ҚАРА ДОМБЫРА ҚАСИЕТІН ТАНЫТҚАН…
— Өткен тарихсыз бүгінгі күннің шындығы жазылмайтыны даусыз. Бүгінгі жас ұрпақ дауылпаз күйші, композитор, дирижер Рысбай Ғабдиевтің есімін білгенмен, өмір жолын және оның шығармашылық жетістіктерін біле бермейді. Сондықтан, өмірі мен өнер жолын қысқаша шолып өтсек?..
— Әкем Астрахан облысы, Қызылжар ауданында 1936 жылдың 5-ші ақпанында дүниеге келген. Оның әкесі – Қисметолла атамыз Астраханның діни гимназиясын бітірген, ескіше сауатты адам екен. Меккеге барып, қажы да атаныпты. Алайда, Кеңес өкіметі жаңа құрылып жатқан кезде бай-молдаларды қудалаған ғой. Міне, сол саясаттың салқынымен туған жері Жайық бойына қоныс аударуға тура келген. Ол кісінің өнерге деген ынтасы да керемет екен.
Балаларына домбыра үйретіп, қазақтың қасиетті қара домбырасын насихаттаған жан. Рысбай Қисметоллаұлы да жасынан күмбірлетіп домбыра шертіп өскен, оны күйшілік өнерге ағасы Ғалымжан баулыған. Небәрі 26 жасында 1945 жылы ол дүниеден өткеннен кейін есімдері елге танылған күйшілер Ғибатолла Мәсәлімов, Шәмшиден Шәріповтың қамқорлығына бөленіпті.
Алматыда өткен көркемөнерпаздардың республикалық слетінде, 1953 жылы сегізінші сынып оқып жүрген әкеміз қатысып, өзі күйтабақтан үйренген Құрманғазының Дина вариантындағы «Төремұраты» мен Құрманғазының «Байжұмасын» орындаған. Радиодан оның «Төремұратын» тыңдаған Дина әжей келінін слет болып жатқан жерге жіберіп, «Рысбай Ғабдиевті тауып алып кел» деп тапсырма беріпті. Бірақ, оларды бастап апарған жауапты адамдар оған ыңғай бермейді. Сөйтіп, Дина әжемен жолығудың сәті түспепті. Сол жылы ол Чайковский атындағы республикалық саз училищесінің домбыра-прима класына емтихансыз қабылданады. Оны бітірген соң Шымкенттегі әл-Фараби атындағы мәдениет институтын тәмамдады. Атырау музыка училищесінде, Доссор балалар музыка мектебінде, Атырау педагогика институтының музыка факультетінде қызмет етіп, жас ұрпақты күй өнеріне баулыды, тәрбиеледі.
— Рысбай ағаны көзі көрген адамдар ол кісінің дирижерлік-ұйымдастырушылық қасиеті туралы көп айтады. Сол туралы айтсаңыз?
— Балықшы ауданындағы Еркінқала, Доссордағы Мақат халық аспаптары оркестрлерін құрды. Бұл өнерпаздар ұжымы талай рет Алматыда, Шымкент, Ташкент қалаларында, Мәскеудегі Съездер сарайында, Бүкілодақтық халық шаруашылығы көрмесінде өнер көрсетіп, лауреат атанды, жүлдегер болды.
Мақат аудандық халық аспаптары оркестрі Болгарияның астанасы София қаласында өткен халықаралық оркестрлер сайысында Алтын медаль иеленді. Қазақстанға ғана емес, әлем елдерінің бірталайына аты мәшһүр, өнерде өзіндік қолтаңбасы бар Дина Нұрпейісова атындағы Академиялық халық аспаптар оркестрін құрды. Репертуарды да таңдағанда барынша тың және күрделі шығармаларға баса назар аударатын. Өте еңбекқор жан еді.
Қазақстанның халық әртісі Жастар мен студенттердің Мәскеуде өткен бүкілодақтық конкурстардың лауреаты, доцент Рысбай Ғабдиев – өз өмірін қазақтың қасиетті қара домбырасына арнаған, күйшілік дәстүрді жалғастырған, күй өнеріне деген шексіз махаббатымен халқына қадірлі болған жан.
— «Таулар алыстаған сайын биіктейді» демекші, бүгінде дәулескер күйші Рысбай Ғабдиевтің шәкірттері, ұрпақтары оның жолын жалғап, ғұмырын болашақпен байланыстыруда. Ол кісінің үнемі айтып отыратын, қазіргі таңда есіңізден кетпейтін әкелік өсиеті қандай еді?
— Әкемнің шәкірттерінен де, ұрпақтарынан да күтері – өнерге адалдық. Осы орайда, айта кететінім, ол кісінің ізін жалғастыратын ұл мен қыз, шүкір, өсіп келеді. Мәселен, Құрманғазы атындағы ұлттық консерваторияның шәкірті, өнер жолын жаңа бастаған жас әнші, қазақ капелласының солисі Артур Ғабдиев ол кісінің немересі болса, бүгінде Францияда білім алып жатқан талантты скрипкашы Биби-Фатима Азиева – жиені. Ол қазіргі таңда Мәскеуде өтетін П. И. Чайковский атындағы конкурсқа қатысу үшін бағын сынауда.
Ол кісі бастаған өнер көші қазақ халқымен бірге келешек ғасырларға аттанып барады. Оны Дина Нұрпейісова атындағы Академиялық халық аспаптар оркестрінің концертін көрген сайын сезінемін. Келесі жылы әкеміздің туғанына 80 жыл толады екен. Жерлестері мерей жасын атаусыз қалдырмайды деп сенемін.
— Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА.