Көрермен алдындағы емтихан
Мәдени сапардың мақсаты
Құрылғанына үш жылдан асқан Астана қаласы əкімдігінің Музыкалық жас көрермен театры атыраулық көрермендерді тəнті етті. Театр ұжымы мəдени сапары аясында өнерсүйер қауымның назарына жаңа қойылымдарын ұсынды. Музыкалық жас көрермен театрының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, театр режисері Асхат Маемировтің айтуынша, алғашқы гастрольдік сапардың Атыраудан басталуының да өзіндік мəні бар.
– Биыл облыс руханиятына сүбелі үлес қосып жүрген Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрының 85 жылдығы екені белгілі. Соның аясында əріптестік, шығармашылық байланысты нығайтуды мақсат еттік. Сондай-ақ, отандық драматургияның авторлары мен ескі əуендердің насихатталуына үлес қосқымыз келді, -деді Асхат Максимұлы. Театр басшысының «ескі əуендердің насихатталуына үлес қосқымыз келді» деуінің жаны бар. Оның себебі, «Гауһартас» музыкалық драмасында орындалған əндер –премьерадан бұрын əлеуметтік желі арқылы таралып, көрермен жүрегінің төрінен орын алған еді. Əсіресе, халық əндері «Гауһартас», «Құдаша», «Лəйлім шырақ», басқа да туындылар жастар арасында челленджге ұласты. Сондықтан қойылымның өткен ғасырдың 70-80-жылдарындағы жастар тыңдаған хит əндермен əсемделуі режиссердің сəтті шешімі болса керек. Ал, сахналанған шығарманың лейтмотивін жазған атыраулық талантты музыкант Бауыржан Ақтаев музыкалық композицияларды қолдануда шеберлік танытқан.
«Гауһартас» қалай сахналанды?
Сонымен, Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрында 7-12 сəуір аралығында күніне екі қойылым сахналанды. Театрдың шымылдығы жас ұрпақтың дүниетанымына, жан дүниесіне, санасына ерекше серпін берген М.Əуезовтың «Абай-Тоғжан» музыкалық драмасымен ашылды. Келесі күні қазақ қоғамындағы отбасылық рухани құндылықтарды арқау еткен Дулат Исабековтың «Гауһартас» музыкалық драмасы сахналанды. Сондай-ақ, Мəдина Омарованың «Шəмші» мюзиклі, «Chanel-5» деректі драмасы, Мұқағали Мақатаевтың «Ғашық жүрек» музыкалық поэтикалық қойылымы көрермен назарына ұсынылды.
Біз де талай көрерменнің қызығушылығын тудырып, əр көрсетілімі аншлагпен өтетін «Гау һартас» музыкалық драмасын көру мүмкіндігіне ие болдық. Сол күні театр залында ине шаншыр жер болмады. Міне, сахна шымылдығы түрілді. Заманында көптің көзайымына айналған фильм араға жарты ғасыр салып көрерменімен жаңаша сипатта қайта қауышты. Əртістер қойылымда əкенің тəрбиесін, ананың мейірімін, Тастанның тас мінезін, Салтанаттың сырлы əлемін, Қайыркеннің қамқор көңілін көрерменді сендіре отырып сомдады. Адамдардың қарым-қатынасы, ұрпақтар арасындағы байланыс секілді өмірлік құндылықтарды шынайы бейнеледі. Иə, бұл – көрерменді біресе күлдірсе, енді бірде мұңайтып, жүректің қылын тербеп, адамға неше түрлі ой салатын қойылым.
