
Домбырамен ұласқан достық
Домбырашы ұстаз ретінде қытайлық балалардың домбыра тартып отырғанын көріп, көңілім толқып, көзіме жас үйірілді. Бұл – тек өнер емес, бұл – рухани сабақтастықтың, мәдениетке деген шынайы құрметтің айқын көрінісі.
Домбыра – қазақ халқының жаны. Оны пернеден пернеге көшіріп шерту ғана емес, оны жүрекпен сезіну керек. Бүгін сахнада өнер көрсеткен 5–10 жас аралығындағы балалардың домбыраға деген ынтасы мен ықыласы – нағыз шабыттың көзі. Әсіресе Люй Цзышиннің орындауынан күйдің иірімін, ішкі мағынасын сезіне білетін қабілетті көрдім. Бұл – үлкен еңбек пен дарынның нәтижесі. Мұндай дарын иесіне бағыт сілтеп, қолдап отыратын ұстаздың рөлі де орасан.
Мен үшін ең үлкен мерей – домбыра өнерінің шекара асып, жас жүректерге жол тауып жатқаны. Бұл – домбыраның да, қазақ руханиятының да өміршеңдігін білдіреді. Бүгінгі жас домбырашылар – ертеңгі мәдени көпірдің негізін қалап жатқан жандар.
Осы балаларға білім беріп жүрген қытайлық ұстаздарға да ерекше алғыс білдіремін. Олар тек шеберлікті ғана емес, қазақтың күй өнерінің терең мәнін де жеткізе алған. Мұндай ынтымақтастық – шын мәнінде, баға жетпес құндылық.
Домбыраның үні әрқашан биік болсын! Жас өнерпаздардың шабыттары шарықтап, әр шертілген күй достық пен бейбітшілікке үн қоссын!
Зұлхарнай ҚАЙРАТҰЛЫ,
“Дина Нұрпейісова атындағы халықтық музыка Академиясы” Атырау музыка колледжі жанындағы балалар музыка мектебінің домбыра пәні оқытушысы