ОҚЫРМАНҒА ЖОЛ ТАРТҚАН ОН ТОМДЫҚ

«Екінші дүниежүзілік соғыстағы қазақ офицерлері». Тарихшы, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, Қазақстанның Құрметті журналисі Жұмабай Доспановтың баспадан шыққан он томдық кітабы осылай деп аталады.

 

Ұлы Жеңістің 70 жылдық торқалы тойы қарсаңында «Ағатай» баспасынан он мың данамен жарық көрген кітаптың тұсаукесер таныстырылымы Атырау коммуникациялар қызметінің баспасөз орталығында БАҚ өкілдерінің қатысуымен өткізілді.

Алғашқы болып сөз алған кітап авторы Ж.Доспанов әріптестеріне осы он томдыққа екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан 8437 қазақ офицерінің енгізілгендігін, кітап баспаға тапсырылған бір жарым айдай уақытта тағы да 430 қазақ офицерінің мәліметтері жинақталғандығын, барлық деректердің интернет желісі мен Ресей Қорғаныс министрлігінің Подольскідегі әскери мұрағатынан, басқа да қалалардағы мұрағаттардан алынғандығын айтты.

«Бұған дейінгі бізге жеткен мәліметтерде Екінші дүниежүзілік соғыстағы қазақ офицерлерінің саны бұрмаланып, тым аз көрсетіліп келген екен. Фашизмді талқандауға бұрынғы Кеңес Одағының басқа республикаларынан 600 қазақ офицерінің қатысқандығы анықталып тұр. Бұл тақырыпқа байланысты деректерді әрі қарай жинастыра беремін» деді кітап авторы.

Қазақстан Жазушылар Одағы облыстық филиалының төрағасы Қойшығұл Жылқышиев автордың бұл он томдық кітабын – дүниежүзілік соғыста ерен ерлік пен қайтпас қайсарлық үлгісін көрсеткен қазақ сардарларына орнатылған ескерткіш деп бағалады. Өлкетанушы, қаламгер Өтепберген Әлімгерейұлы ең жойқын, қасіретті сұм соғысқа қанша қазақстандықтың қатысқандығы, қаншасының қаза тапқандығы туралы нақты деректерді тарихшылар бере алмай жүргенде, әріптесіміз Жұмабай Доспановтың төрт жыл бойына тыным таппай ізденуімен жарыққа шыққан бұл он томдықты ғылыми еңбек деп қабылдаған жөн және еліміздің соғыс жылдары тарихына қосылған зор үлес екендігін атап көрсетті.

Облыс әкімінің қолдауына сүйеніп, облыстағы кәсіпкерлік құрылымдарының демеушілігімен жарық көрген «Екінші дүниежүзілік соғыстағы қазақ офицерлері» жинағының 30 пайызы облыстың мәдениет мекемелері мен кітапханаларға тегін таратылып, қалғаны саттыққа шығарылады. Қазір автор аталмыш кітаптың он бірінші томын баспаға әзірлеу үстінде.

Бақытжан ЖҰМАТ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз