ҒАЖАЙЫП КҮШ ИЕСІ
Туабітті қабілет оны бала кезден мазалаған. «Мектепте оқып жүргенде шыны ыдысты, кәдімгі лизвияны тіспен шайнайтын едім. Бұл – тамақ ішуге қалай құмартасың, сондай қажеттілік. Кейін ата-анам біліп, зәрелері ұшты. Бірақ, ешкімге бағынбайтын ерекше қасиетімді ұғына бастағаннан кейін, өзімді кәдімгідей рухани түрде тәрбиеледім. Алғашында көбі сенбей, тіпті ақыл-есі кем адамға теңеп жүрген еді. Қолымды, тісімді тексеретін. Кейін достарым қолдады». Үлкен шегелерді алақанмен қағу, оны қолымен жұлып алу, сынған шыныларды жалаң аяқ басып, тістеп ұсақтау – Темірлан Есдәулет үшін түк емес. Техниканың күші жетпейтін үлкен автобус пен машинаны да орнынан оңай қозғап, жүргізе алады. Жай қолмен немесе арқан жіппен тартып емес, ұшы сүйір темірді тамағына тікесінен тіреп ауыр жүк машинасын орнынан қозғалтады.
Темірлан Есдәулет орта мектепті тәмамдаған соң, қаладағы кәсіптік лицейге оқуға түсіп, машина жүргізушісі мамандығын алған. Лицейде оқып жүріп, шопандардың арасында тәжірибеден өткен кезінде өзінің ерекше өнерін алғаш көрсеткен.
Спорттағы достарының қолқа салуымен Темірлан Есдәулет Египетте өнер көрсетіп, араб елінен де мерейі үстем болып оралды. Алайда, ол өзге өнер адамдары секілді қабілетін табыс көзі ретінде пайдаланып көрген емес. Оның бәсекелесі — Қытай елінде тұратын монахтардың арасында Шаулиннің өнерін жалғастырушы жігіттер. Қырық жыл бойына Шаулин ұстазының шеберлігімен тәрбиеленіп, ер жететін қытайлықтар күш бәсекесінде өздерінен басқасын мойындамайды екен.
Қытайлықтар ешкімнің үйретуінсіз-ақ алып күш иесі атанған Темірланның өнерін көзбояушылық депті. Бірде Темірлан Есдәулет Қытай еліне барған сапарында Шаулиннің шәкірттерімен «ерекше өнер» жайында сөйлесіпті. Әңгіме арасында біреуі қазақ жігітінің қабілетін мойындамапты. Алайда, сәлден кейін сол жерде әлгі жігіт аяғын баса алмай, жер бауырлап жатып, қатты ауырыпты. Сөйтсе, оның сау аяғы сол минутта-ақ өз-өзінен сынып қалған. Бірақ, Темірлан аға қытайлық жігіттің сынық аяғын сипап, ауруын жазып беріпті. Өз аяғына тұрып жүріп кеткеніне қуанған ол қазақ жігітінің өнеріне таңданып, құрмет көрсетіпті. Мұны Темірланның өзі айтады. «Мен өнерімнің құпиясын аша алмаймын, өйткені, өзім түсінбеймін. Үлкендерден естуімше, кәрі нағашы атам теректі тамырымен жұлған алып күш иесі болған. Алайда, аңыздағыдай, су перісі елітіп, атам суға кетіп қайтыс болған. Бұл мүмкін атадан балаға жалғасқан асыл өнер болар, кім білген, әлде емшілік болар, әлі де өзім түсінбеймін», — дейді ол.
Бүгінде спорттың биік шыңын бағындырған палуандардың көпшілігі – Темірлан Есдәулеттің шеберлігінен тәлім алғандар. Яғни, кейіпкеріміз жастарды таэквондо, каратэ сынды спорт түріне де баулып, өзінің білгенін үйретеді. Шәкірттері ұстазының ерекше өнеріне тәнті. — Бала кезден бері Темірланның жанынан айналшықтап шықпайтынбыз. Ол кісінің трюктер жасайтын ерекшелігін үйренуге тырыстық. Таң қалдық, бұл – екінің бірінің қолынан келе бермейтін өнер. Трюктер жасаудан бөлек, адамдық, рухани қасиетті санамызға сіңірді. Каратэны да үйретті. Бірақ, соңғы кезде шәкірт тәрбиелеуге арнайы орын, мекеме болмай жүр, — дейді шәкірттері Берік Қалашев пен Ілияс Қапизов. Иә, қырық тоғыз жасқа келген Темірлан Есдәулеттің ерекше өнері өзінен басқа кейінгі ұлдарында, бауырларында жоқ.
Таңданыс білдірген бізге де ол өзінің құпияға толы өнерін көрсетті. Ағаш таяқшаны кәдімгі екі тал ұзын шашқа іліп қойып, қақ ортасынан таяқшамен соғып екіге бөлді. Тіпті, ағаш екіге емес, онға, жиырмаға парша-паршасы шығып, жаңқаланып қалды. Керемет өнердің құдіретіне еріксіз бас игізді. Ендігі кезекте Темірлан Есдәулет өнерімен әлемдік Гиннестің рекордтар кітабына енуді мақсат тұтады.
Еліміздің 14 облысының өнерпаздары, дарын иелері және спортшылары бақ сынаған республикалық телебайқау «Аймақтар аламанында» қазылық еткен Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ҚР Еңбек сіңірген өнер қайраткері Әшірбек Сығай атыраулық Темірлан Есдәулеттің ерекше өнерін жоғары бағалап, былай деген: «Елімізде осындай ерекше өнерлі жігіт барын бұрын білмеппіз. Бейхабармыз. Батыс өңірі жұртының өзі Темірланның мұндай ғажайып өнері барын ескермепті. Ертең-ақ оның әлемдік рекордты жаңартатыны сөзсіз. Сондықтан, Темірланға жергілікті басшылық тарапынан қолдау көрсетілуі керек».
«Бағалай білмегенге бақ қонбайды» деген сөз бар. Бірегей болмысы, туабітті таланты бар Темірлан Есдәулетті әлемге кеңінен танытуда ел болып өнерін бағалау — азаматтық парызымыз болмақ.
Нұргүл НАСЫР.