Хиуаз Доспанованың 100 жылдығы атап өтілді (+ФОТО)
Атырауда Халық Қаһарманы Хиуаз Доспанованың туғанына 100 жыл толуына орай салтанатты шара өтті.
Халық қаһарманы Хиуаз Доспанованың туғанына 100 жыл толуына орай Құрманғазы атындағы Мәдениет сарайында салтанатты шара өтті, деп хабарлайды Атырау облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Қонақтарды облыстық филармонияның үрлемелі аспаптар оркестрі майдан әндерімен қарсы алды.
Кейін облыстық тарихи-өлкетану музейі ұсынған Кеңес Одағының батырлары мен Даңқ Орденінің полк иегерлеріне арналған көрме ұйымдастырылды.
Халық Қаһарманына арналған салтанатты шарада ұшқыштың өмірі мен шығармашылығына арналған бейнефильм көрсетілді.
-Батыр халықтың батыр қызы Хиуаз Доспанова майдан аспанына 300-ден астам көтеріліп, жау нысандарын бомбалауға қатысқан. Бірнеше рет ауыр жарақат алғанына қарамастан ұрыс даласын тастаған жоқ. Соғысты Берлин қаласында аяқтады. Осының өзі оның бойындағы қайсарлықтан хабар береді. Біз өз кезегімізде өткенді құрметтеу арқылы өскелең ұрпаққа тәрбие беретінімізді ұмытпауымыз керек. Бүгінгі апамыздың 100 жылдығына орай өтіп жатқан естелік шаралар жас ұрпақтың бойына патриоттық сезім, намыс пен жауапкершілік тәрбиесін егуге арналады,деді облыс әкімі.
Кеш барысында 10 адам Халық қаһарманы, қоғам қайраткері Хиуаз Доспанова атындағы медалімен марапатталды.
Бұдан бөлек, ұшқыштың 100 жылдық мерейтойы аясында ұйымдастырылған Таеквондодан Батыс аймақтық ашық турнирінің,облыстық жас ақындар мүшайрасы мен патриоттық ән байқауының жүлдегерлеріне Хиуаз Доспанова төсбелгісі табысталды.
Салтанатты шара соңы жергілікті өнерпаздардың мерекелік концертіне ұласты.