Жарнама
Мәдениет

ҚАЛДЫҚТАН – ҚҰНДЫ ДҮНИЕ!..

«Ақ желкен» шығармашылық орталығының арт-галереясына қойылған облыс мектептерінің  1-9 сынып оқушыларының қолөнер бұйымдары көрермен назарына ұсынылды. Көрмеге жүзден астам оқушы қатысқан.

Аталмыш байқаудың басты мақсаты — өскелең ұрпақты табиғатты аялап, қоршаған ортаның жай-күйіне жауапкершілікпен қарауға тәрбиелеу, сондай-ақ балалардың интеллектуалдық қабілетін дамытып, олардың шығармашылық жұмыстарына рухани қолдау көрсету болып табылады.

«Ақ желкен» шығармашылық орталығының директоры Нұрберген Дәулетов: «Бұл көрменің өзіндік ерекшелігі – пайдаланылған тұрмыстық қалдықтардан құнды зат жасау. Біз осы идеямызды құзырлы орындардың қаржылық қолдауымен жүзеге асырып отырмыз», — деп алдағы уақытта бұл сайысты үлкендер арасында да өткізуге болатынын айтты.

Байқау қорытындысы бойынша ІІІ орынды Қызылқоға ауданы, Миялы балалар өнер мектебінің оқушылары Аян Мейрамбай, Данияр Есенғазы иеленді. ІІ орынды Атырау қаласындағы Фариза Оңғарсынова атындағы орта мектептен Нұртас Ерім мен Жылыой ауданы, Құлсары қаласындағы №20 жалпы орта мектептің оқушысы Әлішер Мұрат жеңіп алды. Бірінші орынға  Теңдік селосындағы Қайыршақты саз мектебінің бейнелеу сыныбының оқушысы Асанәлі Геннадий ие болды.

Есімі әйгілі актермен аттас байқау жеңімпазы Асанәлінің (суретте) көрмеге қойылған туындысы «Натюрморт» деп аталады. Құмыра 19 литрлік пластик құтыдан (баклашка) жасалған. Ал, оның жемістерін жасау үшін кішкентай пластик құтылар қолданылған. Сондай-ақ, натюрморт жасау барысында дат басқан шеге, бұранда (шуруп), тиын, ілгектер де кәдеге асты. Міне, осындай қалдықтардың қосындысы тың ой мен шеберліктің арқасында әсем өнер туындысына айналды. Асанәлі — Геолог поселкесіндегі Қаныш Сәтбаев атындағы орта мектептің 5 «б» сыныбын бітірген оқу үздігі. Қайыршақты саз мектебінің бейнелеу сыныбында қосымша дәріс алады. Наурыз айында Астана қаласында өткен халықаралық «Грация» фестиваліне қатысып қайтты. Тоқыған гобелені қолөнер номинациясы бойынша екінші орынды еншіледі.    

Ал, екінші орынды жеңіп алған Нұртас Ерім (төменгі суретте) – Атырау селолық округіндегі Фариза Оңғарсынова атындағы орта мектептің 9 «ә» сыныбының оқушысы. Ол көрмеге «Жел энергиясымен жұмыс жасайтын жанар-жағармай бекетінің» макетін жасап әкеліпті. Атыраудың үздіксіз соғатын самал желі оның ұшқыр қиялын осындай идеяға жетелесе керек. Бұл макет ескі жигулидің багі (бачок) мен моторынан алынған бөлшектер, иогурттың босаған ыдысы, қалың дәптердің сыртқы қабы, түрлі-түсті қағаздар, жұқа тақтайша (фанера), медициналық жүйе құралы, шырынның босаған ыдысы, сағаттың батареясы, ойыншық машинаның моторларынан құрастырылған. Өнерге құштар Нұртас болашақта фельдшер болуды армандайды.

Міне, бос уақытында осындай пайдалы істермен айналысатын өрендер Атырауды таза қалаға айналдыруға өз үлестерін қосуды мақсат етеді. 

Бағила САҒЫНДЫҚҚЫЗЫ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button