Дала академигінің өшпес өнегесі
БҮКІЛ САНАЛЫ ҒҰМЫРЫН ӨЛКЕ ТАРИХЫ МЕН ТОПОНИМИКАСЫН ЗЕРТТЕУГЕ АРНАҒАН БІРТУАР ҒАЛЫМ, ӨЛКЕТАНУШЫ МАҚСОТ ЖОЛЖАНОВТЫҢ ӨМІР ЖОЛЫ ӨНЕГЕ. ҒАЛЫМ ТІРІ БОЛСА, БИЫЛ 90 ЖАСҚА ТОЛАР ЕДІ. ОСЫҒАН ОРАЙ Ғ.СЛАНОВ АТЫНДАҒЫ ОБЛЫСТЫҚ ҒЫЛЫМИ-ӘМБЕБАП КІТАПХАНАСЫНДА МАҚСОТ ҚҰМАРҰЛЫН ЕСКЕ АЛУ КЕШІ ӨТТІ. ТАҒЫЛЫМДЫ ШАРАҒА ТАРИХШЫНЫҢ ІНІСІ ЕРҚАНАТ ЖОЛЖАНОВ ПЕН ҰЛЫ МАРАТ МАҚСОТҰЛЫ ҚАТЫСТЫ.
Алдымен, сөз алған Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің қауымдастырылған профессоры, ҚР тарих жəне қоғамдық ғылымдар академиясының академигі, ҚР үздік өлкетанушысы Амангелді Шамғонов «Мақсот ағамыз ғылым жолына түсуіме себепші болған еді» деп еске алды.
– Ғалым ағамыз құрманғазытанушы болған. Олай дейтінім, ол ерен ерліктің көрінісі іспетті күй атасы Құрманғазының өмір сүрген жылдары «1823-1896 жылдар» екенін еңбектерінде деректермен дəлелдеп жазды. Алайда, əлі күнге дейін мектептің тарих оқулығындағы қате жазбалар түзетілмей келеді. Осы олқылықтың орнын толтыру туралы ұсынысқа орталықтағы тарихшылар құлақ аспай жүр. Оқушылар күйшінің туған жылы мен өмірден өткен жылын дəл зерттеп білген Мақсот Жолжанов екендігін білуі керек емес пе?! — деген А.Шамғонов көкейдегі мəселесін ортаға салды.
Ал, ҚР Жазушылар жəне Журналистер одағының мүшесі, Қазақстанның Құрметті журналисі, ҚР үздік өлкетанушысы Өтепберген Əлімгереев «Мақсот Жолжановтың шығармашылығындағы топонимика тақырыбы» туралы əңгіме өрбітті.
– Мақсот Жолжанов тарихшы. Бірақ, өмірде жалғыз тарих емес, барлық саладан хабардар-ды. Алғашында ол суретшілікке ден қойып, өзі ұнататын ақынжазушылардың портретін сызып, кейін бейнелеу өнеріне көңілі ауды. Ғалым, зерттеуші, əдебиетші, шахматшы сынды қырларымен қоса сақина, сырға соғу сияқты ісмерлігін де атап өту қажет. Академик ағамыздың «сегіз қырлы, бір сырлы» болғанын ел-жұрты аңыз секілді əлі еске алады, — дейді жазушы аға.
Иə, Мақсот Жолжанов ғұмырында ақиқаттың ақ жолынан айнымаған шыншылдығымен, қайсарлығымен, зеректігімен артына өшпестей із қалдырды. Дала академигінің інісі Ерқанат Жолжанов, ұлы Марат Мақсотұлы, педагогика ғылымдарының магистрі Лиза Шахшаева жəне №12 Ф.Досымова атындағы орта мектептің география пəнінің мұғалімі Асылбек Ситалиев тағылымды шара ұйымдастырған кітапхана ұжымына ризашылықтарын білдірді. Ал, өлкетанушы-ғалымдар Мақсот Жолжановтың атын Құрманғазы ауданындағы мұражайға, 2023 жылы аталып өтілетін Құрманғазы Сағырбайұлының 200 жылдығының ауқымында Атырау қаласынан бір көшені беру туралы бастама көтерді. Сондай-ақ құрманғазытанушы ғалымға «Атырау облысының Құрметті азаматы атағы берілсе екен» деген ұсыныстарын да айтты.
Шараға қатысқан студенттер мен оқушылар өлке тарихына байланысты көп мағлұматқа қанықты. Олар дала академигінің ХХ ғасырдың 60-шы жылдарының екінші жартысынан бастап туған өлкенің тарихын, ондағы жер-су, ауыл-аймақ аттарының қойылу сырларын зерттеп, саралап, үш мыңға жуық атаудың мəн-мағынасын тиянақтағанын білді. Алты бөлімнен тұратын («Туған өлке тарихының ғылыми зерттелуі», «Тарихи жəне əдеби атаулар мəні», «Топонимика əлемінің құпия сырлары», «Ұлы күйші Құрманғазы Сағырбайұлы», «Өлке ардақтылары –мақтанышымыз», «Выписки продолжаются») кітаптарының басты құндылығы автор қай тақырыпқа қалам тартса да, ғылыми тұрғыдан нақты дəлелденген жайттарды ғана қаламына арқау еткен. Міне, «Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді» дегендей, еске алу кеші ұлағатымен есте қалары сөзсіз.
Майра ОРАЗҒАЛИЕВА