Жарнама
Мәдениет

«Қазақ іздеп жүрмін…»

Атырау облыстық әкімдігінің қолдауымен, Атырау облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы мен халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен өткен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мұқағали Мақатаев атындағы сыйлықтың екі мәрте иегері, талантты ақын, айтыс жанашыры Жүрсін Ерманның шығармашылық кеші осылай аталды.

????????????????????????????????????

Ақынның өмірі туралы қысқаша бейнебаян көрсетіліп, кеш иесі сөз алды.

– Бүгінгі кештің аты «Қазақ іздеп жүрмін…» деп аталады. Мен шындығында да қазақ іздеп жүрген адаммын. Қазақ болғанда, көрінген қазақ емес, сонау сақтар мен ғұндардан қалған салт-дәстүрді сақтаған, рухани құндылықтарды мұра еткен қазақ.

Біз кеңес Одағында тәрбиеленіп, білім алған, сол кездің идеологиясының ықпалында өскен адамдармыз. Одан кейінгі тоқырау кезеңі де санамызға салқын тигізгенін қалай жасырамыз? Бірақ, бізден кейінгі ұрпақ ұлттық құндылықтарды ұлықтаса екен деймін. Ақын, қайраткер Светқали Нұржановтай қазақтарды іздеймін. Бүгін сіздердің араларыңызда отырған айтыс ақыны Бауыржан Халиолла деген ең қырсық, ең талантты шәкіртім бар. Өзім сияқты. Сол Бауыржан Халиолла осы кештің де ұйытқысы болды, тақырыпты да таңдап қойды.

Мен – бүкіл өмірімді айтысқа арнаған адаммын. Әуелден қуғаным сөз еді. Айтыс бізден де басқа халықтарда болды. Бірақ, олар оны сақтай алмады, жойылып кетті. Бүгін айтыс кемеліне келсе, соған азды-көпті еңбегім сіңгенін айта аламын. Менің осындай биікке көтерілуім – айтыстың арқасы. Айтыс – киелі. Айтыс үшін қанша адаммен таныстым, қанша әкіммен табыстым. Жап-жас едім, бүгін шал болдым. Ол үшін өкінбеймін, — деген ақын Жүрсін Ерман 1992 жылы айтыспен қоштасып кеткенде жазған «Айтыспен қоштасу», «Махамбет және Біз», «Қазақты қайрау» деген өлеңдерін оқып, көпшілік қошеметіне бөленді.

Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары Серік Шапкенов «Айтыстың атасы» Жүрсін Ерманды құттықтап, сөз сөйледі:

-Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, халық арасында «айтыс атасы» атанып кеткен Жүрсін Ерманның өлеңдері көпшіліктің көңілінен орын тапқан. Мәселен, Қасым Аманжоловтың үйін қирату жайлы жазған өлеңінде ақынның үйін талқандап жатқан топастықты көз алдымызға алып келеді. Халық ортасындағы «Айтыстың атасы — Жүрсін» деген сөз тегін айтылған сөз емес. Халық айтса, қалт айтпайды. Сіз қылышынан қан тамып тұрған кеңес өкіметінің кезінің өзінде айтыстың құлап қалған туын көтеріп, сөніп қалған отын қайта тұтаттыңыз, — деп ақынның иығына шапан жауып, аймақ басшысы Нұрлан      Ноғаевтың атынан алғыс хат тапсырды.

Өнер мерекесіне Мемлекеттік сыйлықтың иегері, әнші-сазгер Алтынбек Қоразбаев, «Дарын» Мемлекеттік сыйлығының иегері Светқали Нұржанов, республикалық «Ана тілі» газетінің бас редакторы Жанарбек Әшімжан, республикалық «Жас Алаш» газетінің бас редакторы Руслан Ербота, Батыс Қазақстан облысындағы Қадыр Мырза-Әлі атындағы  шығармашылық орталықтың басшысы, ақын Бауыржан Халиолла және басқа да айтыс ақындары ат арытып келіпті.

Ақын Жанарбек Әшімжан кеш иесіне шығармашылық табыс тіледі:

– Ұлытаудан шығып, ұлы өнерді жанына серік еткен Жүрсін ағамыз туралы небір классиктер де айтып кеткен. Ақын Тұманбай Молдағалиев, сыншы Серік Қирабаевтардан асырып кім айтар? Ол кісінің поэзиясы бар, прозасы бар–  он бес кітаптың авторы. Жақында ғана сиясы кеппеген, буы бұрқыраған сұхбаты шықты. Сөзі мірдің оғындай. Ханға да, қараға да қасқайып тұрып айтады, — дей келіп, Жүрсін Ерманға арнаған «Динозавр» деген өлеңін оқып, жұртшылық қошеметіне бөленді.

Кеште Жүрсін Ерманның сөзіне жазылған «Сыңарымсың», «Ұлым менің» әндері орындалды.

Ақын Светқали Нұржанов та осынау өнер мейрамы жайлы айтты:

— Мен — алаштың азаматтарына қатты талап қоятын адаммын. Біріншіден, ол адам алаш баласын алтыға айырмайтын, үшке бөлмейтін, қырық руға бөлшектемейтін болуы тиіс. Айтыс – қазаққа ортақ қазына. Жүрсін Ерман осы айтысты биікке көтеріп, «Айтыстың атасы» атанды. Соған қарағанда ол осы талапқа жауап беретін тәрізді.

Хақназардан кейін қазақ жерін кеңейткен Әбілқайыр баһадүр хан деп қаз дауысты Қазыбек би айтқан екен. Сол Әбілқайырдың жанында жүрген Есет бабамыздың күйеу баласы Тілеуке – Жүрсін Ерманның бабасы. Атасы Ерман үш жүздің басын құраған торқалы той мен ат шаптырған аста күреске түсіп, «түйе палуан» атанған. Өзі де айтыс атын аспандатып, қазақтың дұшпанына қасқайып қарсы тұрып, қазақтың құштарына құшақ жайған Жүрсін Ерман сонау 80-жылдары айтыс туын қолға алды.

Анау 1986 жылғы желтоқсан оқиғасында бодандыққа қарсы алаңға шыққан жастардың артында қазақтың ақын-жазушылары тұрған болатын. Содан кейін іле-шала бостандық таңы атты. Тәуелсіздік алған күннің ертесіне Әбіш Кекілбаев ағамыз сөйледі. Сондағы сөзі менің жанымды мұздатып, жүрегімді сыздатқан. «Бостандық ұлтты бодандықтан да қатты сынайды» деп еді сонда ол кісі. Жан-жақтан Қазақ елінің дұшпандары анталап отыр. Міне, соның бірі – діннің атын жамылған қауіпті күш. Сонау жылдары өнер адамдарын, жас ақындарды, спортшыларды өз араларына қосқысы келіп, тіптен қосып та алған кездері болды. Ислам дінінің атын жамылған теріс ағымдардан қаншама жап-жас балаларды суырып алды Жүрсін Ерман. Сол үшін де қадірлеймін,- деді ол толқып, тебірене тұрып.

Кеш соңы ұстаздарының кешіне келген жас айтыс ақындардың айтысына ұласты.

Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА

 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button