрин атындағы Атырау облыстық филармониясының жанынан құрылған «Дарын» ер балалар хорына қатысады. Хор мен вокалда Бақтықожа бірінші дауыста. Вокалда өз қатарластарымен өте жақсы қарым-қатынаста. Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетіп жүретін Бақтықожаның болашағынан зор үміт күтеміз» , – дейді өнер мектебінің басшысы Алтын Жұматина.

Балабақша  – білім мен ортаға бейімделудің  тірегі, бастамасы десек, ал тәрбиеші  – сол балабақшаның  жүрегі, яғни олардың қолында баланың тағдыры тұрады. Бақтықожаны осынау үлкен өнер-білім жолына баулыған тәрбиешісі  ̶  Гүлмира Өмірханқызы. Ол талантты баланы қолына алған сәттен бастап түрлі сайыстарға қатыстырып, үйірмелерге жаздыруға ұсыныс айтып болашаққа деген алғашқы қадамдарының себепшісі болды. Бала тағдырына бей-жай қарамай, түптің түбінде осы бала бір жерді жарып шығады деп сенім білдіріп,өмір айдынында жол ашты. Бүгінде Бақтықожа бойына жақсы қасиеттерді жинап, барлық қырын көрсетіп, озат шәкірт болып жүр.

«Бақтықожаның атасы немересін 3 жасынан бастап домбыра шертуге үйретті. Қазірде домбырамен ән айтып жүре береді. Есімде тұсауын кескен кезде балам қолына домбыраны алған еді.  5 жасқа дейінгі жетістіктерінің себепшісі әуелі Алла, кейін атасының тәрбиесі және балабақшадағы алғашқы жетекшісі» – деді анасы Шынар Амангелдіқызы.

Сондай-ақ Бақтықожа Нұрсеитұлы ұлттық билерді де жақсы билейді. Музыка естісе болғаны денесін қимылдатып, ырғақты билей бастайды екен. Осындай талантты бүлдіршінге өнер жолында да, өмір жолында да сәттілік тілейміз. Қыран болып самғап, алыстарды көздеп, биіктерді бағындыратын үлкен азамат болатынына сенеміз!

Жан-Ерке ХАЛИУЛЛИНА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз

  1. Азамат

    Әкесінен озган әнші болсын