Жарнама
Мәдениет

Бір жасыңызбен!

14 наурыз, Көрісу күні – қазақ халқы үшін ерекше мейрам! Көрісу – ата-бабамыздың ұрпақтан-ұрпаққа мұра қылып қалдырған дәстүрлерінің бірі. Бір кездері бұл мереке еліміздің батыс өңірінде ғана атап өтілетін еді. Енді міне, жалпыхалықтық сипат алып, Амал мерекесі ретінде күллі қазақ жерінде тойланады. Бұл – салт-дәстүріміздің жаңғыруының көрінісі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында Наурыз мейрамын тойлау тұжырымдамасын әзірлеуді, көктем мерекесінің мазмұнын байытуды тапсырды.

Амал – тек табиғаттың жаңаруы ғана емес, адамдардың бір-біріне деген құрметі мен мейірімін білдіретін күн. Жақын-жуық, үлкен-кіші құшақ жайып, көрісіп, амандық-саулық сұрасады, өткен жылдан жаңа жылға есен-сау жеткендігіне шүкір етіп, қытымыр қыстың кері шегініп, жер аяғы кеңіп, жер-дүниенің гүлденіп, ел бұл күні қол алыса жамырай көрісіп, құшақ айқастыра жадырай қауышады.  Амал – елдік, халықтық мейрам. Себебі, бұл күні бірлік күшейеді, береке молаяды. Бұл – татулық пен сыйластықтың символы!

Амал мерекесі күні «Сармат» мамандандырылған мектеп-лицей-интернаты оқушылары Жаңаталап ауылындағы Есенғалиевтер әулетінің үлкендеріне көрісіп, құрмет көрсетті. Қазақ халқы ежелден жасы үлкен жанды сыйлап, өнелі өмір жолын жас ұрпаққа үлгі етіп айтып отыратын болған. Әлібек атамыз бен Күләш анамыз оқушыларға өздерінің өмір жолдарын баяндап, қызметтегі жетістіктерімен бөлісті. Сол секілді әулет үлкені Әлібек Сембайұлы ардагер-мұнайшы, мамандығы инженер-энергетик. «ЕмбіМұнайГаз» АҚ қарасты «ЕмбіЭнерго» АҚ-да ұзақ жылдар бойы өз ісінің шебері болып еңбек етті. Бірнеше Құрмет грамотасымен, «Ардагер мұнайшы» төсбелгісімен марапатталған.

Әулет анасы Күләш Сисенғалиева осы ауылдағы Жамбыл орта мектебінде физика пәнінің мұғалімі, директордың орынбасары қызметін атқарған, қазір зейнеткер ұстаз. Атырау облысы білім беру басқармасының, қалалық білім бөлімінің Құрмет грамоталарымен, ҚР «Білім беру ісінің Құрметті қызметкері» төсбелгісімен марапатталған, ардагер ұстаз.

 Әлібек атамыз бен Күләш анамыздың аталары Есенғалиев Сембай «Құрмет» орденінің иегері, еліміздің дамуына үлес қосқан құрметті азаматтардың бірі. 1978 жылы колхоз қаражатына Жамбыл орта мектебін салғызған, Қазақстан Республикасы «Білім беру ісінің Құрметті қызметкері» төсбелгісімен марапатталған. Қазір Жаңаталап ауылында Сембай атаның есіміне көше берілген, «Сармат» мамандандырылған мектеп-лицей-интернаты ғимараты осы көшеде орналасқан.

Кездесу барысында Әлібек атамыз оқушыларға «Көрісу күні  –  араздасқан достасып, салқын сезімнен қоштасатын қауышу күні екендігін, оның мән-мағынасын, маңыздылығын оқушыларға түсіндіре білді және ақ батасын берді. Қазақтың «Жүз көріспей, жүз оңалмайды» деген нақылы осы күнге арналғандай. Жұрт көктемге аяқ басып, туыс-туған, көрші-көлеңмен жүздескеніне қуанып, қол алысып, төс қағысады. Бір-біріне деген араздық, өкпе-ренішті ұмытып, амандық тілесіп, қыстан аман-есен шыққанын айдың соңына дейін тойлайды.

Жұмагүл ОРЫНБАСАРОВА,

«Сармат» мамандандырылған мектеп-лицей-интернаты

 директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары         

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button