Жарнама
Мәдениет

КҮЙ КҮМБІРЛЕП, ӘН АСҚАҚТАДЫ

Сыдық Мұхамеджановтың атақты «Қазақ увертюрасымен» ашылған концерт Сүгірдің «Аққу», Динаның «Науаи» күйлерімен жалғасын тапты. ҚР Мәдениет қайраткері, оркестрдің бас дирижері, әрі көркемдік жетекшісі Талғат Камалиденовтің қолындағы дирижер таяқшасы сан түрлі сазды бір арнаға тоғыстырған сиқырлы құрал іспетті. Біресе зау биікке көтеріліп, көңіліңді шарықтатады, біресе қазақы қоңыр мұңның бояуымен жаныңды жайландырады. Құрманғазының «Қайран шешем» күйінен алған әсер тіпті бөлек.

Айтқали Жайымовтың «Ереуіл атқа ер салмай» шығармасының да шоқтығы биік. Есімі елге етене таныс дәстүрлі әнші Ақмарал Ноғайбаева да кеш көрігін қыздырды, сырнайымен «Нартайдың термесін» тамылжытқанда қол соқпаған адам жоқ. Батыс ән-жыр мектебінің өкілі, халықаралық байқаулардың жүлдегері Қайрат Кәкімов бұл жолы «Шегенің термесін» (авторы — Евгений Брусиловский) оркестр сүйемелдеуімен нақышына келтіре орындады. ҚР Мәдениет қайраткері, күйші  Темірбек  Қайдаров  Динаның  «Домалатпасымен» көрермен көңілін бір серпілтті. 

Республикалық талай өнер байқауларында топ жарып жүрген Рахила Құлсариева – тамаша дирижер. Оның дирижерлігімен оркестр Құрманғазының «Серперін», А.Сайжанның «Хан Кене» мен Ж.Темірғалиевтің «Бабалар үнін», М.Өскенбаевтың «Жеңісін» көрермен назарына ұсынды. Сахнаның сәні, белгілі әнші Маржан Төреханова «Бұлбұл» мен «Қазақ вальсін» (Л.Хамиди) шырқап, шаттыққа бөледі. Әнші Ерлан Мерекеновтің орындауындағы «Арайна» поэмасын да жиналған қауым жылы қабылдады.

«Батысқа барсаң, күйшімін деме» деген сөздің шындығын «Күй тартысты» тамашалап отырып, тағы бір еске аласың. Халықаралық республикалық байқауларда оза шауып жүрген күйшілер Ерлан Райысов, Айгүл Батырқайырова, Жанұзақ Исабаев, Ринат Ғимрановтар күй тартысқа түскенде, театр залы теңселіп кеткендей болды. Бұл да болса өнер құдіреті!

ҚР Мәдениет қайраткері, әнші Аманжан Басығариев оркестр сүйемелдеуімен С.Құсайыновтың «Қазақстанын», қобызшы Әсел Қалекешова Е.Брусиловскийдің «Бозайғырын» асқан шеберлікпен орындады. Әншілер тобы шырқаған Донеділ Қажымовтың «Ақжайық-ару мекенім» әні де көрермен ықыласына ие болды.

Құрманғазының «Сарыарқа» күйімен сахна шымылдығын жапқан оркестрге көрермен ризашылықпен қол соқты.

Шыны керек, технология мүмкіндіктері бір кезде қиял болып көрінетін дүниенің бәрін ақиқатқа айналдырған қазіргідей уақытта біреуді таң қалдыру, таңырқату оңай емес. Шынайы өнер мен туа бітті талант қана күнделікті тірліктің ыңғайымен беріштеніп қатып бара жатқан жанымызға жылылық сыйлай алады. Дина Нұрпейісова атындағы академиялық қазақ ұлт аспаптар оркестрінің есеп беру концертіне куә болған көрермен ғасырлардың көзі, бабамыздың сөзі –  дәстүрлі өнерге деген құрметін арттырып қайтты. Мұны концерттен үлкен әсермен шыққан әр көрерменнің жүзінен аңғардық.

«Дина Нұрпейісова атындағы Атырау музыка академиясы» Атырау музыка колледжінің оқытушысы Серікқали Тәжіғалиев те – осы оркестрде өнер көрсеткендердің бірі. Бұл жолы ол концертке көрермен ретінде келіпті. «Алған әсерімді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес, керемет, — дейді ол, — Жаңа репертуар талғаммен іріктелген. Оркестрдің мүмкіндігі, орындаушылық шеберлігі жайлы көп нәрсе айтуға болады. Музыканттардың бәрі де – жоғары деңгейдегі мамандар. Оркестрдің кәсіби деңгейі биіктеп келе жатқандығы мені қуантады. Республикаға белгілі композиторлар шығармалары жоғары кәсіби шеберлікпен орындалды. Өткен жылы екі рет Астанада үкіметтік концертке қатысқанының өзі Атырау өнері мен мәдениеті үшін үлкен үлкен жетістік деп білеміз. Бұл өнер ұжымына облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтің қамқорлық жасап, қолдау көрсетіп отырғанын айтуға тиіспіз. Әріптестеріме жемісті, жеңісті жол тілеймін».

Оркестр директоры Қамбар Дүйсембай алысқа аты озған өнер ұжымының биылғы жоспарымен бөлісті. «Биыл бізді көп жұмыс күтіп  тұр, — дейді ол, — Наурыз айында Қазақстан атынан еуросаяхатқа шығамыз. Түркия, Австрия, Германия, Франция,  Ресей елдерімен мәдени қарым-қатынасты нығайтуда бұл сапар үлкен серпін береді деген үмітіміз бар. Сондай-ақ, облыс аудандарын аралап, концерттік бағдарлама ұсынуды да жоспарға енгіздік.

А.Жайымов, Е.Құсайынов сынды біртуар дарындардың шығармашылық кештерін, Рысбай Ғабдиев атындағы республикалық домбырашылар фестивалін өткізу де – осы жылдың еншісінде. Өнер де бір миуа бақ секілді, оны баптап-күтіп отырмасаң, жайқалып өсуі мүмкін емес. Өнер ұжымдарына қамқорлық танытып отырған облыс басшылығына ризашылығымыз шексіз. Ел сенімін ақтап, дәстүрлі өнердің шырағын сөндірмеу жолында еңбектене береміз». 

Бақытгүл БАБАШ.

Суреттерді түсірген

Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button