ҚҰТ-БЕРЕКЕ БАСТАУЫ
Ақшаңқан киіз үйлерде қолөнер бұйымдарының жәрмеңкесі ұйымдастырылып, ас та төк дастархан жайылды. Әсем әннен шашу шашылып, күй төгілді. Мейірімін шашқан көктемнің бұл күнін көпшілік берекенің бастауы десіп, жақсылық нышанына балады.
Жер-дүниені жаңартып, жер бетіне жақсылық ұялаған Ұлыстың Ұлы күні — Наурыз мерекесімен акционерлік қоғамның бас директоры Махамбет Досмұхамбетов құттықтап, әр шаңыраққа бақ дарысын деген ақ тілегін жеткізді.
Жаңа жылдың басталғандығын, көктемгі күн мен түннің теңесуін, қардың еріп, көктің шыға бастауын қуана қарсы алған мұнайшылар Наурыз-думанда ұлттық құндылықтарды паш етіп, әдет-ғұрып жоралғыларын жасады, ынтымақ-жарастық тілесті.
«Жылыоймұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасы қыз бен жігіттің айтысын жиналған жұртшылыққа ұсынды. Айтысқа түскен қыз бен жігіт қағытпа сөздер, әзіл-қалжыңдары арқылы халықтың көңілін бір серпілтіп, қошеметке ие болды. Ал, «Жайықмұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасы «Құда түсу» жоралғысын көрсетсе, «Доссормұнайгаз» басқармасының ұжымы халқымыздың мәдени асыл мұрасы – қазақтың ұлттық ойындарынан көрініс ұсынды.
«Қайнармұнайгаз» басқармасының мұнайшылары сәби қырқынан шығарылғаннан кейін жасалатын той-думан «Бесік тойы» мен нәрестеге ат қою рәсімін назарға ұсынды. «Тұсаукесер» тойын «Ембімұнайэнерго» басқармасының мұнайшылары атап өтті.
«Батамен ел көгерер» демекші, бата беру — адал ниет, жақсы тілек білдірудің ұлттық дәстүрі. Ортаға шыққан «Өндірістік-техникалық қамту және жабдықтармен комплектілеу басқармасы» ұжымы осы дәстүрді кеңінен насихаттады.
— Көрісу мейрамы – Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесінің бастамасы, — деді «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамының бас директоры Махамбет Жолдасқалиұлы, —Сондықтан, «Көрісу» салтының біз үшін орны бөлек.
Өткен жыл ембілік мұнайшылар үшін сәтті кезеңнің бірі саналды. Өндірістік жұмыстарымызбен қоса, әлеуметтік салада да көрсеткіштеріміз жоғары болды. Алдағы уақытта мұнай өндіру көлемін арттыру, Елбасы тапсырмасына орай сәуір айынан бастап қызметкерлер жалақысын көтеру сынды міндеттерді іске асырғалы отырмыз. Наурыз құтты болсын, ағайын!
Айта кетсек, өткен жылы ембілік мұнайшылар өнім өндіру жоспарын артығымен орындаған.
Әз-Наурыз мейрамына мұнайшы-ардагерлер сыйлы қонақ ретінде арнайы шақырылды. Олар да ақ батасын аямады, ізбасарларын мейраммен құттықтап жатты.
Еліміздің әлеуметтік-экономикалық саласының дамуына күллі өмірлерін арнап, «қара алтынды» өндіруде аянбай еңбек еткен 1787 ембілік мұнайшы-зейнеткер бар. Олар құрметтен еш кенде емес. Мереке сайын ардагер мұнайшыларға ақшалай сыйақы ұсынылып, баспасөзге тегін жаздыру мүмкіндігі қарастырылып, Қазақстан аумағындағы шипажайларға демалуға тегін жолдама беріледі.
Мерекеде ұлттық тағамдардың түр-түрі дайындалды. Ал, республикалық, халықаралық конкурс-фестивальдардың лауреаттары Венера Машқалиева, «Інжу-Маржан» би ансамблі, республикалық би сайыстарының дипломанты «Зерде» би ансамблі, облыстық филармонияның күйшілері және тағы басқа өнерпаздар өнерлерін ортаға салып, мерекенің сәнін одан әрі қыздыра түсті.
Наурыз-думанды өткізуге атсалысып, ұлттық дәстүрлерді дәріптеген акционерлік қоғамға қарасты алты ұжымды марапаттау үшін сахна төріне көтерілген бас директордың бірінші орынбасары Айболат Ғабдуллин мен жалпы істер жөніндегі орынбасары Серік Ақтөрешов жұртшылықты Наурыз мерекесімен құттықтады. «Жылымыз бақ-берекелі, ағымыз мол болсын, халқымыз мерейлі қуаныштарға кенелсін, Наурыздан Наурызға жете берейік» деген тілектерін арнады.
Ембілік мұнайшылардың Наурыз тойы мәдени мұра ретінде елмен қайта қауышқан «Қара жорға» биімен жалғасын тапты. Естеріңізге сала кетсек, 2010 жылы қазан айында Атырау қаласының 370 жылдық мерейтойын атыраулықтар «Қара жорға» биімен атап өтіп, Гиннестің рекордтар кітабына енген болатын. Сол шараның бел ортасында «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамының ұжымы да өнер көрсеткен еді.
Ғасырлар қойнауынан тамыр тартып, ата-бабаларымыздың салт-дәстүрлерінен негіз алған Наурыз мейрамы Атырауда ембілік мұнайшылардың осылай тойлауымен бастамасын тапты. Жасампаздық пен жаңғырудың белгісіндей болып келген осынау мейрам – береке мен бірліктің, пәктік пен достықтың, адалдықтың туын паш етіп, риясыз шаттық пен қуанышқа кенелте бергей!