ЕЛГЕ – МҰРА, ҰРПАҚҚА – ҰРАН
— Биыл Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығы ерекше аталып өтілуде. Бұл ретте аймақтағы бірқатар жұмыс қолға алынып, іске асты. Кезінде Гурьев аталған облыс орталығынан майданға 46 мыңға жуық адам аттанды. Жауынгерлермен бірге тылда да қажырлылықпен еңбек етіп, Жеңісті жақындатуға өз үлестерін қосқандар аз емес. Біз осындай өжет, қайсар халықтың ұрпағымыз. Ендігі уақытта соғыс жауынгерлерінің ерліктері біздің жадымызда мәңгілік сақталуы керек, — деген Ғұмар Ислямұлы ардагерлерге зор алғысын білдірді.
Одан әрі жиналған көпшілікке «Ұрпаққа ұран болған Ұлы Жеңіс» атты театрландырылған қойылым ұсынылды. Осы қойылымның алғашқы бөлімінде соғыстың басталғаны туралы Левитанның дауысы естілді. Сахнаға шыққан әртістер майданға аттанып бара жатқан жақындарын шығарып салу сәттерін бейнеледі. «Артымызда Мәскеу» бөлімінде 28 панфиловшылардың ерлігі, жерлесіміз Қайырғали Смағұловтың батырлығы бейнеленді. Хиуаз Доспанова, Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметованың ерліктері көрсетілді. Атырау облысының Жеңіс үшін қосқан үлесі, жауынгерлердің өжеттілігі қойылымда ерекше назарға ілікті. Шара соңында Жеңіс туы көтеріліп, от-шашу шашылды. «Мәңгілік алауға» гүл шоқтары қойылды.
Театрландырылған көрініске Атырау қаласында еңбек, өндірістік ұжымдар, аймақтағы шығармашылық ұйымдар, көркемөнерпаздар, жоғары және арнаулы оқу орындарының студенттері, мектептердің жоғарғы сынып оқушылары қатысты.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА.