Жарнама
Мәдениет

«ҚҰС ЖОЛЫНАН» ҚУАТ АЛҒАН

Мәселен, «Мәңгілік махаббат» деген картинасы.  Айнала – күйген құм, аптап ыстық шөл дала. Сахарада түйе келеді маң-маң басып. Түйенің екі өркеші – бір-біріне қарама қарсы отырған әйел мен еркек бейнесінде беріліпті. Соңында қалған із… Алда әлі қанша ұзақ жол бар… Көздеген межеге жете ме, жоқ па?! Сонымен қатар, бұл суретте түйенің шөлге төзімділігі де бейнеленген.

 «Қазақтар – арда өскен табиғат перзенті. Біз – көшпенділер ұрпағымыз. Даламен біте-қайнасқан тарихымыз бар»,- деп көсіліп, мінберлерден шешен сөйлегенмен, қазақ  қазір даладан алыстап бара жатырған жоқ па?! Далаға шын берілген жануар – түйе…Картина осындай ойларға еріксіз жетелейді екен. Мұқағали ақынның:

«…Түсіме жиі енеді,

Сахараның шұбырған түйелері», —  деген жолдары еске келеді осындайда. 

Суретшінің айтпақ ойы да осымен өзектес болса керек. Баба арманын, ата аманатын ұмытпауға тиісті екенімізді жадымызға оралтатындай. Өмірімізден алыстап, заман талабына сай мәнін жойған құндылықтарды бір сәт санамызда жаңғыртып, қанымызда тулаған тектілікті жоғалтып алмауымыз қажеттігіне көз жеткізеді. Өнердің атқаратын қызметі де нақ осы емес пе?!

Ал, «Құс жолына» көз түскенде еріксіз жұлдызды аспан, тымық кеш, қиқулап қайтып бара жатқан құстар көңілге мұң себездейтіні анық.  Шындығында, тірліктің бітіп болмас даңғаза-думанын қуалап жүргенде тіптен, аспанға да қарамайтын болғанымыз рас. Шіркін, сонау бір қайтып келмес балалық шақта ауылдың қазбауыр бұлттар қалқыған аспанына қарап армандайтын кездер ұмытылғаны ма?!

Дүниенің кіршіксіз тазалығына таңдана қарайтын сәби жүрегімізді фәнидегі сүргін тіршіліктің кірі басқаны ма?! Сурет осы ойларға жетелейді. Түнгі аспанда болар болмас болып бозараңдап көзге шалынған құс жолы…Алыс та беймәлім сапарға жол тартқан құс керуені…Олардың жолы қандай қиын еді?! Баратын жағы қандай алыс еді?! Аңшының оғынан, дауыл мен жаңбырдан аман қала ма, жоқ па?! Құс қанатының сусылы құлаққа жететіндей…

 Ал, «Қарлығаш баба» картинасының негізіне ел аузындағы мифологиялық аңыз алынған. Күркелі сынықшы, мертіккен, қираған жанды қамшысымен ұрып қап тұрғызатын Қарлығаш әулие туралы аңызды өзек қылған бұл сурет қараған жанның жон арқасын шымырлатардай сұсқа ие.

Қарлығаш – қазақ халқының танымы бойынша  әуелден адамның досы деп саналған мейірбан құс. Мәселен, «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» ертегісі оған дәлел бола алады. Тіптен, үш жүзге аты әйгілі  Төле биді де «Қарлығаш әулие» деп қадірлегені тарихта бар. Осы тұрғыдан алғанда суретші бұл деталь арқылы халқымыздың қанындағы тектілік пен тазалық, рухани биіктікті тұспалдаған.

Табиғатпен сырласып, біте-қайнасып өмір сүрген халқымыздың өмірінде дала, онда тіршілік ететін әрбір тіршілік иесінің орны мен мәні өте зор, ерекше болған. Соны түйсінуді жоғалтып алдық бүгінгі таңда. Суретші өз туындыларында бізге соны ескертетіндей…

Дөңгеленген күннің тас төбеде тұруында да көп сыр бар екені даусыз. Дөңгеленген дүние деген тіркесті қолданған көшпенді ел өмірдің өткіншілігін, дүниенің аумалы-төкпелілігін байқатқан. Күн тас төбеде тұратын кез – екінді уақыты. Екінді намазында періштелер жерге түседі деген сенім тұрғысынан алғанда, мифтік түсінікті пайдалана отырып, дәстүрлі дініміздің қуаттылығын сездірген. Қазақ даласындағы әулие-абыздардың  бәрі де ұлттық салт-дәстүрді жоймай, оны ислам дінімен шебер қиюластырған.

Ал, қамыс лашыққа келсек, ел мен жұртты рухани жағынан сауықтырып, дертіне тосқауыл қойған Абыз аталарымыздың жайлы орын, бақуатты тірлікке ұмтылмай, барға-қанағат, жоққа- салауат деп тіршілік еткені баршамызға мәлім. Осы жағынан да ұтып тұрғандай. Табиғат пен адам арасындағы үндестік…Міне, суретші философиясы!

Суретшінің «Жер жүзі» деген картинасындағы философиялық тұжырым тіптен тосындау. Алып піл, көздері қымбат таспен жайнап, үстіндегі жабуы сан түрлі бояумен құбылады. Осының өзі әлемдік мифологиядағы жерді алып піл көтеріп тұр деген сенімді еске түсіргендей.

Піл бейнесі  – қазақ ақындарынан Бернияз Күлеев жырында көрініс тауыпты. «Піл сауырлы қара жер», — дейді ақын. Осы тіркесті ауызекі тілде жиі айтатынымыз рас. Ал, қазақ түсінігінде жерді алып өгіз көтеріп тұрады екен.  Кәмила әлемдік заңдылықты ғарыштық ырғақпен, симметриялық мақаммен өрнектейді. Оның суреттерінде керемет бір дегдар тазалық бар. Суретші алуан түрлі бояу үйлесімін тапқанымен, қара бояуды қолданбайды. Сонысымен де-ерекше, айрықша!

«Алтын қайық» … Бұл суретке Сарайшық туралы аңыз желісі алынған. Айтулы Жәнібек ханның сұлу қызы Сүйінбикеге арнап «Секер көлін» жасағаны, оған аққулардың қонып, алтын қайығымен сұлу қыздың серуен құрғаны, бәрі көз алдыңа келіп тұра қалады. Сарайшықтағы мәдениет пен өнердің арайлаған алтын ғасыры туралы сыр шертіп тұрғандай.

Кәмиланың суреттері бейне-бір көркем әдебиет, жазулы тұрған хат сияқты. Көз алдыңа неше ғасыр бойғы халық арманы, адам жанының мұңы мен жанайқайы елестеп өтетіні – оның қылқаламының қуаттылығында.

Суретші К.Жапалова сурет өнерінде батик стилін батыл енгізіп, сонымен  өнерде жаңалық  жасап, шетелдік суретшілердің өзін  таңғалдыруда. Батик дегеніміз – матаға ыстық балауызбен өрнек салу. Осы таңғажайып өнерді меңгеріп, оны қазақы ұғыммен, салт-дәстүрмен қабыстырып, ою-өрнекпен өрнектеуінің өзі оның тапқыр шешімін, қуатты логикасын дәлелдейді.

 

Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА.

 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button