
BK Fashion Show: атыраулық оқушылар мектеп формасының жаңа үлгісін көрсетті
Атырау қаласында мектеп формасына арналған BK Fashion Show сән көрсетілімі ұйымдастырылды. Іс-шараға 60-қа жуық бастауыш сынып оқушысы қатысып, көпшілікке заманауи әрі ыңғайлы мектеп формаларының түрлі үлгісін таныстырды, – деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Сән мерекесі ата-аналар мен кішкентай модельдердің бірлескен еңбегінің нәтижесі ретінде есте қалды. Көрсетілім барысында балалар тек киім үлгілерін паш етіп қоймай, сахнада өз-өзіне деген сенімділіктерін, жүріс-тұрыстарын, шығармашылық қабілеттерін көрсете алды. Бұл жоба өңірде осымен жетінші рет өткізіліп тұр.

– BK Fashion Show – қазақ балаларына жаңа ортаға бейімделіп, көпшілік алдына сеніммен шығуға жол ашатын жоба. Бұл маусымда 5 ерекше бала қатысты. Сондай-ақ көпбалалы отбасынан шыққан балаларға қолдау ретінде жартылай тегін қатысу мүмкіндігі берілді. Әр көрсетілім – болашақ жұлдыздардың жарқырауына себеп, – деді жоба авторы әрі ұйымдастырушысы Райхан Қарабекова.

Көрсетілім соңында қатысушылар дипломдармен және естелік сыйлықтармен марапатталды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл шара дәстүрлі түрде жалғасын табады.