Атырауда мәдениет қызметкерлері марапатталды

pror Мәдениет

Махамбет Өтемісұлы атындағы академиялық қазақ драма театрында ел руханиятының дамуы жолында қалтқысыз тер төгіп жүрген мәдениет пен өнер саласы қызметкерлері құрметтелді.

Мерекелік шарада облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев сала қызметкерлері мен ардагерлерін құттықтап, олардың рухани байлықты насихаттаудағы еңбектерін атап өтті.

– Әр елдің рухани күші оның мәдениетімен өлшенеді. Ал, ақынын ардақтаған, қаламгерін қастерлеген, өнерін өгейсітпеген Атырау өңірі еліміздің негізгі рухани орталықтарының бірі екендігі даусыз. Бүгінде облыстың мәдени мәйегін жоғалтпауына сүбелі үлес қосып жүрген сала мамандарының еңбегі ұшантеңіз. Мәдениет, өнер саласының қызметкерлері мен ардагерлерінің халықтың ыстық ықыласына бөленіп, өнер нәрімен сусындатып жүре беруіне тілекшімін, – деп, жиналған көпшілікті құттықтаған Жасұлан Орақұлы бір топ өнер адамына марапат табыстады.

Мерейді арттырған марапат иелері – Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театры басшысының орынбасары Нұргүл Бітегенова, актерлер Оралбай Ғалымжанов, Гүлнар Әубекерова, Д.Нұрпейісова атындағы академиялық қазақ халық аспаптары оркестрінің әртісі Үміт Орынбаева Мәдениет және спорт министрлігінің «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісіне ие болды. Ал, Ақмарал Бисенова, Берік Амантаев, Орынбек Құмаров және Ринат Ғимранов министрліктің Құрмет грамотасы және Алғыс хатпен марапатталды. Мәдениет саласының басқа да майталмандарына Атырау облысы әкімінің және облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының, «AMANAT» партиясының Алғыс хаттары табысталды.

Салтанатты кеште руханиятты насихаттауға қосқан ардагерлер үлесін ерекше атап көрсеткен облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұрат Өтешов өнер қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Орақ Жауыровтың өңіріне «Атырау облысы алдындағы еңбегі үшін» медалін тақты.

Мәдениет және өнер қызметкерлерінің мерейлі мерекесі Н.Жантөрин атындағы Атырау облыстық филармониясы өнерпаздарының концертіне жалғасты. Сондайақ, театр фойесінде мәдени құндылықтарды дәріптейтін ұлттық киімдер мен аспаптар, суретшілердің картиналарынан көрме ұйымдастырылды.

Майра ОРАЗҒАЛИЕВА

Суретті түсірген Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз