«Парасатты отбасы» байқауы қорытындыланды

whatsapp image 2021 09 29 at 11.52.57 Мәдениет

Отбасының мерейі – елдің мерейі. Ата-аналардың бала тәрбиелеудегі жауапкершілігін арттыру және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес ұғымын өскелең ұрпаққа ұлағат етіп қалдыру мақсатында Қазақстан Республикасы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департаменті және облыстық ішкі саясат басқармасының қолдауымен «Атырау – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің ұйымдастыруымен өткен «Парасатты отбасы» облыстық байқауының жеңімпаздары анықталды. 

         Биыл үшінші мәрте өткізілген дәстүрлі байқау екі кезеңнен тұрды. Байқауға қатысушылар «Менің отбасымның бір күндік тірлігі» тақырыбында әлеуметтік желіге бейнеролик әзірлеп, ең көп пікір жинаған жеті отбасы екінші кезеңге жолдама алған болатын.

Қазақстан Республикасы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс қымыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Айдос Мамыт қатысушыларға сәттілік тіледі.

  • Жыл сайын әр ауданнан байқауға  қатысуға  ниет  білдірушілердің қатары артып келеді. Байқау болғаннан кейін жеңімпаз болатыны белгілі. Сондықтан осы жарыста ең үздік отбасы жеңіске жетсін деп тілеймін! – деді Айдос Жанұзақұлы.

«Парасатты отбасы» байқауының екінші кезеңі екі бөлімнен тұрды. Бірінші бөлім «Қазақтың мақал-мәтелдер әлемі» деп аталды. Бұл кезеңде қатысушы отбасылар адалдық, адамгершілік, парасаттылық туралы мақал-мәтелдің жасырылған сөзін жалғастырып сөзді толықтыруы қажет болды. 

Бұл кезеңнің екінші бөлімінде қазылар алқасы сыбайлас жемқорлық әрекеті, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес шаралары жөнінде қатысушыларға сұрақтарын қойып жауаптарын тыңдады.

Байқауға қатысушылар өздерінің білімі мен біліктілігін көрсетіп, жеңіске деген ынта-жігерлерін танытып жатты. 

Көрермендердің көзайымына айналған байқаудың қорытындысында «Парасатты отбасы» аталымына ие болып, жеңімпаз атанған Мұсағалиевтар отбасы болды. Иганбердиевтер отбасы «Белсенді отбасы» атанып, екінші орынды иеленді. Жүлделі үшінші орынға «Өнегелі отбасы» атанған Құрмашевтар отбасы ие болды. 

Байқау барысында белсенділік танытып, көптеген отбасыларға үлгі бола білген Бапиевтер, Нұрбергеновтер, Қабдировтар, Ермекқалиевтер отбасына алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табыс етілді. 

Қазақстан Республикасы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департаментінің басшысы Қанат Сүлейменов жүлдегерлерге құттықтау лебізін арнап, естелік суретке түсті. 

 Байқау жеңімпазы, Индер ауданынан келген Мұсағалиевтер отбасының тірегі Бақытжан Мұсағалиев сөз алып, ақжарма тілегімен түйіндеді: 

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің көрінісі отбасыдан басталады. Себебі сол нәрсеге барған адам бір отбасының мүшесі немесе сол жанұяның жетекшісі. Біздің облыста сыбайлас жемқорлық фактілері былтырғыға қарағанда 20 пайызға төмендеген. Бұл осындай кішкене шаралардан бастау алатындығы белгілі. Ұжымдағы білігі мен білімі сай мамандардың, зерделі зиялылардың еңбектерінің жемісі деп білеміз. Соның бір көрінісі мынау шара болып отыр. Байқауға қатысқан барша қатысушыларды құттықтаймын! Біз бәйге алуға келген сәйгүлік емеспіз ғой. Өсіп келе жатқан ұрпаққа сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу керектігін, парасаттылықтың не екендігін, жанұяның қадірін, бүгінгі отбасы ертеңгі отанымыздың тірегі, жүрегі екендігін сезінсін деген мақсатта қатысып отырмыз. Осындай ізгілікті шараны ұйымдастырып жатқан сіздердің шашпауларыңызды көтерейік деп біз де қатысып отырмыз. Баршаңызға сәттілік тілеймін» деді. 

Алмас БАУЫРЖАНТЕГІ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз