Жарнама
Мәдениет

КҮЙМЕН ӨРІЛГЕН ТАҒДЫР

Рысбай Хисметоллаұлы Құрманғазы мен Дәулеткерей, Түркеш пен Соқыр Есжан, Дина мен Сейтек, Есбай мен Мәмен өткен топырақта туып-өсті. Жоғарыдағылардың жалғасы – Ерғали мен Жаңбырбай, Меңдіғали мен Ғалымжандардың сарқытын ішіп, құдірет күйлерін тыңдады, кейбірінен саусағын түзеп, сабақ алды. Өнердегі игі дәстүрлерін сабақтап, орындаушылық өнегелеріне өзінің адалдығын танытты. Әр үйренген күйіне жүрегінің жылылығын қосып, үкіледі, үлкен ортаға жеткізді, мәңгілік ғұмырларын ұзартты. Оның бастауы сол бір 1953 жылдың қысында Алматыда өткен ауыл-село көркемөнерпаздарының республикалық байқауы болатын. Рысбай аталған додада Құрманғазы бабасының «Байжұма» және «Төремұрат» күйлерін орындады. Аталған шығармаларды ол Дина шешесінің өз орындауындағы күйтабақтан үйренген болатын.

Әйгілі өнер шеберлері Құрманбек Жандарбеков пен Нұрғиса Тілендиев жетекшілік еткен қазылар алқасы жас та болса, бас болып, үлкендердің өзін жолға тастап кеткен орындаушыға еш қомсынбай бас бәйгені бере салды. Ал, осы орындауларды тікелей трансляция арқылы радиодан тыңдап жатқан Дина ананың өзі кәріліктен төсекке таңылып, азар отырса да, «өзімнен озып кетпесе кем түспейтін бұл нояның кім? Табыңдар, әкеліңдер алдыма, қолын көремін, дабысына тәнтімін» деп келініне өтініш айтыпты. Енесінің тапсырмасын екі етпей Нұрғисаны ілестірген келін сахна артында Рысбаймен кездеседі, әже тілегін жеткізеді. Бірақ, ауылдан алып келген Зәмзәм  Есжанова апасы «пойызға билетіміз алулы, осы түнде ауылға аттанамыз» деп ана тапсырмасын аяқсыз қалдырады. Бұл Рекең өміріндегі үлкен өкініш еді. Әйтсе де күйші бала сол жылы Чайковский атындағы Алматы музыка училищесіне емтихансыз қабылданды.

Сол бірінші курста жүргенде Дина әжесімен тағы бір кездесудің реті түсіп еді. Бірақ, асыл ана – күй анасы уәделі күнде бұл фәнимен қоштасып, Рысбайдың арманы мәңгілік орындалмай қалды.

Рысбай аталған училищеде оқып жүріп Құрманғазы атындағы академиялық қазақ ұлт аспаптар оркестрінің құрамында ойнады, артынан осы оркестрдің примашылар тобының жетекшісі болды. 1957 жылғы Мәскеуде өткен жастар мен студенттердің дүниежүзілік фестиваліне қатысып, лауреат атанды. Оркестр құрамында Мәскеу, Ленинград, Киев, Ереван, Баку, Тбилиси қалалары сахналарында өнер көрсетті.

Рысбай Хисметоллаұлының күй өнеріндегі екінші бір көрінген биігі – халықтың ұлт аспаптар оркестрін құрып, ұйымдастырудағы шеберлігі. Ол елуінші жылдардың аяғында Алматы облысының Еңбекші қазақ аудандық мәдениет үйі жанынан ұлт аспаптар оркестрін құрып, онысы сол жылдың өзінде-ақ республикалық байқауда бірінші орын алса, артынан елге оралып, Балықшы ауданындағы Еркінқала орта мектебі ұстаздары мен оқушыларынан тап осындай ұжымды дайындап, ол да өнер шыңынан көрінеді. Кейін аталған ұжым Алматы, Мәскеу сахналарында  шеберлік танытты. Бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінде концерт қойды.

Гурьевтегі Д.Нұрпейісова атындағы музыка училищесінде сабақ беріп жүрген Рысбай Ғабдиевті облыстық басшылық Доссор кентіндегі балалар музыка мектебін ұйымдастыруға жұмсады. Алғашында домбыра және фортепиано сыныбымен ғана мектеп ашқан Рекең әр аспап, ұстазды әр қиырдан бір-бірлеп жинап, 1964 жылы домбыра ансамблін, 1966 жылы аудандық деңгейде оркестр құрды. Аталған ұжым еңбекшілер көркемөнерпаздарының бірінші бүкілодақтық фестивалінің үш турында да (облыстық, республикалық, одақтық) жеңімпаз атанып, 1977 жылы Мәскеудің Съездер сарайында өнер көрсетсе, сондай-ақ Болгарияның София қаласында ұйымдастырылған дүниежүзілік «Бақытты жастық шақ» фестиваліне қатысып, үлкен алтын медалді иеленді.

Рысбай Хисметоллаұлы 1980-1990 жылдар аралығында Гурьев педагогикалық институтының музыка-педагогикалық факультетіне басшылық жасап, болашақ жас музыканттардың (ұстаздардың) халықтық өнерді бойларына сіңіре отырып, әлемдік озық үлгілерден хабардар, сауатты маман ретінде қалыптасуына күш салды. Өзгелерді өнер жолына баули отырып, өз шеберлігін жетілдірді. 1967, 1984, 1999 жылдары оның орындауында Құрманғазы, Дәулеткерей, Дина, Абыл, Есір, Құлшар, Сейтек,  Қазанғап, Есбай, Мұрат Өскінбайұлы сынды халық композиторларының 28 күйі үш рет күйтабаққа жазылып, жарық көрді. Қазір олар республикалық, облыстық теледидарлар мен радиолардан «Алтын қордағы» асыл мұралар ретінде жиі-жиі беріліп тұрады.

Р.Ғабдиев 1990 жылдан бастап Атырауда құрылған Дина Нұрпейісова атындағы кәсіби академиялық қазақ халық ұлт  аспаптар оркестрінде көркемдік жетекші және бас дирижер болып еңбек етті. Алғашқы күннен оркестр репертуарын қазақ халық және кеңес дәуірі композиторларымен бірге, әлемдік және Батыс Еуропа, Шығыс, Орта Азия елдерінің түрлі жанрдағы үздік музыка үлгілерімен толықтырған ұжымның әр концерті қай жерде де жұртшылықтың ыстық ықыласымен қарсыланды. Кезінде Рекеңнің өзі бастап, оркестрмен бірге көршілес Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Маңғыстау, көршілес Ресей жеріндегі Астрахан облысы тұрғындары алдында әлденеше рет өнер көрсетті, үкіметтік концерттерге қатысты.

2001 жылдың 23-26 наурыз күндері Астанада өткен Қазақстан Тәуелсіздігінің он жылдығына арналған республика өнер ұжымдары концертін осы оркестр бастап, оған Елбасының өзі қатысып, аталған концертті Конгресс-холл сарайында қайталап көріп, оркестр жетекшісі және бас дирижері Рысбай Ғабдиевтің ұйымдастыру шеберлігіне тәнті болды.

Алматыда, одан Парижде Махамбет ақынның 2000 жылдығына арналып өткен жиын-салтанаттарда да оркестр, Рекеңнің өзі күрескер ақын, композитордың шығармаларын асқан шеберлікпен орындады. Әрине, сол кездің өзінде қазақ күйінің Париж төрінде орындалуы ерекше құбылыс еді.

Қайда жүрсе де қазақ күйін ту етіп, сахна төрін дүбірлетіп, тыңдарманын дүрілдетіп жүретін Рысбай Ғабдиев шығармашылық, орындау шеберлігі, ұйымдастыру ерекшеліктеріне қарай «Қазақстанның халық ағарту ісінің үздігі», атанып, Ташкентте өткен Бүкіл-одақтық оркестр дирижерлері конкурсының лауреаты болды.

Сондай-ақ ол «Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері» (1975), Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің (1979) және СССР Композиторлар Одағының (1988) Құрмет грамоталарына, Қазақстанның халық әртісі (1996) атақтарына ие болды. 2001 жылы Құрманғазы атындағы Ұлттық консерваторияның профессоры атанып, тәуелсіз мемлекетіміздің жоғары наградасы – «Парасат» орденін өңіріне тақты.

Р.Ғабдиев қазақтың күй өнеріне өзінің 55 жылдық ғұмырын арнады. Тамаша орындаушы, талапкер ұйымдастырушы, таптырмас дирижер, үлгілі ұстаз-тәлімгер ретінде есімі елге танылды. Ол туралы сонау елу үшінші жылдан күні бүгінге дейін түрлі бұқаралық ақпарат құралдары бетінде қазақтың маңдайына біткен марғасқа жұлдыздары – өнер тарландары Е.Рахмадиев, Е.Серкебаев, Р.Бағланова, Б.Төлегенова, Ә.Дінішев, А.Мұсаходжаева, Ж.Әубәкірова, Ш.Қажығалиев, А.Мырзабеков, И.Жақанов, Қ.Ахмедияров, Т.Әбдірашев, А.Жайымов және басқалар көсіліп те, шешіліп те жазды. Үкіледі, үлгі етті. Өйткені, ол соған лайық жан еді.

Ол құрған жаңа кәсіби деңгейдегі Дина оркестрі бұл күнде Рекең дәстүрін одан әрі жалғап, көп көңілінен шығуда. Соңғы екі жылда Түркия, Германия, Австрия, Франция, Ресейде өнер көрсетті. Жаңа, жас толқынмен толықты. Оркестрге тәжірибелі, қабілетті дирижер, облыстың Құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері Орақ Жауыров жетекшілік етеді.

Уақыт өтуде, күндер жылжып барады. Әйтсе де, елі, халқы, өнерсүйер қалың жұрт Рысбай атын еш уақыт ұмытқан жоқ. Атырау қаласының Нұрсая жаңа тұрғын ауданындағы сәнді көшелердің бірі, сондай-ақ Индер аудандық Борат мәдениет үйі жанындағы халық аспаптар оркестрі, Исатай ауданының Х.Ерғалиев ауылындағы демалыс бағы Рекең атымен аталады. Облыс орталығында қазақ халық аспаптарында орындаушылардың Р.Ғабдиев атындағы республикалық байқауы өтіп тұрады.

P.S.  Күй қағанының ұрпақтары да даңғайыр, дара күйшінің өнер мұрасын абыроймен жалғастыруда. Ұлдары Мұхадас пен Арыстан Ұлттық консерваторияны бітірсе, алғашқысы Италияда өткен сырнайшылардың халықаралық додасында Құрманғазының «Байжұмасы» мен Ықыластың «Ерден» күйін орындап, бас бәйгені иеленді. Екі рет халықаралық конкурстың жүлдегері атанған немересі Артурға артар үміт мол. Жиені Бибі-Фатима да сол Италияда өткен жас скрипкашылардың халықаралық конкурсында күй атасы – Құрекеңнің «Балбырауынымен» Гран-Приді жеңіп алды. «Ат тұяғын тай басар» немесе дәстүр сабақтастығы деген осы емес пе? Хисметолланың тұңғышы Ғалымжаннан басталған күй-дәстүрді даңғайыр да дәулескер орындаушы Рысбай құс қанатымен жетер шырқау биікке көтерді. Күйші Арыстан оны Дина оркестрінде әрмен қарай жалғастырып, Мұхадас пен Бибі-Фатима бірі сырнай, екіншісі скрипкамен күй мерейін әлемдік деңгейде тағы да тасытты.

Пай-пай, шіркін, қайран халықтық өнер, оның құлақ күйін келтіріп, бізге жеткізген Құрман баба, Дина әже, Ықылас пен Тәттімбет, сендерде не арман бар екен?! Жасай бер, жарқын өнер, жақсы дәстүр!

Қамбар ДҮЙСЕМБАЙ,

Дина Нұрпейісова атындағы академиялық қазақ халық

аспаптар оркестрінің басшысы.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button