Лиза – «Достық аруы»

   Облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының қолдауымен, «Жас қоғам» қорының ұйымдастыруымен Құрманғазы атындағы мәдениет үйінде аймақтық «Достық аруы – 2016» сайысы өтті.

   Шараның басты мақсаты – өңірімізді мекен еткен әртүрлі ұлт өкілдері арасындағы мәдени байланысты нығайта түсу. Отбасы институтының беделін арттыру, оның құндылықтарын насихаттау. Облысымызда тұратын этностардың қазақ тілін меңгеру деңгейін жетілдіру, мемлекеттік және өз ана тілдерін білуге ынталандыру. Осымен екінші жыл өтіп отырған байқауға 16 мен 25 жас аралығындағы қазақ тілін еркін меңгерген жастар қатысты. Сайыс төрт бағытта өрбіді. Алғашында үш минуттық бейнежазба арқылы өз отбасыларымен таныстырды. Кейін өнерлерін және ұлттық киімдерін көрсетсе, соңында әр ұлттың қыздары өз дастарханынан дайындалған тағамдарды тарту етті. – Түрлі ұлт өкілдері жергілікті тұрғындар арасындағы достықты, сыйластықты, махаббатты шынайы көрсетті. Әр арудың мемлекеттік тілімізде сөйлегені мені өте қатты қуантты. Байқауға қатысқан барлық қыз сымбатты да сұлу, ақылына көркі сай, барлық жағынан өнерлі. Әрқайсысы «Достық аруы» деген атқа лайық, – деді жоба авторы Жаннат Асабаева. Әділқазылар шешімімен, III орын Каспий өңірінің қазіргі замандағы колледжінің студенті Юлия Рябоваға бұйырса, II орын Оралдан келген қатысушы Нина Павлычеваның қанжығасында кетті. Ал, сайыс жеңімпазы №30 мектеп-гимназиясының оқушысы Лиза Сафронова атанды.

Нұрислам ҒҰМАР.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз