«КЕЙІПКЕРІМДІ ТҮСІМДЕ КӨРЕМІН»
«Кейіпкерін түсінде көрген» дегенді бұрын-соңды естігенім бар еді. Бірақ, ерекше оқиғаны басынан өткерген жанмен бетпе-бет кездесіп, көзбен көру, құлақпен естіген ерекше әсер береді екен.
— Бала күнімде бақсыны үнемі түсімде көретінмін. Одан кейін қаншама уақыт өтті, сол түс кері түсіме енді. Осылайша, жылдар салып өмірге «Бақсы» келді. Сенесіз бе, картина аяқталғаннан кейін мойнымнан жүк түскендей болды. Жеңілдеп қалдым, — дейді кейіпкерім Назерке Ищанова.
«Бақсыны» мен де бақыладым. Әлдебір мистикалық мәнерде салынған туынды селт еткізбей қоймады. Терең ойға жетеледі. Тамұқ тұман арасына сыр бүккендей, түсініксіз көрінді. «Бұл не?» деген сұрақ көкейіңе келе береді. Белгісіз бейне, белгі, сол образдағы іс-әрекеттер басқа әлемге енгендей әсер қалдырды. «Бақсыға» көздің қиығымен қарап қана қабылдау не әлдебір тұжырым жасау мүмкін емес. Табиғаты күрделі, психологиялық қатпары терең философиялық мазмұнға ие, адамға жұмбақ…
Назеркенің мамандығы дизайнер. Ал, қарындашы – бала кезінен келе жатқан айнымас серігі. Ол бала кезінен қарындаш пен қылқаламға әуес болды. Есейген сәтінде де қолынан қарындашы түспеді. Әсіресе, адамдардың бет-жүзін салып, портрет жанрына жақын бола түсті. Көкжиектегі көріністі, адам портретін қағазға айнытпай түсіру – нағыз талант иесінің қолынан келеді. Ол біреудің бейнесін жасағанда, тек оның бет-әлпетін ғана емес, ішкі жан дүниесін де жеткізуге ұмтылады. Ақ парақ пен қарындашты қолына алмастан бұрын, туындысына арқау болған кейіпкерінің мінез-құлқын, ішкі жан-дүниесі мен сол кездегі көңіл-күйін біліп алуға тырысатынын айтады. Сонда ғана тың дүние туады. Жүректен шыққан қай нәрсенің де жүрекке жететіні бар емес пе?!
— Әділқайыр Жантасов та түсіме енді. Бұрын соңды ол кісіні көрмегенмін. Суретшінің портретін сол түсімдегі бейне арқылы салдым. Бір қызығы, картинаны түсімде көрсем, қолым тез жүреді, жаңа дүние жеңіл салынады. Пикассоша айтқанда, «суретші көргені емес, сезінгенін бейнелейді».
— Керемет қой, Назерке! Әділқайырдай суретші түсіңе текке енбегені анық…
— Қылқаламын (кисточкасын) беріп жатып, «алшы, басы кеуіп қалар» деді… Қылқаламның басын қарасам, мына картинадағыдай суық түстер бар.
— Талантты қылқалам шебері қасиетін саған аманаттағаны болар. Жолын жалға дегені, бәлкім?
— Бұрынғылар аманаттың алдында арын да, намысын да, ұятын да, салтын да сатпаған ғой. Аманатқа қылдай қиянат жасамаған. Аманаттың салмағы ауыр болатынын білемін. Аманат жауапкершілік жүктейді. Мүмкін сол себептен де болар, жауапкершіліктен қатты қорқамын. Өзіме де бұл түс ерекше әсер етті. Картинадан көріп отырғаныңыздай, Әділқайыр аға ұсынған қылқаламның ұшында осындай суық түстер болды. Ал, менің жаныма жылы түстер жақын. Қай шығармамда да жылы түске басымдық беремін.
Біздің ғажайыптың бәрін кездейсоқтыққа балайтын осалдығымыз бар ғой. Дегенмен, жұмбақ құбылыстың бары рас. Бұл, әсіресе, шығармашылық адамдарына тән. Дәл кіммен болған сұхбат екені есімде жоқ, бір жазушы кейіпкерін, оның түр-әлпетінен бөлек, мінез-құлқын да түсінде көретінін айтқан болатын. Ендеше, бұл өмірде кездейсоқ ештеңе болмайды. Дүниенің бәрінің ішкі себептері мен мәні бар, ал мұндай құбылыстар бізді жаңа жоба, жоспарға жетелейді. Назеркемен кездескеннен кейін әрбір адам жаны қалаған ісін өнер деңгейіне дейін көтерсе, онда ол жалпы ішкі үйлесімділіктің пернесін басады деген ойға келдім.
Әр адам заманына қарай жаңашылдыққа ұмтылады. Қазіргі кезде өмірдің барлық саласында компьютерлік технологиялар қолданылуда. Өнердің өзі электронды форматқа көбірек көшуде. Назерке Ищанова да өз қиялын компьютермен кескіндеуді үйреніп жүр. Ол осы компьютерлік графика көмегімен еркіндік жолында күреске түскен, халық-азаттық көтерілісінің көсемі Исатай Тайманұлының портреттік образын жасады. Исатай Тайманұлының нақты фотосуреті болмағандықтан суретші жалпы көркемдік образ жасауға ұмтылған. Көп ізденіп, дайындық жұмыстарын жүргізіпті. Туындыдағы әрбір зат тарихи дәлдікке ие.
– Өткен жылы »Атырау — Ақпарат» ЖШС баспасынан 1836 — 1838 жылдары Бөкей ордасы мен Кіші жүздің батыс бөлігінде болған халық-азаттық көтерілісінің көсемі Исатай Тайманұлының туғанына 230 жыл толуына орай, »’Асқақ Рух» жарық көрген еді. Батырдың нақты суреті жоқ екендігі белгілі. Ғаламтордағы бейнесі де әртүрлі. Осы кітаптың беттеуші — дизайнері ретінде Исатайдың бейнесін салуды ұйғардым.
Көп іздендім. Исатай батырдың бейнесін салу барысында суретші Мұхит Қалымовтың картинасын басшылыққа алдым. Кейін тағы көптеген тарихшы ғалымдар мен өлкетанушылардың зерттеу еңбектерімен таныстым. «Исатай – басшы, мен – қосшы» деп жырлаған Махамбет Өтемісұлының досы, эпик ақын Ығылман Шөрекұлының жырларын қызыға оқыдым. Махамбет Өтемісұлы Исатайды «маңдайын сары сусар бөрік басқан» деп суреттейді. Ал, сенімді серігі – сәйгүлігінің аяғы тобығына дейін ақ болған екен. Исатай Тайманұлының картинасын ұзақ толғатып өмірге әкелуде білімім мен білігім толыға түсті. Осылайша, менің ой-қиялымда батырдың кесек тұлғасы қалыптаса бастады. Содан, батыр бабаны дулығамен, Ақтабанымен бейнеледім, — дейді суретші Назерке. Ол бұл еңбегін Исатай батырдың асқақ рухына арнайды.
«Ереулі атқа ер салып, егеулі найза қолға алып» қылыш сермеген, елінің азаттығы жолында құрбан болған есіл ерге арналған «Исатай Тайманұлы» туындысының бояуы қанық, композицияға бай. Әрине, біз суретші немесе өнертанушы емеспіз, қарапайым көрермен ретінде Назеркенің кейіпкердің ішкі толғанысын шебер көрсете алатынын байқадық. Сонымен қоса, адамның жан дүниесіндегі рухани толқыныспен үндестік табатын нәзік сезімге құрылған, ортаны түйсіну, сезіну арқылы жаратылысқа басқаша көзбен қарайды. Рас, тірі тарихтың өзін көргендей әсерде қаласың. Батыр бейнесі аспанмен астастырылып берілген. Бұлт арасынан «сығалаған» шуақты нұрдың өзі, «бұлыңғыр күннің артынан бұлтты түре күн шығатынын» білдіргендей… Байқасаңыз, қою қара түстері болғанымен, сары, сұры түстер талғаммен берілген. Қазақта сары түс уайымның белгісі емес пе еді. Батырдың халықтың уайымын жеп, қамын ойлауымен байланыстырып, оны осындай түстік шешімде қарастырғаны-ау деген ойға қалдым.
– Сурет салу – хоббиым. Мектепте оқып жүргенімде сурет сабағынан 3 деген баға алатынмын. Суретті қиындатып саламын ба, мүмкін мұғалімім түсінбеді ме… Сыныптастарымның салған суреттерін «баланың ермегі» деп менсінбейтінмін (күліп).
– Адамға қай өнер болса да тегін берілмейді ғой, біреуге әкенің қанымен, ананың сүтімен сіңеді. Ал, кейде еңбекпен, маңдай термен келеді. Бейнелеу өнеріне деген құштарлық қайдан, кімнен берілді?
– Нағашы атам суретті жақсы салатын. Сол кісіден берілген болар.
– Алдағы жоспар, арманың туралы да айтып отырсаң?
– Балғын көрерменнің көңілінен шығар дүниелер жасағым келеді. Мысалы, болашақта суреттерді тірілтіп, мультфильмдер жасау ойымда бар.
– Дәл қазір бізге керек нәрсе сол, осындай дүниелерді өмірге әкелетін адам аз. Әйтпесе елдің бәрі режиссер, елдің бәрі заңгер, экономист болғысы келеді…
– Иә, дұрыс айтасыз, қазақтың батырларына еліктеп өсетін бала жоқ. Себебі, теледидардан көретіндері түсініксіз, құбыжық сияқты бірдеңелер. Қазақша мультфильмдер бала түгілі, үлкеннің де ішін пыстырады. Кейіпкерлердің артындағы фондары да жұпыны.
Балақайлардың сүйікті «Маша и медведін» алып қарайықшы, бүге-шігесіне дейін ойластырылып жасалған. Біздің қазақ мультфильмдерінің жағдайы мені алаңдатады.
Құдай өнерлі етіп жаратса, таудай талант бармақтай баққа себеп болып, талайды таңдандырады. Назеркенің де қазақ мультипликациясының бойына қан жүгіртіп, сүбелі үлес қосар танымал аниматор атанатынына сенім мол. Армансыз күнің болмасын… дейік.
Рита ӨТЕУҒАЛИ