С Е В И Л Ь

turk1 Мәдениет
  • Түркияның Решадия қаласында өткен түркітілдес ақындардың поэзия мерекесіне қатыстым. Кенет бір қызық жағдай болды. Ақындарды марапаттау басталғанда қала әкіміне бір түріктің ақын қызы шапан жапқаны. Кәдімгі шапан. Шапан болғанда қандай? Біздің шапаннан еш айырмашылығы жоқ еді. Ол мені ойландырып тастады. Текеметке басылатын бала кезімізде талай көрген қошқар мүйіз ою салынған бүгінгінің қазақы шапаны. Бірақ, бұл түрік ақынының қолында қайдан жүр? Өзбектің де, татардың да шапаны басқа. Бұл қазақтың шапаны Көзіме оттай басылған қазақы шапанның мәртебесі мен үшін асып кетті. Сонда қалай?! «Қазақтың өзі жай күнде менсіне бермейтін шапаны да жат қолға патенттеліп кетпесе неғылсын» деген ойға да берілдім. Ақырында, шыдамай шапан жапқан түріктің ақын қызының жанына жақындап бардым да: «Бұл шапан сіздің қолыңызға қайдан түсіп жүр? Оюынан танып тұрмын, бұл – қазақтың шапаны. Қазақстандық шапан емес пе?» – Мен Қазақстанда тудым. Қазақстаннан Түркияға жұмысқа келерімде Шымкенттің базарынан бір чемодан шапанды көтерме бәспен сатып алып едім. Енді осындай шараларға келгенде құр қол жүрмейін деп… Бұл шапандар жақсы болды. Менің арқамда шапан киіп, түріктер де мәз, сый сыйлап мен де мәз, – деді ол ағынан жарылып. «Сенің қазақылығың менен де асып кетті-ау» деп мен де күлдім. Осылайша, екеуміз шапанның арқасында танысып кеткен едік. Әңгімеміз жарасып, Анкара университетінің профессоры Севиль Пириева құрбыммен сұхбаттасқым келді. Оның тарихы тереңнен басталатын өмірі жайында сұрап-білдім.

АТА ЖҰРТҚА БАРАР ЖОЛДА…

– Бір Ахысқа бар еді жəне мұнда «ахысқалықтар» деп айтылған түріктер өмір сүрген екен. Бұл түріктердің қаһармандығынан кеңес режимі қорқа бастапты. 1944 жылдың қараша айының суық бір күнінде Грузия аймағындағы Ахысқа, Адыгүн, Əспинджə, Аһылкəлəк, Богдановка аудандарының 219 ауылынан 120 мыңға жуық адам күнəсіз, еш себепсіз Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан жерлеріне еріксіз жер аударылған. Менің аталарымның бағына Шымкент облысы бұйырыпты. Келген жүдеу елді қазақтар жатсынбай, көмек қолын созыпты. Əкем Аллахверди жер аударылған кездегі көрген қиындықтарын қыстың суық, ызғарлы күндерінде жылы үйде, кішкентай бір бөлмеде балаларын қасына жинап, ертегі сияқты түсіндіретін еді.

Əңгімесін бітірер алдында мына бір шумақ өлеңді айтатын:

«Ахысқа гүл еді – кетті,

Бір халықтың тілі еді – кетті.

Сөйлеңдер Сұлтан Махмұтқа

Стамбул кілті кетті…» Əр айтқан кезде көздері жасаурайтын еді. Мен үйдегі балалардың кенжесі едім. Себебін сұрағанымда, əкем: «Қызым, бұл сырларды өскенде түсінерсің» дейтін. Осындай ертегі-аңызға бергісіз əңгімеестеліктер, мақал-мəтелдерді естіген сайын ахысқалық түріктердің тағдыртарихын терең ұғыну үшін ертерек ержетсем деп ойлайтынмын, – деп əңгімесін бастады сұхбаттасушым.

Тарих ғылымдарының докторы, профессор, ақын Севиль Пириева Шымкентте туып-өскен адам. Баку қаласындағы Мирза Фатали Ахундов атындағы орыс тілі жəне əдебиеті институтын бітірген соң, Əзербайжан Ұлттық Ғылым Академиясының А.Бакыханов атындағы Тарих институтында ғылыми қызметкер болып еңбек жолын бастайды. «Ахысқа түріктерінің əлеуметтікмəдени өмірі» тақырыбында диссертация қорғап, Ардаханда жұмыс істеуін өзі «тағдырдың сыйы» дейді. Өйткені, Ардахан – оның ата-бабасының кіндік қаны тамған жері, Ахысқаға жақын. Бұл жердегі Дамал тауларынан, өзендерінен, Чылдыр тауларының арғы жағында Ахысқа төбелері, Ахысқа шыңдары көрінеді. Ардаханда Ахысқа жерінен көшіп келгендер көп екен. Севиль ханым бұл жақтағы туған-туыстарын Шымкентте тұратын жасы 90-нан асқан атасы Мүфтəлə Караевтың айтып түсіндіруі бойынша іздеп тапқан екен. Севиль ханым Ахысқа түріктерінің Бірлігі ұйымының мүшесі, ұйым жұмысына жəрдем беруді өзіне парыз санайды.

