Жарнама
Мәдениет

ЕРЛІККЕ ТАҒЗЫМ ТАҒЫЛЫМЫ

— Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай облыстың мұрағат қызметкерлері тың деректер тауып, «Мәңгілік мінәжат» атты кітапты шығарды.

Кейбір деректерде Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан қазақ сардарларының саны бір мыңнан аспады делінген екен. Атыраулық тарихшы-журналист Жұмабай Доспанов өзінің елеулі еңбегінде жаңалық ашып, қазақтан шыққан офицерлердің саны 8867 екенін жариялап отыр.

Биылғы Жеңіс жылының басты жаңалығы – сұрапыл соғыстан оралмағандарға арналып салынған ескерткішті жаңарту үшін облыс бюджетінен 100 миллион теңге бөлініп, 23 саябақ пен гүлзарлар жөнделді. Қан майданда қаза болған ерлерге арналып жаңадан салынған Құлсары қаласындағы, Махамбет ауданының Сарытоғай ауылындағы, Құрманғазы ауданының Жыланды ауылындағы мемориалдық ескерткіштер жас ұрпақтың тәу ететін тәрбие орындарына айналады.

Жеңістің 70 жылдық мерекесі қарсаңында Атырау облысында 15 ардагерге жаңа баспана берілсе, бірқатар майдангердің үйлері күрделі жөндеуден өтті. Бұдан бөлек Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне, қан майданда қаза    тапқандардың жесірлеріне, Ауғанстандағы ұрыс-қимылдарына қатысушыларға коммуналдық қызметтер үшін төленіп келген 3000 теңге былтырдан бастап 15000 теңгеге өсті, — деді аймақ басшысы құттықтау сөзінде.

«Мәңгілік алауға» гүл шоқтарын қою рәсімін облыс және қала әкімдерінің аппараттары, облыстық ардагерлер кеңесі және Батыс өңірлік қолбасшылығы жалғастырды. Одан кейін қаладағы мекемелер мен ұйымдар, жалпы алғанда, қырықтан астам колонна «Мәңгілік алауға» гүл шоқтарын қойып, Отан үшін өмірін қиған ата-бабаларға тағзым етті.

Биылғы Жеңіс мерекесінің тағы да бір жаңалығы – ұрыс даласынан оралмаған атыраулық 24700 жауынгердің есімі жазылған ескерткіш қабырғасының ашылуы болды. Мемориалды облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов пен Ұлы Отан соғысының ардагері Айдын Айбаров ашты.

Атырау қаласының әкімі Нұрлыбек Ожаевтың айтуынша, бұл ерекше ескерткішті дайындау жұмысы бір жыл бұрын қолға алынған. Ескерткіш қабырғалар мұрағаттық деректер арқылы жасақталды. Сондай-ақ, осы жұмыс барысында тек Атырау өлкесінен ғана емес, республика, тіпті ТМД елдерінен хабарласып, деректер жинақталған.

Қазіргі таңда жау қолынан қаза болған Атырау өңірінің 24700 боздағының деректері табылды. Ескерткіш тақталарда олардың тегі мен есімдері аудандар бойынша жеке-жеке жазылған. Тарихшылардың деректеріне сүйенер болсақ, майданда қаза болған атыраулықтар саны — 41 мың. Сондықтан, олардың есімдерін әлі де енгізу үшін бос тақталар да орнатылған. Егер нақты деректері табылып, дәлелденіп жатса, бұл тізім толықтырылмақшы.

— Бұл тақтадан әкем Қами Шәріповтің де есімін көріп, қуанып та, толқып та тұрмын. Ол кеткенде біз әлі есімізді де дұрыс білмейтін едік. Батыс Қазақстан облысында дүниеге келіп, оқуын бітірген соң, ол Атырау (сол кездегі Гурьев) облысына жіберілген. Мұнда көптеген ауылдағы мектептерде бірнеше жылдар бойы оқытушы болып қызмет етті. Соғыс басталған жылы майданға аттанып, содан оралмады. «Орлов облысында қайтыс болған» деген хабар келді. Анамыз үш баламен жесір қалды. Содан бері әкеміздің есімі еш елеусіз қалып келген болатын. Жуырда құжаттарын жинақтап, осы тақтайшаға енгізуге ұсындық. Зираты болмаса да, енді рухына бас иер орын табылып отыр. Білім беру саласындағы ұзақ жылдар бойғы еңбегін елеп, енді ауданнан бір көшеге әкеміздің есімі берілсе деген тілегіміз бар, — дейді майдангердің қызы Күміс Қамиева.

Бүгінгі күні Атырау облысы бойынша Ұлы Отан соғысына қатысып, жауға қарсы соғысып, елге аман оралған, көзі тірі 78 ардагер бар. Айта кетсек, олардың 12-сі күні кеше Астана қаласында өткен Қазақстан Қарулы Күштерінің парадына қатысып, Елбасымен жүздесті.

Ерлік даңқы ешқашан да өшпейді. Сағат жылжып, ғасыр өтіп, дәуір жаңарғанымен, Отан үшін от кешкен батырлардың ерліктері ел есінде мәңгі сақталады.

Айгүл ЕРТІЛЕУ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button