Бұл отандық руханиятқа қосқан үлес деп бағалауға болады. Жас актерлерден құралған ұжым психологиялық рольдерді шебер алып шыққанын атап өту керек. Спектакльде қатал əкенің (Тұрымбет) ролін жас əртіс Қазбек Есқара сомдаса, оның əйелі болып ойнаған Қалима Наушабаеваның шеберлігі де көрерменге ерекше əсер қалдырды. Ал, басты рольдегі Тастанды – жерлесіміз Оразалы Игілік қатал мінезді адамды шеберлікпен сомдады. «Тастанның бейнесін сомдау қиын болды. Өйткені, ол менің табиғатыма қайшы еді. Өзіме лирикалық кейіпкерлер жаныма жақын болатын…» дейді жас актер. Ал, Салтанат – Инабат Ризабекова керісінше көркем мінезді, мейірімді кейіпкер. Сызылтып салған əні де құлаққа жағымды. Қойылымдағы Тастан мен Салтанатты сомдаған Оразалы мен Инабаттың өмірде де ерлізайыпты жұп екенін айта кеткен абзал. Ерке бала – Қайыркенді белгілі актер Асылхан
Төлепов бейнеледі. Көрермендер Асылханды «Мың бала» фильміндегі Сартай арқылы таниды. Осы жолы «Гауһартастағы» Қайыркеннің қуанышты көңілін, өнерге ынтықтығын, ішкі күйзелісін эмоциямен көрерменге жеткізді. Олай дейтінім, залда отырған біз де Қайыркенмен бірге қайғырып та, қуанып та отырдық
«Ағамыздың ақ батасын алдық…»
Міне, «Гауһартастағы» əртістердің қайсысы да жан тебірентерлік образдарды сомдап, көрерменді бейжай қалдырмады. Мəдени сапардың соңғы күнінде Музыкалық жас көрермен театрының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, театр режиссері Асхат Маемировтен шығарманың сахналануы турасында əңгіме өрбіткен едік.
– Бұған дейін кино арқылы көрсетілгені болмаса, Астана театрында «Гауһартасты» тұңғыш рет сахналадық. Қазақтың қабырғалы қаламгері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның Еңбек Ері Дулат Исабековтың шығармасын сахналау батыл шешім болатын. Себебі, бұл повестің мəнін, жазушы не айтқысы келгенін, оның жан тебіренісін автордан артық ешкім түсінбейді. Дулат ағаның бұған дейін сахналанған шығармаларына өзінің көңілі толмай, сахнада сынағанын білеміз. Бұл жолы ағамыз қойылым премьерасына келіп, риза болып, батасын берді, — деген басшы қойылымды автордың өзі оң бағалағанын айтты. Асхат Маемировтың айтуынша, өнер ошағы автордың алдында шығармашылық емтихан тапсырғандай болды. «Көрермен қойылымнан кейін «өзім осыдан қандай ой түйдім?» деген оймен шығуы керек. Əр адамның ішінде бір Тастан өмір сүріп жатқаны шындық қой…» дейді А.Маемиров.
– «Гауһартас» қойылымында біз қазақ қоғамындағы отбасылық рухани құндылықтарды арқау еттік. Əсіресе, ана мен əкенің отбасындағы ролі қандай? Осындай бір шаңырақтағы отбасының өмірі арқылы адамдардың жан-дүниесін көрсетуге ұмтылдық. Бұл спектакльдің басты идеясы – отбасылық құндылықтарды насихаттау. Бұл тұрғыда көрермен көңілінен шықтық деген сенімдеміз.
Құлсарылық көрерменге тарту
Музыкалық жас көрермен театры Жылыой ауданының орталығы Құлсары қаласында «Шəмші» мюзиклін жəне «Гауһартас» музыкалық драмасын көрермен назарына ұсынған болатын. Бұл екі қойылым да аншлагпен өткен.
– Биыл ел экономикасына елеулі үлес қосып, мұнайымен əлемге танылған Жылыой ауданына 95 жыл толады екен. Сахнадағы тың туындыларды тамашалауға келген өнерсүйер қауым рухани сусындады. Гастрольдік сапармен барған театр ұжымы халықтың ыстық ілтипатын сезіндік, — деген Асхат Максимұлы жылыойлықтардың кеңпейілділігіне риза болды.
Түйін. Осылайша, өзіміз көрермен болған «Гауһартастың» сахналық нұсқасы, шынымен, тебірентерлік болды. Екі сағаттан асатын қойылымда көрермендерді бір күлдіріп, бір жылататын көріністер көбірек қамтылды.
Майра ОРАЗҒАЛИЕВА