«Ата жұртым – Ахысқа» атты кітабында ескі түрік жерінде туғанмен, еріксіз жер аударылған Ахысқа түріктерінің ауыз əдебиеті, фольклоры, заманауи жазушылары туралы сөз етеді.

«Ахысқа афоризмдері» атты фольклор жинағын басылымға дайындап жатқанын айтып, «кітабыма мына бір шумақ өлеңді эфиграф етіп алмақшымын» деген еді:

«Қымбаттым, қар жауар екен,

Дертім таудан ауыр екен,

Ахысқа қасіретінен,

Шаш-сақалым ағарған екен…»

– 2003 жылдың көктемінде Əзербайжандағы Ахысқа түріктерінің «Отан» қоғамының ұсынысымен Тбилисиде өткен ғылыми-практикалық конференцияға қатыстым. Қатысушылар автобусқа мініп, Ахысқаға қарай бет алдық. Бұлақ сулары, емдік балшықтарымен танылған Боржомидан асып біраз жүргеннен кейін, Азғұр қамалының тіп-тік тау сияқты тастарын көргенде, Азғұр қамалына жақындағанда жүрегім толқып, дүрсілдей бастады. Бір кездері ахысқалықтардың жерлері болған Идмола, Дамала, Варнет, Толош, Хыртыз, Аланза, Гилде, Ташлыкышла, т.б. ауылдарының ескі орнынан өткенде, көзімнен жас шығып кетті, – деп əңгімесін сабақтады Севиль ханым.

Ол ата жұртқа аяғы тигеннен бастап қатты толқығанын есіне түсірді. Қасындағылар «бұл жер Бузмарет, сонау жер Панакет, мына жағы Хыртыз» деп айтып жатқанын да тереңнен естігендей болады.

– Сол топыраққа, сол тауларға, бұлақтарға қарап, көзімнен жас парлап, үнсіз қатып қалыппын. Бұл ауыл жүздеген жылдар бойы менің ата-бабамның атпен шарлап, тер төгіп егін еккен жері болған. 2700 метр биіктіктегі тау етегіндегі қызғалдақтар ахысқалықтарға деген сағынышын менен алған сияқты қызыл түске боялып тұр еді. Отан топырағы аяғымның астына кілем төсегендей қыпқызыл. Кура өзенінің тіс жаратын мұздай суы ахысқалықтарға деген сағынышты менімен кетіретін сияқты, аққан сайын одан да жылдам ағып жатқан еді. Ауылда Байрам көкемнің атам Хусейнмен бірге еккен ағаштың жаңадан жасарып көгергенін көрдім. Аталарымнан естелік болып қалған үйшік үйлерге қараған сайын, жердегі тасты бірінің үстіне бірін текшелей қойып, оларды сипаған сайын ана құшағында жыламсыраған жас сəби сияқты көзіме жас тұнған еді. Аталарымның жүздеген жылдар бойы мекені болған Гундун тауы, Гундун көлі, Ниял оймағының ауасын тойғанша ішіме тарттым, бірақ тоймадым. Аталарымның ғасырлар бойы ішкен «Пирибұлағы»- ның мөлдір суынан қанғанша іштім, бірақ қанбадым. Аталарымның жылдар бойы гүліне бөленген Кура өзеніне, тау етегіндегі шымдарына көзім тойғанша қарадым, бірақ тоя алмадым. Қойындере ауылының топырағынан, Гундун тауының гүлдерінен, марқұм атам Пиридің атымен аталған бұлағының суынан əкем мен анама сый əкелдім. Туған жерге деген сағынышпен марқұм болған туыстарымның мазарының үстіне себу үшін Отан топырағынан көздей қалтаға топырақ түйіп алдым. Жас балаларға ол жердің сұлулығын көрсету үшін тау етегінен гүл жинадым. Кішкентай кезімдегі əкемнің: «Бұл сырларды есейгенде түсінесің, қызым» деген сөзінің мағынасын тарихи Отанымда – Қойындере ауылында болған үш сағатта түсіндім, – деп, Севиль ханым естелігін түйіндеді.

Иə, көңіліндегі көркем ойдың жыр болып ақ параққа төгілетіні де содан болса керек. Көз жасымен мұңға, сағынышқа суарылған Севильдің алмастай өткір жырындағы қуат та оның ата-бабасының топырағынан бастау алып жатқандай көрінді маған!..

Маржан ЕРШУ, ақын, филология ғылымдарының кандидаты.

Нұр-Сұлтан қаласы

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз